Пандемия 2022 жылы аяқтала ма?

3965

"Биыл қандай ең үлкен үміт ақталмады?" деген сұраққа жауап іздеген жан пандемия тақырыбына тіреле берері сөзсіз. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан "қаралы тізімде" Орталық Азияның "көшбасшысы" атанып, Азияда ТОП-15-ке кірді, деп жазады inbusiness.kz.    

Пандемия 2022 жылы аяқтала ма?

Аяқталып қалған жылдың ақталмаған ең ірі үміті

Бүкіл адамзат, соның ішінде қазақстандықтар өткен жылы "жаһандық пандемия 2021 жылы бітеді, әлем коронавирус індетін жеңеді" деп бар ынта-шынтасымен сенді. Халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет билеушілер, ақпарат құралдары және басқасы алғашқы ковид-вакцина ресми тіркеліп, жаһан жұртшылығы жаппай егіле бастағаннан кейін COVID-19 тарихқа айналатынын жариялап жатты. Ал коронавирус жоғалмайтынын, бір пайда болған вирус планетада қалатынын және әрі қарай тоқтаусыз мутацияланатынын айтқан жекелеген эпидемиолог-мамандардың жасқаншақ тұжырымдары тасада, елеусіз қалды.

Эпидемиология ғылымына еш қатысы жоқ, бұл істе мүлдем біліксіз, қараңғы ДДСҰ шенеуніктерінің "коронавирус адамзат арасында сақталғанымен, тұмаудай ғана қауқары болады" деген популистік мәлімдемелері әлгі мамандардың сақтандырған сөзінің қадірін кетірді. "Е-е, тұмау сияқты болса, әрі қарай үрейленуге негіз жоқ екен, қалса қала берсін" деп жеңімпаздай масаттанды былайғы жұрт.

Ия, сонымен түгесілген 2020 жылдан жаңа 2021 жылға көшкен бұл үміттердің ешқайсысы ақталмағандай.

Жаһан жұртшылығына "жаңажылдық сыйлық" тарту еткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылғы 1 қаңтарда коронавирустың аса қатерлі SARS-CoV-2 түріне қарсы әлемдегі тұңғыш вакцинаны төрткүл дүниеде тегіс қолдануға ресми мақұлдады. Бұл мәртебеге ДДСҰ-ны қаржыландыратын үш державаның компаниялары бірлесіп әзірлеген. Атап айтқанда, америкалық Pfizer, қытайлық Fosun Pharma-мен тізе қоса отырып, германиялық BioNTech биотехнологиялық компаниясы жасап шығарған вакцина ие болды. Бастапқыда ол "Pfizer‑BioNTech COVID‑19 Vaccine" атауымен танылды. Алайда қазіргі кезде Comirnaty (Комирнати) тауарлық белгісімен таралуда. Халықаралық патенттелмеген аталымы – тозинамеран.

Бір қызығы, не рунетте, не қазнетте "Комирнати" терминінің этимологиясы, мұның нені білдіретіні туралы ақпарат жоқ болып шықты. Оны ағылшын тілді интернеттен білуге болады. Бұған АҚШ-та атақты атауларды ойлап табуға маманданған Brand Institute күш салған. Ол жаңа вакцинаға атау ойлап табуға 2020 жылғы сәуірде кірісіп кетіпті. Кейін оған Pfizer жүгінді. Brand Institute президенті Скотт Пьергроссидің айтуынша, препарат атауы әлемге танымал, сондай-ақ адамзатқа ортақ құндылықтарды мейлінше кең қамтуға тиіс болған. Нәтижесінде, ковид, қауымдастық (community), иммунитет және мРНК (вакцина жасауда пайдаланылады) секілді терминдер қоспасынан тұратын "Комирнати" бренді таңдалды. Әйтпесе, Covuity, RnaxCovi, Kovimerna, RNXtract атаулар қарастырылыпты.

Бір жайт назар аудартады, АҚШ-та 284,1 миллионнан астам адам дәл осы Pfizer/BioNTech вакцинасымен егілген. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 18 желтоқсандағы жағдай бойынша Америка Құрама Штаттарында жалпы саны 51,6 миллионнан астам адам коронавируспен ауырды. 826 915 адам қаза тапты. Әлемдегі №1 вакцина АҚШ-та індеттің таралуын тоқтатқан болар? Биылғы 18 желтоқсанда АҚШ-та бір тәулік ішінде КВИ жұқтырған 163 707 адам анықталды. Бұл жөнінен Америка – алғашқы орында әрі "рекордсмен".

Тағы бір мәлімет, әлемдегі тұңғыш вакцинаны ұлттық деңгейде бірінші болып, көрші Ресей бекітті. "Спутник V" вакцинасын РФ Денсаулық сақтау министрлігі сынақтың үшінші кезеңін күтпей-ақ, І және ІІ фазадағы клиникалық зерттеулер қорытындысына сүйеніп, 2020 жылғы 11 тамызда тіркеді. Ресейлік "мемпропаганда" мұны Ресейдің, тіпті бүкіл "орыс әлемінің" салтанаты ретінде насихаттады. "№1-мін" деді. Мәскеу әлемдік державалардың аузын айға қаратып кетті. Арты не болды?

Ресейде 2021 жылғы 18 қазанда алғаш рет тәулік ішінде COVID-19 індетінен жантәсілім еткен адамдардың саны бір мыңнан асты. Содан бері, үшінші ай қатарынан солтүстік көршіде "қаралы" көрсеткіш сақталуда. 19 желтоқсандағы жағдай бойынша, Ресейде бір тәулік ішінде 1 076 адам осы індеттен өлген. РФ-да жалпы саны 10 млн 186,8 мыңнан астам тұрғын коронавирус жұқтырған. Оның 296 180-і қайтыс болды. Ресейлік ақпарат құралдары мемлекеттік "моргтер" жетпегендіктен, жеке крематорийлер қаптап ашылып жатқанын айтады. Ресейдің миллионнан аса тұрғыны бар барлық 15 мегаполисінде бейіттерді кеңейтіп, жаңа крематорийлер салуға тура келуде деседі.

"Жай тұмау" емес, жойқын "гипермутант"

Коронавирус "жай тұмау" күйінде сақталады деген үміт те ақталмай тұр. 2019 жылдан бері SARS-CoV-2 көптеген мутациядан өтті.

ДДСҰ-ның жетекшілігімен, ғалымдар КВИ-дің жаңа мутацияларына грек алфавитіндегі әріп атауларын таңып келеді. Нәтижесінде, коронавирустің бұған дейін "альфа-штамм SARS-CoV-2", "бета-штамм", "гамма-штамм", "дельта", "эпсилон", "зета", "эта", "тета", "йота", "каппа", "лямбда" деген штамдары пайда болды. Сарапшылар енді грек алфавитінде 24 әріп қана барлығына "алаңдаулы". Оның үстіне таяуда, 2021 жылғы 26 қарашада Оңтүстік Африка мен Ботсванадан табылған жаңа штамға әліпбидегі әріптер ретін сақтамай, ДДСҰ бірден 15-ші әріптің атауын беріп, "омикрон" атады. Оны сарапшылар "гипермутант" деп бағалауда.

"Вакцинамен халықтың 60%-дан астамы егілсе, пандемия жойылады" деген үміт те әзірге ақталмай тұр. Тұрғындарының 70 пайыздан астамы немесе барлығы вакцинацияланған Израиль, Аустрия, Нидерланды және басқа да елдердің өзі қайтадан локдаунға жабыла бастады.

Былтыр қазақстандықтар да 2021 жылға үлкен үміт артты. Мысалы, 2020 жылғы 10 мамырда Қазақстан сол кездегі бағалау бойынша үрейлі межеге жетті. Республикада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 5 мың (5036) адамнан асты. Мемлекеттік комиссияның Жедел штабының бұл хабары ел арасында үрей туғызғаны мәлім. COVID-19 індетінен мерт болғандар саны 31 адамға жетті.

Халықты жұбатуға талап қылған сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Қазақстанда уақытында енгізілген шектеулер коронавирус жұқтырғандар санының тым көп болуынан құтқарғанын" мәлімдеді. Себебі ДСМ дерегінше, "Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуы құлдырауға бет алды". Оның байламынша, эпидемия қаупі қалыпты өмірге кедергі келтірмейді. Бұл сөздің жалған болып шыққанын өмір дәлелдеді, елдегі жағдайдың ары қарай өрбуі ел Үкіметінің ең қорқынышты, пессимистік сценарийлерінен де асып түсті.

Ақыры не болды? 2021 жыл аяқталар тұста, 17 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавируспен ауырғандардың жалпы саны 1 миллионға жуықтады (982 475 адам жұқтырған). Соның ішінде 12 917 адам қайтыс болған. Сонымен қатар шенеуніктер КВИ- деген атау берген, яғни ПТР-тест арқылы анықталмайтын коронавирустік пневмонияға 2020 жылғы 1 тамыздан қазірге дейін 83 619 адам шалдығып, 5 195 сырқат көз жұмды. 

John Hopkins университетінің worldometers есептегішінің дерегі бойынша, Қазақстан Азияда КВИ жұқтыру көрсеткіші бойынша 15-орында тұр. Коронавирустан өлген адамдар санының көптігі жөнінен де Азияда 15 елдің қатарында. Өкінішке қарай, Орталық Азия өңірінде қазақ елі "көшбасшы" атанды. Өзбекстанда КВИ-ге 196 900 адам душар болып, 1 456 адам қаза тапты. Қырғызстанда 184 163 адам жұқтырып, 2 781 адам дүние салды. Тәжікстанда бұл көрсеткіш 17 095 мың адамды құрады. 124 адам опат болды. Ең жабық мемлекеттің бірі саналатын Түрікменстан өзінде коронавирус жоқтығын мәлімдеп отыр.

ТМД бойынша да Қазақстан "көшбасшылар" қатарында. Алдымызда тек Ресей мен Украина. Бірақ олардың халқы біздегіден бірнеше есе көп екенін де ескерген жөн.

"Түнек тоннелінің" соңында жарық көрінбей ме?

Қазақ адамды үміт аздырмайды деп есептейді. "Бітпеген малдан үміт, Шықпаған жаннан үміт" дейді халық даналығы. Ендеше Қазақстан халқы 2022 жылға да үлкен үмітін артып отыр.

Елімізде 1 тәулік ішінде КВИ жұқтырғандар саны 494 адамға дейін азайды. Бұл да үміт отын маздата түседі.

Таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022 жылы пандемия аяқталады деген болжамын жария етті.

Әрине, омикрон штамы бұл жорамалға еш негіз бермейді. Мысалы, азаматтарының 75,13%-ы вакцинацияланған, яғни ұжымдық иммунитет қалыптасуға тиісті Ұлыбританияда кеше 1 тәулік ішінде 90 418 адам COVID-19 жұқтырды. Бұл былтыр пандемия басталғалы бергі осы елдегі ең үлкен көрсеткішке, жаңа рекордқа айналды. Англияның бас санитарлық дәрігері Крис Уитти корольдікті жаңа антирекордтар күтіп тұрғанын, елде омикрон өршігенін мәлімдеді.  

Бірқатар елдегі осындай күрделі ахуалға қарамастан, ДДСҰ 2022 жылға оптимизмммен қарайды, пандемияның аяқталатынын болжады.

"2022 жылы біз COVID-19 пандемиясын жоя аламыз. Бүгінде бізде індетті еңсеру үшін қажеттінің бәрі бар. Біз аурудың ушығуын, ауруханаға түсушілер санын, хәлі ауыр, интенсивті терапияны қажет ететін, өлетін сырқаттар қатарын азайта аламыз. COVID-19 өлім-жітімін жойып, шалдығушылықты төмендете аламыз", – деді ДДСҰ-ның COVID-19 бойынша техникалық басшысы Мария Ван Керкхове.

Қазақстан Үкіметі пандемия келесі жылы да жалғасады деп жорамалдап, тиісті шараларын жоспарлап қойды.

Дегенмен адамзаттың Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауыр нәубетті – коронавирус пандемиясын жеңетініне деген үміт сақталуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу