Кавасаки синдромы: балаларды бұл індеттен қалай қорғай аламыз?

Аталған дерт тек коронавируспен ауырған балаларда ғана кездеседі. 

Кавасаки синдромы: балаларды бұл індеттен қалай қорғай аламыз?

Соңғы күндері  желіде тараған Кавасаки синдромына шалдыққан балалар туралы ақпарат елдің үрейін ұшырды. Алайда бұл ауру жаппай тараған жоқ. Пандемия басталғалы Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында синдромның үш дерегі тіркелген. Ал желіде Кавасаки коронавирустың тек балалар арасында кездесетін түрі деген жансақ пікірлер де өріп жүр. Сондықтан бұл синдром туралы нақты деректер мен маман пікірін ұсынамыз.

"Сақтансаң, сақтайды"

Кавасаки синдромы алғаш рет Италияда -10, Нью-Йоркте - 53, Лондонда 8 балада байқалған. Оның қайдан пайда болатынын шетелдік дәрігерлер де дөп басып айта алмай отыр. Мамандардың айтуынша бұдан сақтанудың жалғыз жолы коронавирустық инфекцияны жұқтырмау. Өйткені аталған синдром коронавирустан емделген балаларда екі-үш аптадан кейін анықталған. Медицинада мұны "COVID-19-бен уақытша байланыстағы мультижүйелік қабыну" деп сипаттайды. Яғни, бұл дерт коронавируспен тікелей байланысты.

Кавасаки синдромы мен Каваски ауруы

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева бұл синдромға шалдықпау үшін ең алдымен коронавирустан сақтану керегін айтады. Ол үшін сау балаларға түрлі дәрі беріп алдын-алуға тырысудың қажеті жоқ. Әдеттегі сақтық шараларын жасау жеткілікті.  Бұған қоса Кавасаки синдромынан бөлек, осыған ұқсас Каваски ауруы да бар екен.

"Екеуінің айырмашылығы - аурумен жаңа туған нәрестеден бастап 8 жасқа дейінгі балалар ауырса, синдром 20 жасқа дейінгі жасөспірім мен жастар арасында да болуы мүмкін", – дейді дәрігер.

Кавасаки ауруымен Қазақстанда жылына шамамен бес бала ауырады. Ал синдром биыл тұңғыш рет тіркелген.

"Оның басты белгісі – бала коронавирустан емделгеннен кейінгі екі-үш аптада білінеді. Алдымен дене қызуы 38 немесе одан да жоғары көтеріліп, бұл бірнеше күн бойы жалғасады. Балада жөтел пайда болып, тыныс алуы қиындап, аяқ-қолы, денесінде бөрткен, көзінде коньюнктивит пайда болады. Тілі, алақаны мен табаны қызарып, іші қатты ауырып, өтуі мүмкін", – дейді Риза Боранбаева.

Медицина маманының айтуынша, мұндай белгі байқалса, учаскелік дәрігер мен жәдел жәрдемді шақыру керек. Алайда инфекциялық бөлімге жатқызуды талап етудің керегі жоқ.

"Балада Кавасаки синдромының белгісі байқалса, инфекциялық бөлімге емес, көпсалалы педиатриялық клиникаға жатқызу қажет", – дейді "ақ халатты".

Асқындырып алмау керек

Ем стационарда жүргізіледі. Ауруханада сараптама тағайындалып, қан сарапталып, коагулограмма жасалып, УЗИ, КТ, ренгтген арқылы тексеріп, салалы диагностика жасайды. Адам бұл індетпен орташа немесе ауыр деңгейде ауыруы мүмкін.  

"Дерт асқынып кетсе, тамырларды зақымдап, жүрек жетіспеушілігіне алып келуі ғажап емес. Егер дер кезінде анықтап, көмек көрсетілсе ауруды асқындырып алмай жылдам емдеуге болады", – деді Риза Боранбаева.

Мамандардың айтуынша, бастысы коронавирустан сақтану. Егер шалдыққан күннің өзінде аталған синдром белгісі пайда болады деп үрейленудің қажеті жоқ. Өйткені Англияда коронавирусқа шалдыққан 313 мың баланың тек 200-нен бұл синдром белгісі байқалған.

Ал балалардың коронавирусты жұқтыруы ересектерге қарағанда сирек. Қытай, Италия, АҚШ, Англияда бұл дертке шалдыққандардың 2%-ы ғана балалар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов БАҚ-қа берген ақпаратында коронавирустық инфекцияны 2257 бала жұқтырып, оның 114-і ауруханада жатқанын айтқан. Кавасаки синдромы туралы деректерді ең алдымен осы балалардың ата-аналары қаперде ұстауы тиіс.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу