Қытай Қазақстанмен шекарада 2 қосымша өткізу пунктін ашып жатыр

4074

Соған қарамастан, екі ел арасындағы жүк ағыны түрлі тосқауылдарға тап болуда. Мәселен, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының ірі жобасының үлкен габаритті жабдықтары екі жылдан бері өте алмай, Қытай жағында жатыр.

Қытай Қазақстанмен шекарада 2 қосымша өткізу пунктін ашып жатыр

Салаға жауапты орган – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚХР-мен шекарада электронды кезек жүйесі жетілдіріліп жатқанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта "Нұр Жолы" өткізу пунктінде деректерді көшіре отырып, электронды кезек жүйесін жаңа жүйеге ауыстыру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылғы 10 наурыздан бастап, мұнда "E-border" ақпараттық жүйесінің платформасында электронды кезек жүйесі бойынша пилоттық жоба енгізілді. Жүйені жетілдіру жұмысы жүргізілді: ол "Бірыңғай сақтандырудың деректер базасы" жүйесімен интеграцияланды", – деп мәлім етті Мемкірістер комитеті.

Жаңа жүйенің біраз артықшылықтары бар. Мәселен, "жалған көліктердің" немесе жүк тасымайтын көліктердің тіркелуіне жол бермейді. Яғни қылмыстық топтардың контрабандалық схемасының жолын кесуге болады. Бұған қоса, жаңа жүйе тіркелген жүк көліктерінің салықтар бойынша, сондай-ақ ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін берешектерінің бар-жоқтығын тексеруге мүмкіндік береді екен.

"Қазіргі уақытта "автокөліктердің электронды кезегін" инвентаризациялау, бір көліктің бірнеше рет тіркелуін жою, жүк тасымалдарын жүзеге асырмайтын көліктерді кезектен алып тастау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Электронды кезекті енгізу шекара арқылы көліктің өту процесінің айқындығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға ықпал ететін болады", – деп сендірді комитет.

40 тонналық пештер шекарада тосылды

Дегенмен шекарадағы кедергілер отандық бизнестің дамуына кедергі келтіруде. "Оңтүстік" индустриалдық аймағында орналасқан, экспортқа бағдарланған өнім шығаратын "Shymkent Temir" компаниясы біраз уақыттан бері өзіне қажетті жабдықтарды шың елінен алғыза алмай жатыр екен. Оңтүстіктегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналатын, болаттан құрылыста аса қажет түрлі шаршы пішінді бұйымдар жасайтын кәсіпорын халықаралық сұранысқа ие өнімінің өндірісін жетілдіруді және кеңейтуді жоспарлаған. Жоба тіпті Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, 1 триллион теңге бөлінген "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына кірген. Енді жоба дағдарған күйде.

"Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде зауыттың құрылысы жүргізілді және өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна бұйымды құрайтын 40 тонналық екі индукциялық пеш орнатылды. Зауыт 2018 жылы іске қосылды. Екінші кезеңде зауыттың өндірістік қуаты арттырылуға тиіс еді. Бұл үшін өндірістік алаңдар кеңейтілуде, қосымша жабдықтар-қондырғылар сатып алынды. Осының арқасында өнім өндірісінің көлемі екі есе – жылына 200 мың тоннаға дейін артады. Сондай-ақ бұл 4 пештің үздіксіз жұмыс істеуі есебінен шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір бізде 450 адам жұмыс істейді, өндіріс кеңейген соң жаңа 150 жұмыс орны ашылады", – дейді "Shymkent Temir" компаниясының басшысы Әділбек Нұрдин.

Екінші кезеңді іске асыру үшін мемлекет "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында "Shymkent Temir"-ге 11 миллиард теңге қаржы бөліпті. Инвестицияның негізгі бөлігі 40 тонналық индукциялық пештің 2 жиынтығын, трансформаторларды, 7 көпірлі кранды, арнайы тоңазытқыш жабдықтарды, газдан арылту және шаң-тозаңды жою жүйесін, болаттасығыштарды, жүктеуші арбашаларды, басқа да өндірістік жабдық-қондырғыларды және олардың құрауыш бөлшектерін сатып алуға жұмсалады. Олардың бәрі Қытайдан жеткізіледі.

"Алайда 2020-2022 жылдар аралығында ІІ кезеңді іске асыру кезінде салмақты проблемаларға тап болдық. Атап айтсақ, 2020 жылғы қазаннан күні бүгінге дейін ҚХР-дан жабдықтар жеткізілмей жатыр. Ресми деректерге жүгінсек, оған пандемия және шекарадағы карантин шаралары ықпал еткен. Сондықтан жабдықтарды шығыс көршіден тезірек жеткізуде мемлекеттің көмегі қажет. Әйтпесе, жеткізушінің мәлімдеуінше, жабдықтардың үлкен бөлігі жөнелтуге дайын тұр. Пештер, трансформатор, көпірлі крандар және басқа жабдық-қондырғылар ірі габаритті саналады. Тиісінше, теміржолмен емес, тек жүк көліктерімен тасылуға тиіс", – дейді Ә. Нұрдин.

Екіжақты келісімнің шарттарына сәйкес, қытайлық өндіруші зауыт жабдықтарды "Қорғас" шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығына дейін жеткізеді. Әрі қарай қазақстандық компания барлық жүкті ҚХР шекарасынан Шымкентке дейін тасу үшін арнайы автокөліктері бар тасымалдаушылар қызметіне жүгінбек. Алдын ала есептемелер бойынша барлық жабдық-қондырғыларды тасып жеткізу үшін 30-дан астам трал талап етіледі.

"Бұл жоба мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынды, ол өңірдің индустриялық дамуына ықпал етеді. Қазіргі күрделі шақта бюджетке қосымша салық және басқа түсімдердің түсуіне жол ашады. Өнімін экспортқа шығарамыз. Сондай-ақ бұйымдарымыз елдегі баспана бағасына оң ықпал етеді. Сондықтан Үкіметтен жабдықтарымызды Қытайдан алғызуға жәрдемдесуін сұрап отырмыз", – дейді компания басшысы.

Билік не дейді?

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, Қытайдан жүк жеткізуге шынында COVID-19 пандемиясы және онымен байланысты шектеулер теріс әсер етті. Себебі шың елі бұл вирустың таралуымен күреске өте салмақты қарайды, тіпті басыартық шаралар қабылдайды. Мысалы, әрбір вагонды, әрбір көлікті, кейде әрбір жүкті жеке-жеке өңдеп, зарарсыздандырады.

"Салдарынан, қазақ-қытай шекарасында көліктер жинақталып қалды. Әсіресе, көліктердің кептелісі "Нұр Жолы" өткізу бекеті ауданында зор болды. Бұл ретте Қазақстанның жауапты меморгандары Қытай тарапымен бірлесіп, екі елдің шекарасының өткізу қабілетін арттыру мәселесі бойынша белсенді жұмыс жүргізуде", – деп түсініктеме берді Қаржы министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылғы 15 ақпаннан бастап Қытай қазақ елімен арада "Зимунай" өткізу бекетінің қызметін қайта жандандырған. Оның Қазақстан бетіндегі өткізу пункті "Майқапшағай" деп аталады.

Ал 2022 жылғы 17 наурызда "Дулаты" өткізу пунктін ашуға кіріскен. Біздің жақта ол "Қалжат" өткізу пункті деп аталады.

"Бұл өткізу пункттерінде де санитарлы-эпидемиологиялық бақылау шаралары қатаң сақталады. Бұдан бөлек, ҚХР-мен келіссөздер барысында қазақ-қытай шекарасында автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің бәрінде өткізу қабілеттерін жаппай арттыру бойынша бірлескен шара қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Әйткенмен қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Қытай жағы көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалдың қандай екеніне қарамастан, пандемияға байланысты деп, олардың бәрінен келетін көліктер ағынын қабылдауды шектеуде", – деп хабарлады Қаржы министрлігі.

Ал Қытай жағында жатып қалған индустриалдық алып пештерге келсек, Мемкірістер комитеті ол тауарлар шекараға жеткізіліп, Қазақстан аумағына өтсе, онда оған кедендік декларация процесін жеделдету арқылы көмек көрсететінін жеткізді.  

Өзге проблемаларын кәсіпорынға өз бетінше шешуге тура келмек.

Жалпы қазіргі уақытта Шығыс пен Батыс арасындағы халықаралық жүк ағыны санкциялық "улы аймаққа" айналған Ресейді айналып өте бастады. Бұл тасқыннан мол табыс табу үшін Қазақстан Қытаймен арадағы шекаралық өткізу бекеттерінің қуатын арттыруы шарт.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу