Қытай қазақстандық өнім толы цистерналарды ұстап алды

15220

Кәсіпкер күн сайын миллиондаған теңге жоғалтуда.  

Қытай қазақстандық өнім толы цистерналарды ұстап алды

Қытай халық республикасы 2020 жылғы шілде айының басында Қазақстаннан келген 12 темір жол цистернасын тоқтатып, бұғаттап тастаған. Цистерналарға гидратталған рапс майы толтырылыпты. Кейін оның "ЭФКО Алматы" компаниясы зауытында өндірілгені анықталды.

ҚХР кеден қызметі қандай айып тағып отыр?

Олардың мәліметінше, рапс майынан алынған сынама гендік модификацияланған организмдер (ГМО) тестілеуінен өтпей қалыпты. Тапсырыс беруші қытайлық компанияның ақпараты бойынша зерттеу нәтижелері оң болып шыққан.

Алайда шың еліне қазақстандық өнімді тапсырыс беріп алғызған компанияның өкілі де, ҚХР кеден қызметі де зерттеу нәтижелерін растайтын ресми құжаттарды Қазақстан тарапына сол бойы ұсынбады.

Ал отандық өндіруші не дейді?

"ЭФКО Алматы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын барлық өнім "Еркін Талғам" компаниясының сынақ лабораториясында тексеруден өткізіледі екен. Соның ішінде зертханада өнім құрамында ГМО-ның бар-жоқтығы бойынша тестілеу де жүргізіледі.

Алматылық зауыт жергілікті лабораторияның өнім құрамында ешқандай гендік модификацияланған ағзалар жоқтығын растайтын құжаттарын Қытай жағына шұғыл тапсырған. Бірақ ҚХР тарапы оған мән бермепті.

Үлкен шығынға батып бара жатқанын білген бизнесмен жандәрмен осы саладағы халықаралық зертхана қызметіне жүгінеді. Нәтижесінде, тәуелсіз сараптама, бақылау, сынақ және сертификаттау қызметтерін ұсынатын SGS (Societe Generale de Surveillance) швейцариялық фирмасының еліміздегі бөлімшесі де өнім құрамын зерттей келе, сынақтың теріс нәтиже көрсеткенін анықтайды.

Қазақстандық және халықаралық лабораториялардың сынақтары адам ағзасына зиян келтіретін, гені жасанды түрде өзгертілген организмдердің жоқтығын дәлелдегенімен, бұл Қытай билігіне еш әсер етпей отыр: олар тек өз зерттеулеріне сенуге бейіл.

Сорақысы сол, шығыс көрші кейін келіп жеткен өзге темір жол құрамын да тосқауылдап тастапты. Осылайша, бөгелген цистерналар саны еселеп өсуде.

"Әлі күнге дейін цистерналарымызды ҚХР ары қарай жібермей, тапсырыс берушіге жеткізбей жатыр. Бүгінде гидратталған рапс майы құйылған, Қытай шекарасында тұрып қалған цистерналар саны 20-ға жетті. Бұған қоса, зауыттың өндірістік алаңында ҚХР-ға жөнелтілуге тиіс болған тағы шамамен 50 дайын цистерна қордаланып қалды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік теміржол көлігінің кәсіпорнында бізге арналған шамамен 40 цистерна тұр. Оларды жедел түрде зауыт аумағына қабылдауымыз қажет. Өнеркәсіптік теміржол кәсіпорны "уақытылы қабылдамадыңдар және цистерналар бос тұрып қалды" деп, бізге күн сайын әрбір цистерна үшін 10 мың теңге айыппұл жазуда. Шілде айының соңында тек осы айыппұлдың жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асып кетті", – деп қамығады кәсіпорын өкілдері.

Әйткенмен, отандық кәсіпкердің бұдан ірі әрі шығынды проблемасы бар: аталған рапс майының бүкіл көлемі экспортқа бағдарланғандықтан және контракті бойынша тек ҚХР нарығындағы тапсырыс берушіге арналғандықтан, зауыт ол тауарын ішкі немесе өзге шетелдік нарықта, сондай-ақ басқа компанияларға сата алмайды. Нәтижесінде, оның қолында ылан-ойран өнім босқа жинақталуда.

"Бұл ахуал зауытта өндірістің тоқтауына қарқынды түрде әкеле жатыр. Қазіргі дағдарысты шаққа қарамастан жұмыс істеп тұрған кәсіпорын еді. Тіпті карантин режимінде 500-дей адамды жұмыспен қамтуда", – деп мәлім етті "ЭФКО Алматы" кәсіпорны.

Компания өкілдері билік органдарына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне хатпен жүгініпті. Әзірге жауап ала алмаған көрінеді.

Қытай заңы бойынша кеденде ұсталған тауарлар кейін тәркіленеді, егер қылмыс бар деп танылса, ол өнім бойынша іс материалдары қоғамдық қауіпсіздік органдарына тапсырылады. Мұндай жағдайда шетелдік экспорттаушы Қытай нарығымен қош айтысуы ықтимал. Ал тәркіленген тауар не жойылады, не басқа қажетке жаратылады.

Өнім сапасын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ҚХР-да әкімшілік айыппұл, тауар партиясын тәркілеу, одан алынған кірістерді алып қою және қылмыстық қудалау секілді жазалар қарастырылған. Кәсіпкердің әділдік іздеп шырылдауы да осыдан.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу