Қытайдан келген майнерлер Қазақстанда газ тапшылығын тудырды

5591

Жұңғо елінен елімізге ауған майнерлер бірнеше жылдан бері ешқандай салық төлемей келген.  

Қытайдан келген майнерлер Қазақстанда газ тапшылығын тудырды

Майнерлер кесірінен Қазақстан Түрікменстаннан газ алуға мәжбүр

Цифрлық юаньға толық көшкелі жатқан Қытай оған бәсеке құрауы мүмкін криптовалюта айналымына және өндірісіне қатаң тыйым салды. Содан бері шың елінің майнинг фермалары жаппай Қазақстан мен АҚШ-тың Техас штатына қашуда. Себебі осы екеуінде электр бағасы аса арзан.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында қытай инвесторлары – "LLY Agro Energy" ЖШС әлемдегі аса ірі майнинг кәсіпорнын ашты. Белес кентінің маңында орналасқан ол ресми түрде "Виртуалды деректерді орналастыру және сақтау орталығы (дата-орталық) деп аталады. Кәсіпорын алапат ауқымда – 40-50 мегаватт қуат тұтынады. Бұл шамамен жиырма шақты өнеркәсіптік кәсіпорынның тұтынатын қуаты.

Соған қарамастан, фирма электр үшін тіпті тұрғындардан да аз тарифпен – 1 кВт/сағат үшін 12 теңгеден ғана төлейді. Салыстыра кетсек, өзге кәсіпкерлер мен зауыт-кәсіпорындар электр үшін 23,02 теңгеден, кент тұрғындары – 13,34 теңгеден, тіпті бюджеттік мекемелердің өзі – 43,72 теңгеден төлейді. Өйткені майнинг ферма облысқа тартылған инвестиция саналады екен.  

Мұның газға қандай қатысы бар? "LLY Agro Energy" компаниясы энергия өндіретін "Батыс Пауэр" ЖШС-ның Белес кенті жанындағы ғимараттарын жалға алып отыр. Өз кезегінде "Батыс Пауэр" қуатты газдан өндіреді: бұл – газды-турбиналы электр станциясы. Тиісінше, майнинг үшін қыруар газ шығындалуда.

Нәтижесінде, БҚО электр қуатын тұтыну жөнінен рекорд орнатты: былтыр бірден 11 пайызға өсті. Бұл ретте "Батыс Пауэрдің" тұтынушылары жартыжылдық ішінде тұтыныс көлемін бірден 123,5 миллион кВт/сағатқа арттырған.

Еліміздің өзге газ-электр станцияларының жанынан да майнинг фермалар қаптап құрылғаны әшкереленді. Ал майнерлер кесірінен Жамбыл ГРЭС-іне Жамбыл облысының барлық елді мекендерін толыққанды электрмен қамтамасыз етуге газ жетіспей жатқаны мәлім болды.

Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

"Соңғы жылдары энергия өндіруші станциялар тұтынатын газдың едәуір өсуі байқалуда. Бұған олардың майнингтік дата-орталықтар үшін электр энергиясын өндіру көлемін арттыруы себепкер. "ҚазТрансГаз" АҚ ақпаратына сәйкес, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның өндірістік филиалдарының мамандары жоспардан тыс тексерістер ұйымдастырған. Солардың барысында қуат өндіруші станциялардың іргелес аумағында майнинг жасауға арналған дата-орталықтардың орналасқаны анықталды. Мұндай майнинг фермалар "Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС"-тен де табылды. Тиісінше, халыққа электр қуатының тұрақсыз берілуі майнингке арналған дата-орталықтар қызметінің өркен жаюымен байланысты деп санаған жөн", – деп мәлім етті ресми блогында Мағзұм Мырзағалиев.

Дегенмен аталған дата-орталықтардың қызметі доғарылмапты.

Бас энергетиктің мәліметінше, оның орнына Жамбыл ГРЭС-ін газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.

"Осы мақсатта Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Жамбыл ГРЭС-і мен "Амангелді Газ" ЖШС тауарлық газды бөлшек сату-сатып алу туралы келісімге қол қойды. Бұған қоса, Президенттің Түрікменстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан тарапы өзінің ішкі нарығы үшін түрікмен газын сатып алуға қызығушылық білдірді. Берілген тапсырмаға сәйкес, екі мемлекет түрікмен газын жеткізудің техникалық және коммерциялық шарттарын талқылау үшін келіссөздерге кірісті", – деді Энергетика министрі.

Нәтижесінде, майнерлер кесірінен тапшылық ушыға берсе, мысалы, Маңғыстау облысын "Бекдаш" желісі арқылы ішінара түрікмен газымен қамтамасыз етуге тура келмек. Министрліктің дерегінше, қазіргі кезде көршіден жазғы кезеңде ғана газ сатып алынады. Бұл жеткізілімдер әзірге қысқа мерзімді сипатқа ие. Себебі газ құбырының түрікменстандық учаскесі техникалық тұрғыдан шектелген.

Қытайлар елде майнингті өрістете берсе, Қазақстан ол құбырдың өткізу қабілетін де арттыруға мүдделі болуы ықтимал.

Қытай майнерлері Қазақстанда салық төлемейді

Қазақстан былтыр да, биыл да қытай майнерлерінен салық жинамаған. Бұл жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті. Оның айтуынша, биылғы 24 маусымда қабылданған Салық кодексіне өзгерістерге сәйкес, тек келесі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қана цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізіледі.

"Атап айтқанда, Салық кодексінің 606-1 бабы бойынша цифрлық майнинг кезінде тұтынылған электр энергиясының көлемі үшін төлемақы алынады. Ал 606-3 бабында бекітілгендей, төлемақы ставкасы цифрлық майнингті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде белгіленді. Ол соманы майнингпен айналысатын нысандар бюджетке тоқсан сайын төлеп тұруға тиіс", – деді бас қаржыгер.

Осының алдында Қаржы министрлігіне "ҚХР майнерлері Қазақстанда қанша салық төледі?" деген сауал жолданған болатын. Бұған бас қаржыгер жауап таба алмады.

Сондай-ақ "Қытайдан ауып келген және Қазақстанда тіркелген майнинг алпауыттарының саны қанша?" деген сұрақ қойылған. Себебі еліміздегі барлық кәсіпкерлік субъектілері осы ведомствоның Мемлекеттік кірістер комитетінде тіркелетіні белгілі.

Бас қаржыгер бұл саланың жауапкершілігі Бағдат Мусиннің министрлігінің мойнында екенін жеткізді.

"Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті қазіргі уақытта Энергетика министрлігімен бірлесіп, цифрлық майнинг саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды анықтау және есепке қою жұмыстарын жүргізуде. Осыған байланысты Қазақстанда майнингпен шұғылданатын тұлғалардың не кәсіпорындардың саны және олардың бюджетке салығы туралы нақты ақпарат ұсыну мүмкіндігі жоқ", – деп ашығын айтты Қаржы министрі.

Ондай нақты деректер Цифрлық даму және Энергетика министрліктерінің бірлескен ревизия-түгендеу жұмыстары аяқталған соң анықталатын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу