Ұлттық банктің индекстері қалпына келе бастады

6354

Бұл отандық кәсіпорындардың жағдайының түзеле бастағанын көрсетеді.  

Ұлттық банктің индекстері қалпына келе бастады

Елдегі кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі біртіндеп қалпына келуде. Демек, пандемияға байланысты қалыптасқан күрделі жағдай реттеле бастады деген сөз. Бұған кәсіпорын қызметтерінің электронды форматқа көшірілуі әрі мемлекеттік қолдау шараларының ықпалы тиді.

Мәселен, Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексіне назар аударайық. Бұл индексті Ұлттық банк әзірлейді. Ол үшін экономиканың үш секторындағы (өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету) бизнес өкілдеріне арналған сауалдама негізге алынады. Индекстегі қалыпты мән – 50 пункт. Яғни іскерлік белсенділік индексінің 50 пункттен жоғары болуы елдегі кәсіпкерлікке жасалған жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Ал индекс 50 пункттен төмен болса, онда кәсіпкерлік секторы қиын жағдайда қалып отыр.

Ұлттық банк ұсынған іскерлік белсенділік индексіне көз жүгіртейік. 2019 жылды жақсы нәтижемен түйіндеппіз. Жаңа жылдан бастап көрсеткіш құлдырай бастаған. 2020 жылдың қаңтарында индекс мәні 50,1 пунктті құраса, наурыз айында бірден 41,5 пунктке дейін төмендеген. Сәуір айында одан әрі құлдырап, 37,2 пунктке жетті. Кейін біртіндеп көтеріле бастады. Мәселен, қазан айында индекс мәні 48,8 пунктке дейін өсті.

Ресми деректер осымен үшінші ай қатарынан іскерлік белсенділік индексінің өсім көрсеткенін дәлелдеп отыр. Демек, бизнес карантиндік шаралардан кейін біртіндеп қалпына келе бастады. Бұл ретте қазан айында қызмет көрсету және өнеркәсіп секторындағы кәсіпорындарда оң динамика байқалған. Ал құрылыс саласы 1,5 пунктке төмендеген.

Осы орайда Қазақстанның іскерлік белсенділік индексі соңғы рет 2017 жылы сәуірде құлдырағанын, осы жылдың ақпанына дейін жақсы көрсеткіш көрсеткенін атап өткен жөн.

Ел экономикасындағы жағдайды бағдарлап отыратын индекстің бірі – бизнес-климат индексі. Мұны да Ұлттық банк әзірлейді. Бизнес-климат индексінде де кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалдама негізге алынады. Атап айтқанда, компаниялардың қазіргі қаржылық жағдайына, сондай-ақ алдағы үш айда олардың қаржылық жағдайы қалай өзгеруі мүмкін екендігіне назар аударылады. Индекстің орташа мәні 0-ге тең. Егер ол теріс мән көрсетсе, онда кәсіпкерлер бизнестің нашарлап бара жатқанын айтып, дабыл қақты деп есептеуге болады. Ал оң мәннің көрсетілуі – жағдайдың жақсарғаны.

Кәсіпорындардың іскерлік белсенділік индексі секілді бизнес-климат индексі де біртіндеп қалпына келуде. 2020 жылдың ақпан айына дейін оң мән көрсетіп келген индекс наурызда -24,5 пунктке дейін төмендеді. Сәуір айында -32,5 пунктті көрсетті. Содан кейін ақырындап қалпына келе бастады. Қазан айының қорытындысы бойынша индекс мәні 0-ге тең болды.

Жоғарыда іскерлік белсенділіктің артуына, индекстердің қалпына келуіне кәсіпорын қызметтерінің электронды форматқа көшірілуі себеп болғанын айттық. Мәселен, қызметтерін электронды форматқа бағдарлай алған кәсіпорындардың табыстылығы орташа есеппен 25 пайызға өскен.

Мәселен, Kaspi.kz қосымшасының қолдаушылары 10 млн-нан асып жығылған. Ал оның жыл басындағы көрсеткіші 6 млн еді. Тұрмыстық техникалар сататын "Мечта" интернет-дүкенінің тапсырыстары 6 есе өскен. Сол секілді Meloman.kz ойын-сауық тауарлары дүкенінің сатылымы 3 есе артқан. Осы жағдайларды ескерсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауда-саттық көлемінің өсімі шамамен 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл дегеніміз – 1,4 млрд АҚШ доллары. Өткен жылы онлайн-сауда көрсеткіші 1 млрд АҚШ долларын құраған екен.

Санжар Беркінбай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу