Екінші толқын – сол стратегия

7451

Швецияда күніне мыңдаған адам коронавирус жұқтырып жатса да, Еуропаның өзге елдеріндегідей карантин жарияланбай отыр.   

Екінші толқын – сол стратегия

Швеция коронавируспен күрес шараларын қолдануды әр адамның өзіне тапсырып, локдауннан тағы да бас тартып отыр. Мұны COVID-19-дың бірінші толқынына қарсы тұрудың ерекше тәсілдерінің архитекторы жұма күні мәлімдеді. Айта кетсек, бұл мемлекетте 6 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған пандемияның екінші толқыны күшейіп келеді.

Халқының саны 10 млн-ға жеткен скандинавиялық ел көктемде вирусқа қарсы тым жұмсақ күрес жүргізіп, бүкіл әлем назарына ілікті. Сол үшін Швеция қатаң сынға да ұшырады. Кейінгі апталарда мұнда жұқтырғандармен бірге ауруханаға түскендер де, қайтыс болғандар да күрт көбейіп отыр.

Жұма күні 5990 адамнан коронавирус табылды. Бұл – пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 42 науқас қайтыс болған. Соңғы үш айда бір тәулікте коронавирустан мұнша көп адам жан тәсілім етпепті.

Осының бәріне қарамастан корольдікте бұрынғы стратегия өзгермек емес.

"Жоқ, біз сол жолдан таймаймыз. Швецияда жұмысты осылай істейміз. Оған деген түсінік бар және бұрынғы ережелерді сақтауға дайынбыз", – дейді бас эпидемиолог Андерс Тегнелл "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Еуропаның кейбір елдеріндегідей емес, Швецияда мектептер де, ресторандар да, басқа кәсіпорындар да пандемия басталғалы ашық тұр. Бірақ жергілікті билік халыққа өз еркіңмен әлеуметтік алшақтықты ұстан, гигиенаны сақта, мүмкін болса, жұмысты онлайн істе, қоғамдық көлікке жолама, адам көп жүретін ғиматтарға кірмеуге тырыс деп кеңес беріп келеді.

Бұл әдіс бір жағынан қатаң сынға ұшыраса, екіншіден, оны мақтағандар да жеткілікті. Тегнелл өткізген баспасөз маслихаттары теледидардың алдына үлкен аудитория жинайды. Және де кейбір тұрғындар "Тернеллге біз сенеміз" деген сөзді киімдеріне ғана емес, бетіне де жазатын болған.

Дегенмен бас эпидемиологпен жұрттың бәрі келісіп отырған жоқ. Кейбіреулер оны парасатсыз саясат жүргізді деп айыптап, тіпті,  өлтіретіндерін ескерткен.

САБАҚ БОЛДЫ

Швецияда "ковидтан" қайтыс болғандар саны Испания, Ұлыбритания тәрізді елдермен салыстырғанда жан басына шаққанда әлдеқайда төмен болғанымен, көрші Норвегияың көрсеткішінен 10 есеге, Данияға қарағанда 5 есеге жоғары.

Жұма күні Aftonbladet күнделікті газетінде шведтің 27 ғалымы мен дәрігерінің ашық хаты жарияланды. Онда елдің көктемдегідей жағдайға таяуда жақындайтыны және партиялық лидерлер Денсаулық сақтау агенттігін айналып өтіп, қатаң карантин енгізуі қажеттігі айтылған.

Тегнелл болса, өз атына айтылған сындарды қабылдаудан бас тартып, Еуропа елдерінде көктемдегіден осалдау енгізілген қазіргі локдаундар мен Швецияның вируспен күрес тәсілінің арасында айырмашылық шамалы деп атап өтті. 

"Көптеген елдер Швецияның пандемиямен күрес әдістерін қолдануға тырысып жатыр. Мысалы, қазір Еуропа мемлекеттерінің барлығына жуығы мектептерді жаппай отыр. Сонымен қатар біз өзгелерден сабақ алып, түрлі аймақтарға жағдайына қарай белгілі бір кеңес бере бастадық", – дейді Тегнелл.

Швеция – Еуропада госпитальдар мен емдеу мекемелерінен тыс жерлерде маска тағуға кеңес бермейтін және оны талап етпейтін аз ғана елдердің бірі. Тегнеллдің сөзінше, ол масканың артықшылығы туралы жақсы зерттеуді әлі кездестірмеген. Ал Еуропа Ауруларды бақылау орталығы мен өзге медициналық мекемелері Швеция жұртына да маска тағуға кеңес беріп отыр.

"Таңданатын жайт сол – зерттеу аз. Егер маска тағуды қатаң талап ететін мемлекеттерге қарасаңыз, оларда бәрі ойдағыдай деп айта алмайсыз", – дейді  ол.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу