100 миллион теңгенің кітабы жыртылатын болады

8261

Кітап дүкендерінің аман қалу жолдары анықталды.  

100 миллион теңгенің кітабы жыртылатын болады

Голливуд "Кітап сатушылар" ("The Booksellers") атты фильм түсіріп, Нью-Йорк букинистерінің және кітап сатушылардың дағдарыс тұйығынан шығуға қалай тырысып жатқанын айдай әлемге паш етті. 1950 жылдары Нью-Йоркте 500-ден астам кітап және букинистік дүкен болыпты. Бүгінде соның 80-ге жуығы ғана қалған. Дағдарыс салаға дүниежүзілік соғыстан да ауыр тиіп, аяусыз қаусатып жатыр.  

Қазақстандық осы саланың жағдайы да қиын көрінеді. Еліміздегі жетекші кітап дүкені желісінің басшысы Юлия Зеленцова өз компаниясының кітаптардың үлкен көлемін жойғалы отырғанын хабарлады.

"Біздің компания кітап өнімдерін сатумен айналысады. Қазіргі кезде қоймамызда өтпеген тауар үлкен көлемде жинақталып қалды. Ол кітаптардың жалпы құны шамамен 100 миллион теңгеге жетеді. Біз оларды енді сата алмаймыз. Біразы өзектілігін жойды, мазмұны ескірді, сұраныстан шықты. Ешкімді қызықтырмайды. Қоймада сақталған кезде оның үлкен бөлігі бүлініп, тауарлық сипатынан айырылып қалды. Бүгінде компанияның экономикалық жағдайы нашарлады. Табыс азайып кетті. Сондықтан осы өнімнің бәрін макулатура өндірумен айналысатын компанияларға табыстамақ ойымыз бар", – дейді Юлия Зеленцова.

Дегенмен компаниялар кітаптарды жыртуға жібергеннен екі рет шығынға отыратын көрінеді.

"Біздің компания қосылған құн салығын төлеушілер есебінде тұр. Сол тәртіппен қызметін жүргізеді. Қазіргі күйзеліске байланысты бізге Үкмет жеңілдетілген режимге көшіп, ҚҚС төлеушілер есебінен шығуға мүмкіндік берсе дейміз. Бірақ мұны қалай жүзеге асыруға болатынын білмейміз", – дейді ол.   

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, расында, егер ол кітаптар макулатураға тапсырылса, онда кітап сатушы компанияға салық төлеуге тура келеді.

"Біріншіден, жылдық жиынтық кіріске салық төлеуші кірістерінің барлық түрлері қосылады. Ал компания өнімдерін макулатураға тапсырған кезде сатудан түскен кіріс туындайды. Демек, корпоративтік табыс салығы төленуі тиіс. Екіншіден, ҚҚС төлеуші болып табылатын компанияда макулатураны сату кезінде тауарларды өткізу бойынша айналым пайда болады", – деді комитет төрағасы.

Одан қосылған құн салығы төленуі керек.

Марат Сұлтанғазиевтің түсіндіруінше, егер қойылатын шартқа сәйкес келсе, кітап сатушылар жалпы тәртіптен жеңілдетілген декларация негізінде салық салу тәртібіне көше алады. Ол үшін уәкілетті орган бекіткен форманы толтырып, хабарлама жіберуі керек. Сонда хабарлама жіберілгеннен кейінгі келесі айдың 1-інен бастап, ол жеңілдетілген декларацияға көшті деп есептеледі.

"Салық салу режимін қолдану туралы хабарламаны салық төлеуші тұрғылықты жері бойынша мемкірістер органына қағаз күйінде немесе электронды форматта ұсына алады. Мұндай қызмет "электронды Үкімет" порталы арқылы көрсетіледі", – деді МКК басшысы М.Сұлтанғазиев.

Үкімет кітап дүкендеріне пандемия жағдайында есігін ашып, жұмысын жалғастыруға рұқсат етті. Салықтың кейбір түрлерінен және тексерістерден босатқан.

Бұл дүкендерге тек пандемия ғана емес, интернет те соққы беруде.

"Бұрын оқырмандар, коллекционерлер кеңес кезінде шығарылған көркем әдебиетті іздеп, тұрақты түрде келетін. Қазіргі уақытта олардың қатары сиреді, ұрпақ ауысуда. Сондай-ақ елдің тұрмысы төмендеді. 5–7 мың теңгені кітапқа емес, тамаққа жұмсағанды жөн көреді. Оның үстіне Кеңес одағы тұсында шығарылған кітаптардың бәрі дерлік электронды күйде ғаламторда орналастырылған. Негізінен Бауыржан Момышұлы туралы "Волоколамск тас жолының" қағаз түріндегі кітабына сұраныс мол. Кейінгі жылдары ол бірнеше рет қайта басылды. Көптеген отбасы өз үйінде, жеке кітап қорында осы туынды болғанын қалайды. Оқушылар, студенттер ара-тұра пән бойынша оқулықтарды сұрап келеді. Келушілер негізінен пиары жақсы жүретін ресейлік, шетелдік типография өнімдерін іздейді. Бұл жөнінен бізге Меломанмен, Флиппен бәсекелесу қиын", – дейді елордалық жеке кітап дүкенінің менеджері Әділбек Кәрібаев.

Сала маманы, ресейлік белгілі букинистік дүкен желісінің тең қожайыны Елена Бойцова ктап дүкендері соңғы стратегиялық қорын түгесіп жатқанын айтады.

"Егер кітап сатушылар қайтадан карантинге жабылса, көбі кейін қайта ашыла алмайды. Менің ойымша, қазіргі заманда кітап дүкенін ұстау – кітапты шексіз сүю деген сөз. Ол кірісі тым төмен бизнеске айналуда. Алдағы замандарда шексіз қайталануы мүмкін кезекті экономикалық, қаржылық дағдарыстар, "пандемиялар", интернеттің дамуы бұл саланы құртып тынады. Жазушылар өз өнімін электронды түрде шығарып, оқырмандар оны сол күйде оқиды. Ондай жағдайда кітап дүкендерінің де, типографияның да болашағы бұлыңғыр. Әзірге сала кәсіпорындары кезекті локдаунға әзірлену үстінде. Бірақ таңдауы сонша көп емес: Үкіметтен жаппауды өтіну, салықтық жеңілдіктер сұрау, үйлерге кітап жеткізуді жолға қою", – дейді сарапшы.

Ол кітап дүкендеріне бірнеше кеңес берді. Біріншіден, өздеріне ең құрығанда бір рет бас сұққан кітапсүйер қауымның "етегіне жабысып", әрбір өкіліне ілтипат көрсетіп, ұялы телефонының нөмірін, электронды поштасын сұрап алу, содан соң онымен байланыста болу керек. Екіншіден, әлеуметтік желілерде және WhatsApp топтарда клиенттерінің басын біріктіруге тырысу маңызды. Үшіншіден, қызықты ұсыныстармен, онлайн-шаралармен қарым-қатынасты үзбей ұстауға ұмтылған жөн. Сонымен қатар интернет-дүкен ашу керек. Енді кітап дүкендері үшін әр клиент – алтынға тең.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу