Қазақ экспорты үшін Қытай нарығы Еуразиялық одақты ығыстырды

3709

Былтыр екі елдің өзара сауда-саттық көлемі 11 миллиард долларға жуықтады.

Қазақ экспорты үшін Қытай нарығы Еуразиялық одақты ығыстырды Фото: akorda.kz

Қытай Халық Республикасы Бейжің қаласында қазақ көшбасшысын қазақ әнімен қарсы алды. Елбасы "Дяоюйтай" резиденциясына келіп түскенде, сарай бағындағы оркестр халық әні "Гүлдерайымды" ойнай жөнелді. Бұл қазақ әні Қытайдағы 1,5 миллиондық тұрғылықты қандастарымыз арқылы көрші алпауыт елде кең танымал болған көрінеді. Айтқандай, ҚХР-дың осыған дейінгі төрағасы, мамандығы музыкант болған Цзянь Цзэминь Ақан серінің өте әуезді "Маңмаңгер" әнін беріле шырқауды жақсы көргенін қытай басылымдары еске салады.  

Әрине, қазақ басшысының сапарының басты мақсаты тынығып, ән тыңдау емес, санкциялық шайқастар бүкіл дүниежүзін майданға айналдырып жібергелі тұрған қазіргі күрделі заманда екі елдің қарым-қатынасына жаңа серпіліс беру болса керек. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болды. Ол Қытай лидері Си Цзиньпинмен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері, бізше үкімет басшысы Ли Кэцянмен, ҚХР бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитетінің төрағасы (бізше парламент басшысы) Ли Чжаньшумен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың іскер топтар өкілдерімен жүздесіп, бірқатар екі жақты құжаттарға бірлесе қол қойды.

Ең алдымен, Қазақстан президенті өз әріптесі Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Өйткені шың елінде шешім қабылдайтын №1-ші тұлға да сол. Елбасы ілтипат танытып, ҚХР төрағасын жақында бүкілқытайлық құрылтайда осы жоғары мемлекеттік лауазымына қайта сайлануымен және айтылған сөзі екі етілмей орындалатын Қытай компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуімен құттықтады.

"Мен Қытайға келген сайын толқимын, сізбен кездесу, сіздің достық пейіліңіз бен маған деген сеніміңізге әрдайым қуанамын. Осы мемлекеттік сапарымды жасауға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, дос ретінде сізді жоғарғы мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және ҚХР компартиясының 19-шы съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік тарихтағы айтулы оқиға болды", – деді Қазақстан көшбасшысы.

Айтқандай, Голливуд жан-жақты насихаттайтын "америкалық арманға" ұқсас, шығыс көршіміз "қытай арманын" ойлап тапқан. Елбасы осы "қытай арманын" жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай компартиясы рөлінің артқанына тоқталды.

"Егер есіңізде болса, мен сізге кеңес одағының қалай күйрегенін әңгімелеген едім. Ендеше Қытай жағдайында мемлекеттіліктің ұстыны ретінде партия рөлін арттыру өте маңызды. Мен тәжірибесі мол саясаткер ретінде сіздерді шын жүректен қолдағым келеді. Мұның барлығы өте дұрыс. Біздің өткен жылы Астанадағы кездесуімізді және жемісті келіссөздерімізді ыстық ықыласпен еске аламын. Қытай біздің негізгі серіктеске, инвесторға айналды. Біздің өзара қарым-қатынастарымыз барлығын ынтымақтастыққа шабыттандырады. Қарап отырсақ, 2012 жылдан бері сіз бен біз 18 рет кездесіппіз. Осы уақыт ішінде жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екі жақты 127 құжатқа қол қойдық. Қазақстан халқының 18 миллионды құрайтынын ескерсек, бұл орасан зор қолдау болып табылады. Мұндай қолдауды бұл тәуелсіздік жылдары басқа ешкімнен алған жоқпыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Былтыр екі елдің өзара сауда-саттығының көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Сөйтіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылғыдан тағы 30 пайызға артты. Елбасының байламынша, енді екіжақты қатынастарды ілгерілету үшін бұдан да зор әлеует бар.

Мемлекет басшысы "достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухына" құрылған тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі ҚХР төрағасының жеке үлесін жоғары бағалады және осы ауаннан таймай, диалогты ары қарай жалғастыру қажеттігін нықтады.

"Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті", – деді қытайлық әріптесіне елбасы.

Өз кезегінде Қытай басшысы қазақ елін "беделді өңірлік держава" деп танитынын жеткізді. Ол тату көршіліктің үлгісіне айналған екіжақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.

"Қазақстан – біздің маңызды көршіміз, сондай-ақ беделді өңірлік держава. Біздің қарым-қатынастарымыз көршілес елдер арасындағы қатынастардың үлгісіне айналды. Біз адамзаттың ортақ тағдырын түзу жолында Қазақстанмен бірге алға қарай жүруге және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз! Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін сізбен бірге басқаруға әзірмін!" – деді елбасыға қытай басшысы Си Цзиньпин.

Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәліметінше, қазіргі кезде Қытай нарығы қазақстандық балық өндірісіне, қой шаруашылығына және жылқыға, сондай-ақ балға, бидайға, кебек пен соя бұршағына ашық.

Нәтижесінде ҚХР-ға шығарылатын агроөнеркәсіптік өнімдердің экспорты 34,3%-ға өсті. 2017 жылы Қазақстан ҚХР-ға алғаш рет 3,1 млн доллар сомасына 7,7 мың тонна соя бұршағын, 190 мың доллар сомасына 228 бас асыл тұқымды жылқының алғашқы партиясын сатты. Мұздатылған балықтың, өсімдік майы мен майлы дақылдардың экспорты орта есеппен 3,1 есеге артты.

Жасыратыны жоқ, бүкіл дамыған елдермен тайталасып, қарым-қатынасын бұзып алған Ресей жаппай импорталмастырып, өз нарығынан өзгелердің өндірушілерін ығыстырып жатқанда, Қазақстанның Қытай көршісіне ден қоюдан басқа амалы қалмады. Нәтижесінде, экономистердің байламынша, Қытай нарығы еуразиялық нарықтан қызықтырақ бола бастаған көрінеді.

Еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменовтың дерегінше, мәселен, Қазақстанның тауарлар экспортының географиясына 123 ел кіреді. Алайда соның ішінде "тауарларды өткізудің басты нарығы Қытай халық республикасы болып отыр", оның жалпы көлемдегі үлесі 22,9%-ға жеткен. Екінші орынға 21,8% үлеспен Еуропалық одақ шықты. Ал іргедегі Еуразиялық экономикалық одақ болса, үшінші орынға сырғыды. Бұл нарыққа Қазақстан барлық экспортының тек 20,8%-ын ғана сата алуда. Егер бөлектеп айтсақ, ғасырлар бойы басты өткізу нарығымыз болып келген Ресейдің осы 20,8% көрсеткіш ішіндегі үлесі 18%-ға әсер жетеді екен.

Таяуда, Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан ҚХР-мен келісімге келді, ол Қытай нарығына отандық тауарлардың қол жетімділігінің жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен ҚХР лидерлерінің жоғарғы деңгейдегі келіссөздері қорытындысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі ел арасында еш даулы жайттар жоқтығын паш ететін бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Бұдан бөлек, екі ел арасында "ядролық және радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтар мен қауіпті заттардың заңсыз тасымалдауын болдырмау жөніндегі іс-қимыл туралы келісім", "Қытай халық республикасының жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісім" бекітілді.

Екі елдің қаржы министрліктері "өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум", ал ұлттық экономика министрлігі мен ҚХР коммерция министрлігі "электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум" жасасты.

Сонымен қатар Қазақстанның инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында "Өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум", "Бірлескен жобалар тізбесін және олардың индустрияландыру және инвестициялар саласындағы қалыптасу тетіктерін бекіту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум" бекітілді.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай бас кеден басқармасы "Қазақстаннан Қытайға жоңышқа шөбін экспорттау жөніндегі санитарлық және фитосанитариялық талаптар хаттамасына" қол қойды.

Елбасы қытайлық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Еске салсақ, қазақ басшысының бұрынғы сапарлары аясында Қытайдағы зауыт-кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру туралы уағдаластық бекітілген болатын. Сонда жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрайтын 51 жобаға қол қойылды. Қазіргі кезде солардың 11-і жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп түсірген "Композитор" атты бірінші кинофильмінің шығармашылық тобымен кездесті. Фильм Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда болған қытай композиторы Си Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығына арналған. 1940 жылы Қытай компартиясының орталық комитеті композитор Сянь Синхайды кеңестік музыканы зерттеу үшін КСРО-ға аттандырады. Қытайлық сазгер сондай-ақ "Яньань және Сегізінші армия" деректі фильмін музыкалық өңдеуге қатысуға тиіс болған. Алайда келесі 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, ол Шыңжаң арқылы отанына оралмақ болады. Бірақ коммунистік көзқарастарға қарсылығымен танылған жергілікті әскери қолбасшы  Шэн Шицай оның жолына тосқауыл жасайды да, композитор Алматыда қалып қояды. Сырқат пен қайыршылықтан әбден қаусаған Сянь Синхайға Бақытжан Байқадамов көмекке келеді, өз шаңырағынан пана береді. Қазақтардың қонақжайлылығына ризашылығы ретінде қытай композиторы 1942 жылы Алматыда "Түрік әні" сюитасын шығарады. Қазір Алматыда Сянь Синхай есімі көшеге берілген және 1999 жылы оған ескерткіш қойылды. Оның ашылу рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі ҚХР төрағасы Цзян Цзэминь қатысқан болатын.

Бұл жолы Қазақстан президенті Бейжің қаласында фильм трейлерінің таныстырылым рәсімінде актерлер құрамына кәсіби өнер көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Көркем фильмді Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен Қытайдың "Shinework Pictures" және "China Film Coproduction Corporation" компаниялары түсірген. Басты рөлдерде қазақстандық актерлер – Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, қытайлық актерлер – Ху Цзюнь және Юань Цюань ойнайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу