АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы: Қазақстанның ұтары мен ұтылары

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5388

Бұл жалпы құны 3,4 млрд доллар немесе Қазақстанның ҚХР-ға бүкіл экспортының 60%-ын құрап отырған ферроқорытпаларға, түсті металдар рудасына және басқасына сұранысты төмендетеді.

АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы: Қазақстанның ұтары мен ұтылары

Ресми мәлімет бойынша ҚХР қазақ елінің маңызы бойынша үшінші сауда серіктесі болып табылады: оның алдына тек Еуропалық одақ пен Ресей ғана түседі. Ұжымдық Еуропаның үлесі – 40,3 пайыз.

Қазір мемлекетіміздің сыртқы әлеммен жалпы тауар айналымында шығыс көршіге 12,5%-дық үлес тиесілі. Бұл ретте оларға өткізетініміз бен олардан таситынымыз тепе-теңдікке жақын: сататын экспортымыз 6,3 млрд долларды, әкелетін импортымыз 5,4 млрд доллар.

Айта кету керек, өзінің алдында тұрған Ресейге қарағанда, ҚХР Қазақстан үшін анағұрлым сапалы әрі терезесі тең серіктес. Өйткені мысалға, дүниежүзімен алыс-берісіміздің жалпы көлемінде Ресей 18,8% көрсеткішпен "№2-ші сауда-экономикалық серіктесіміз" саналғанымен, бұл ел отандық тауарларымыз үшін алып нарыққа айналмай отыр.  ҚР мен РФ арасындағы өзара тауарайналым 17,4 миллиард долларға жеткенімен, оның көбі – ресейлік бизнес пен өндірушілердің табысы. Атап айтқанда, оның ішінде отандық экспорт  небәрі 5,2 млрд доллар. Ал басым бөлігі – 12,4 млрд доллары ресейлік тауарлар мен қызметтердің импорты. Басқаша айтқанда, солтүстік көрші біздің нарыққа өнімін жеткізуде – жомарт, ал қазақстандық өнімді шекарасынан өткізуде – сараң.

Кейінгі үш жыл бойы шың елінен ағылған инвестицияның ауқымы 6,6%-ға дейін артқан.

Қазақстан мен ҚХР-дың сауда-инвестициялық байланыстарының кеңеюі аясында кейінгі жылдары бірқатар аса ірі инфрақұрылымдық нысандар іске қосылды. Олардың қатарында Ляньюньган теңіз айлағы, "Қорғас – Шығыс қақпа" құрғақ порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты, бір бөлігі Қазақстан арқылы өтетін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәліз, тіпті Орталық Азия елдерін Парсы шығанағымен және Иранның Бендер-Аббас теңіз портымен байланыстыратын жалпы ұзындығы шамамен 900 шақырымдық "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" жаңа темір жол дәлізі бар.  

Еліміздің тағы бір стратегиялық серіктесі – АҚШ-пен арамыздағы тауарайналым жалпы көлемнің  небәрі 2,4 пайызын ғана құрайды, ол 7-ші орында тұр. Оның алдын Корея (4,2%), Швейцария (3,3%) және Өзбекстан (2,7%) орайды.

The Economist сарапшылары 2019 жылғы ең басты әрі салмақты қауіп-қатер ретінде АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық тайталастың кең ауқымды сауда соғысына қарай өршуін атады. Өткен жылғы сауда соғысы кезінде Құрама Штаттар жалпы құны 250 млрд доллар болатын қытайлық тауарларды ауыр баж салығының астында қалдырды. Бұған жауап ретінде ҚХР 110 миллиардтық америкалық тауарларға баждар енгізді. Артынша Буэнос-Айрестегі G20 саммитінде тараптар бітімгершілікке келгендей болған. Алайда биыл алпауыттар арасындағы текетірес жалғасын тапты. Қазір Америка әртүрлі сылтаулармен әлемдегі қытайлық телекоммуникациялық алып Huawei-ді  дәрменсіз жағдайға жеткізуде.  Bloomberg қытайлық алпауыттың жауына да тілемейтін қиыншылыққа ұшырағанын суреттейді:

"АҚШ Huawei-ге ядролық зымыранмен соққы жасады. Huawei-дің ұялы телефондары мен желілік жабдықтары америкалық компоненттерді пайдаланады. Егер тыйым салулар салмақты түрде орындалар болса, онда 180 мыңнан астам персоналы бар қытайлық корпорация банкрот болуы мүмкін", – деп жазады Bloomberg.

Ал ұлттық экономика министрлігі мен АЭФ халықаралық беделді сарапшылар тобын тарта отырып, әзірлеген "Қазақстан және жаһандық әлем: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер" атты зерттеуінде АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тайталасында уағдаластықтар мен ымыраға қол жеткізілмесе, бұл Қазақстан экономикасы үшін теріс ықпал ететіні ашық айтылады.

"Жалпы алғанда, АҚШ пен ҚХР сауда соғысы ары қарай өршісе, Қазақстан экономикасы үшін туатын келесі тәуекелдерді бөліп көрсетуге болады: біріншіден, Құрама Штаттарға экспортталатын болат, алюминий, электроника, автокөліктер, ұялы телефондар, интегралды схемалар және басқа да қытайлық тауарлар ауқымы қысқарады. Бұл қазақстандық шикізатқа – ферроқорытпаларға, түсті металдар рудасына және басқасына сұраныстың төмендеуіне соқтырады. Аталған тауарлар экспортының жалпы құны 3,4 млрд доллар немесе Қазақстанның ҚХР-ға бүкіл экспортының 60%-ы", – делінген құжатта.

Екіншіден, халықаралық сарапшылардың байламынша, қос алпауыт қақтығысының ушығуы әлемдік экономика мен сауданың өсу қарқынын төмендетуге алып келмек. Бұл қазақстандық басты экспорттық тауар – мұнайға деген жаһандық сұраныстың төмендеуіне ықпал етеді және тиісінше "қара алтын" бағасын құлдыратады.

Үшіншіден, АҚШ пен ҚХР сауда соғысының күшеюі кесірінен жаһандық экономиканың өсім қарқынының бәсеңдеуі Қазақстан жататын дамушы нарықтардан әлемдік капиталдың қашуына әкелуі ықтимал.  

Зерттеу еңбегінде айтылғандай, державалар арасындағы сауда шайқасы жаңа мүмкіндіктер де ашады. Бірақ олар Қазақстанға пайдалана алса ғана пайда әкеледі.

"Бұл ретте Қазақстан бірқатар мүмкіндіктерді пайдаланғаны жөн. Мәселен, Қазақстан Қытайға кейбір тауарлар экспортының орнын басып, өз экспортын кеңейте алады: олардың арасында суық-илекті болат құбырлар, алюминий сынығы, бидайдың қатты сұрпы, сиыр еті, темекі, полиэтилен және басқалары бар. Бұған қоса, сауда соғысы Қытай үшін "Бір белдеу мен жол" жобасының басымдығын күшейте түседі. Қазақстан Қытай үшін энергетикалық және көліктік шлюз ретіндегі мәртебесін нығайта алады", – делінген зерттеуде. 

Қазақстандық экономист Арман Байғанов Америка мен Қытай тәулігіне шамамен 35 млн баррель мұнай тұтынатынын айтады. Бұл әлемдік тұтыныстың 35%-ы. Олар мыс, алюминий және басқа да шикізат ресурстарын осыған ұқсас көлемде пайдаланады.

"Сауда соғысы екі елдің, бірінші кезекте, көрші ҚХР-дың өнеркәсіптік өндірісі көлемін төмендетеді. Қытайда экспортқа бағытталған көптеген компания банкротқа душар болады. Бұл көршідегі жұмыссыздар қатарын арттырады, юань девальвациясына әсер етеді және қытайлықтарды кедей етеді. Өз кезегінде Қытай өз экономикасын ұстап тұру үшін америкалық бағалы қағаздардан құтыла бастайды, осы арқылы америкалық экономиканы қаржылық коллапсқа душар етеді", – дейді отандық сарапшы.

Оның пікірінше, 2008 жылғыдай терең қаржылық дағдарыс мұнайға деген сұраныстың және оның бағасының құлдырауына түрткі болады. 

"Қазақстанды және мұнай өндіруші басқа да елдерді ұлттық валюталар девальвациясының толқындары жабады. Бұл жағдайда қысқа мерзім ішінде, айталық, бір жылда ұлттық валютамыз 1 доллар үшін 500 теңгеге дейін құнсыздануы ғажап емес. Біз қос әлемдік держава тәубесіне келеді, өзара шегіністер жасайды және өзара тиімді сауда келісімін бекітеді деп үміттенеміз. Сонда бүкіл әлем жеңіл күрсінер еді", – дейді Арман Байғанов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу