Үнді-Қытай әскери тайталасына не себеп?

6062

Екі ел шекарасындағы шиеленіс үш ай бұрынғы қанды қақтығыстан кейін тағы да күшейе түскен тәрізді.  

Үнді-Қытай әскери тайталасына не себеп?

Азияның қос алыбы осы аптада бір-бірін айыптап, бір-бірінің территориясына солдаттарын жіберіп, 45 жылда алғаш рет ескертпе оқ атып, кең ауқымды әскери жанжалға бір табан жақындады.

Екі жақтың сыртқы істер министрлері бейсенбі күні Мәскеуде аймақтық қауіпсіздік пен экономика мәселелерін талқылаған конференцияда жүздесіп, деэскалация жөнінде уағдаласты.

"Іс жүзіндегі бақылау линиясының" немесе осал демаркациялық сызықтың шығысындағы үлкен тайталас екі ядролық державаның онсызда нашарлап кеткен қатынастарын тіпті өзгертеді деген қауіп бар.

Бұл қарсыластық мамырдағы төбелестен басталды. Ал, маусымның 15-де Үндістан мен Қытай жауынгерлері бір-бірін жұдырықтап, шоқпармен ұрып, сол күні 20 үнді сарбазы мерт болды. Бейжің де талай адам жоғалтса керек. Бірақ, ол құрбандардың саны әлі жарияланбай отыр.

Жылдар бойғы жауластық

Үндістан мен Қытай территориялық дауы өз бастауын Британ отаршылдары заманынан алады.

Үндістан 1947 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін үш жыл өткенде және Қытайда билікке коммунистер келгеніне бір жыл толғанда,  Бейжіңдегі жаңа үкімет Үндістанмен бұрын жасалған келісімдерді мойындаудан бас тартып, олардың қысыммен мақұлданғанын мәлімдеді. Алайда, ресми Делиге сенсек, бұл пәтуалар екі жақтың да қолымен бекітілген.

Қытайдың көрші мемлекетке талабы билікке Си Цзиньпин келіп, ант беріп, өз елінің бір пұшпақ жерін ешкімге бермейтінін ескерткеннен кейін күшейді.

Қытай өткен ғасырдың 50-ші жылдары мазасыз Тибет және Шыңжаң аймақтарын байланыстыру үшін адам тұрмайтын Ақсай Чин  платосында стратегиялық жол сала бастады. Бұған ашынған Үндістан Ақсай Чинді бұрынғы Кашмир княздігіне кірген Ладакх аймағының бір бөлігі деп атады.

Екі жақтың қатынастары 1959 жылы Қытай билігіне қарсы сәтсіз көтерілістен кейін елден қашқан Тибеттің рухани жетекшісі Далай-Ламаға Үндістанның солтүстігіндегі Дхармсала қаласында қуғындағы үкімет құруға рұқсат берілгеннен кейін тіпті нашарлады.

1962  жылы жанжалдасушы тараптар бір-бірімен қырғын соғыс жүргізді. Қарулы қақтығыстар 1967 және 1975 жылдары қайталанып, екі жақтан тағы талай адам опат болды. Одан кейін тараптар отты қару қолданбау туралы протоколдар қабылдап, сол келісімдер биыл бұзылып отыр.

Және де Қытай Үндістанның ескі жауы - Пәкістанмен қатынастарын нығайтып, Кашмир дауында Исламабадтың жағына шығып жүр.  

Жер дауы

Жалпы алғанда, Қытай Үндістанның солтүстік-шығысында негізінен буддистер мекендейтін Аруначал-Прадеш штатын қоса алғанда, 90 000 шаршы шақырым жерді талап етіп отыр.

Үндістанның сөзінше, Қытай оның территориясындағы Ақсай Чин платосында 38000 шаршы шақырым аумақты иемденіп алған. Жоғарыда айтқанымыздай, Дели бұл кеңістікті қазір талас жүріп жатқан Ладакхтың ажырамас бөлігі деп есептейді.

Жер дауын шешу үшін екі держава отыз шақты рет келіссөздер жүргізді және де премьер-министр Нарендра Моди мен Қытай президенті Си Цзиньпин талай мәрте кездесті. Алайда, халықаралық түйіткілдің әзірге шешілер түрі жоқ.

Экономикалық және стратегиялық бәсеке

1962 жылдан бері екі экономика да тұрақты дамығанымен, Қытай Үндістанды басып озып, көршілерімен ауқымды сауда қатынастарын орната білді.

Енді өршіген экономикалық бәсекеге территориялық, геостратегиялық қара-қайшылықтар қосылып отыр. Үндістан шетелдік өндірушілер үшін жаңа базаға айналамын деп, Қытайдағы жұмыс күшінің қымбаттауынан және Бейжіңнің Құрама Штаттармен, Еуропамен қатынастарының нашарлауынан  пайда көруге тырысып отыр.

Үндістанды алаңдататын тағы бір жайт – жақында Қытай Пәкістанның бақылауындағы Кашмир арқылы жол салды. Бұл жоба Си Цзиньпиннің айтулы сыртқысаяси жобасы – "Бір белдеу, бір жол" инициативасы аясында жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, қазір Үндістанның АҚШ-пен стратегиялық одақтастығы күшейіп келеді. Үнді үкіметі бұл қатынастарды Қытайдың ықпалына балаама деп біледі. Бүгінде Үнді мұхитында Қытайдың әскери-теңіз күштері ұлғайып келеді. Және де коммунистік мемлекет Пәкістанмен ғана емес, Шри-Ланкамен, Непалмен де байланыстарын нығайтуға әрекет жасап жатыр. Осының бәрі Үндістанды үрейлендірмеуі мүмкін емес.

Үндістан Қытаймен стратегиялық теңдікке қол жеткізу үшін даулы шекара бойында әскерін күшейтіп жатыр. Ал, Қытай Доклам аймағында жолдар салып, қорғаныс бекіністерін тұрғызды. Бұған қоса, Бейжің Тибетке стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын орналастырып, парашюттен жүк тастау бойынша ауқымды жаттығу өткізді.

Шиеленісті ушықтырған тағы бір жайт – Үндістан Ладакхты біржақты түрде өзінің федералдық территориясы деп жариялап, оны 2019 жылдың тамызында даулы Кашмирден бөліп алып, жартылай автономиялық мәртебесінен айырды.

Содан кейін Үндістан билігіндегі партияның депутаттары Қытай бақылауындағы аудандарды қайтару мәселесін көтеріп, Бейжіңді бұрынғыдан бетер алаңдатып тастады.

Ауқымды соғыс қаупі

Шекарадағы шиеленіс әскери, дипломатиялық, саяси деңгейдегі келіссөздерге қарамастан күшейіп келеді. Ұлтшылдар басқаратын екі елде де шекара дауы соңғы жылдардағы ең үлкен мәселеге айналды.

Қытай жауынгерлері Ладакх ауданынан кетпей отырғандықтан, Үндістан өткен аптада таудың бір шыңын басып алып, Бейжіңді айтарлықтай наразы қылды.

Бірқатар бақылаушылардың ескертуінше, егер әскери әрекеттер тоқтамайтын болса, аймақта соғыс басталып кетуі мүмкін.

"Егер дипломатияның жолы болмаса, қару сөйлейді. Бұл жанжал біз соңғы төрт айда куә болған оқиғалардың табиғи кульминациясына айналуы мүмкін", - дейді Үндістан қарулы күштерінің солтүстіктегі қолбасшылығын 2014-2016 жылдары басқарған генерал-лейтенант Д.С. Худа "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Дегенмен, Бейжің университетінің халықаралық қатынастар факультетінің   ғалымы Ван Ляннің ойынша, екі ел үлкен жанжалға әзірленіп жатқанымен ауқымды соғысқа бара қоймайды.

"Қытай Үндістанмен арадағы екіжақты қатынастарда ұстамдылық танытты. Үндістан да болашақта артық қадам жасамауы мүмкін", - дейді Ван.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу