Кәсіпкерлерге қысым артты...

4720

Мамандар пандемияның кесірінен елдегі ШОБ-тың 30%-ы жабылуы мүмкін деп есептейді.  

Кәсіпкерлерге қысым артты...

Әлемде  кәсіпкерлік  экономиканың қозғаушы күші. Біздің елде соңғы бес жылдағы кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 24%-дан, 32%-ға артты. Ал бұл сала еңбек ететіндер саны 2,8 млннан 3,4 млнға жетті. Елімізде жұмыспен қамтылғандардың 40%-шағын және орта бизнес субъектісінде қызмет етеді. Бұл жағымды статистиканың шырқын пандемия мен бизнеске жасалатын қысым бұзатындай...

Мұның барлығын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының шілде айында жүргізген сауалнамасы айғақтайды. Оған пандемия кезінде зардап шеккен салаларда еңбек етіп жүрген 41 мың кәсіпкер қатысқан. Нәтижесінде әр төртінші кәсіпкер пандемия салдарынан мүлде табысынан айырылғанын, ал 12%-ы жұмысшыларды қысқартып, қайта ашылмауы мүмкін деген тоқтамға келген. Сондықтан Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов бизнесті аяғынан шалмай, қолдау керек деп есептейді.

"Төтенше жағдай мен карантин салдарынан кірісі төмендеген кәсіпкерлер, енді жұмыс орындарын сақтап қалу үшін барын салуда. Олар мемлекет тарапынан жасалып отырған несие бойынша төлемдерді шегеру мен салықтық жеңілдіктерге тәуелді. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүлкін жалға алушыларды жалдау ақысынан босату уақытын жыл соңына дейін ұзарту керек деп есептеймін.  Себебі кей бағалау бойынша, дағдарыс салдарынан бизнестің 30%-ға жуығы нарықтан кетуі мүмкін", – дейді Рүстем Жүрсінов.

Биылғы жылы Мемлекет басшынының жолдауында да бизнес туралы көп айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп иелеріне қысым жасағандарды қылмыскерлерге теңеп,  бірден прокуратура органдарына жүгіну керегін ескертті.

"Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн. Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді", – деді Президент.

Алайда, бүгінде бизнестің дамуына кедергі көп. Президен атап өткен мемлекеттік құрылымдардан бөлек қоғамдағы әртүрлі топтар да өз мүддесіне қарай бизнесті тулақтай тартуға дайын. Мұны әлеуметтік желіден-ақ байқауға болады.  Мәселен, жуырда ғана елімізге танымал банктің қосымшасы уақытша істен шықты. Айналасы 2 сағаттың ішінде ресми ескертпеге қарамастан қаржы институтын қаралап, жалған деректер таратып, желіні шулатқандар да табылды.  Бұдан бөлек қазіргі кезде мемлекеттік тілді желеу етіп бизнес нысандарын жабуға дейін талап етушілер көбейген.

"Өзін сыйлайтын ірі бизнес заңды міндетті түрде орындайды. Олар көрсететін кейбір қызметтер бойынша олқылықтар туындап жатса заңда, оны қадағалауда мәселе бар. Кейде әлеуметтік желіде жеке клиенттік тәжірибесін, мысалы, бір өнімді тұтынып, одан кемшілік шықса, оны компанияның барлық өнімін бұрыс деп, жабуды талап ететіндер бар. Алайда  бизнес салық төлеуші, айлық төлеуші, өнім шығарушы екенін ұмытып кететін тұсымыз көп. Иә, бизнесте өнімде кінәрат болады, заң бұзады, мұның бәрін қалыпты процесс ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені адами фактор бар. Құзырлы органдар тексеріп, заңды жазасын тағайындайды. Мемлекеттік тілді қолдануды талап етушілер көбейе бастады. Бұл бір жағынан дұрыс. Бір жағынан қолданыс аясы төмен. Қолданыс көбейсе бизнес те ерікті-еріксіз  қалаған тілде қызмет көрсетеді. Бұл ретте қысым жасау дұрыс емес. Қазір бизнес онсыз да қиын жағдайда",-дейді бізбен әңгімесінде атын атағысы келмеген сарапшы.

Бұл ретте жуырда ғана болған Sulpak дүкенінің жанындағы кесілген ағаштарға қатысты оқиға ойға оралады. Экономист Нұржан Зиябеков кез келген мәселенің салдарымен күресуге асықпау керек деп есептейді. Оның айтуынша, кесілген ағаштарды талқылаудан бұрын әкімдік Қызыл кітапқа енген жасыл-желектің тізімін жасауы керек болатын.

"Бізде мұндай сирек кездесетін ағаштар қайда отырғызылғанын, қаладағы ағаштардың тізімі бар ортақ база болуы тиіс. Ортақ жүйе болмаған соң, осылай салдарымен күресуге тура келеді. Барлығы алдын ала ойластырылуы керек. Көпшілік кесілген еменнің жойылып бара жатқан ағаш түрі екенін де білмеген. Мұндағы басты мәселе әкімдіктің салғырттығы", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар экономист көпшіліктің бизнеске қатысты мұндай көзқарасын халықтың мемлекетке сенімін жоғалтуымен байланыстырады.

"Жалпы халық ашынған. Сондықтан қазір үкіметтің қарапайым адамдардың үніне құлақ асатын кезі келді. Елімізде ұзақ мерзімді жоспар жоқ. Ал халық белгісіздіктен қорқады. Пандемиядан кейін экономиканы дамытудың жаңа стратегиясы керек. Осынлай мәселелердің барлығы елдің ызасын тудырады. Салдарынан ел қарапайым нәрселерге осылай даурығады", – дейді сарапшы.

Ал танымал экономист Мұхтар Тайжан ақпарат құралдарына берген сұхбатында бизнес банкрот болудың алдында тұр деген пікір айтқан. Сондықтан ол тығырықтан шығу үшін билік саяси және экономикалық реформалар жүргізуі керек деп есептейді.

"Соңғы  уақытта Алматыда тұрып жатырмын. Түрлі бизнес иелерімен кездесемін, арасында таныстамыммен сөйлесіп, сырттай бақылаймын. Байқағаным көптеген кәсіпкерлер банкрот болудың алдында тұр. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін билік саяси және экономикалық реформалар жүргізуі керек. Тек сонда ғана елде оң өзгерістер болады, – дейді сарапшы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу