ҚХР Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4269

Оны тиімді пайдалану үшін "Қытайдан неге қорқамыз" деген емес, "ҚХР-дың мүмкіндігін қалай пайдаланамыз" деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

ҚХР Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік

2018 жылды алғашқы тоқсанындағы мәлімет бойынша Қытайдан Қазақстанға келетін $80 миллиардқа жуық капитал ағымының 4,7 пайызы ғана тікелей инвестицияға жатады. Ал қалғаны – несие. Қазақстанның сыртқы қарызы $168 миллиардқа жетті. Ал оның ішінде Қазақстанның Қытайға берешегінің көлемін ҚР Ұлттық экономика министрлігі нақты жариялаған жоқ.

"Kazakh Invest"-тің назары Қытай инвестициясына бағытталған. Себебі ұсыныстың басым бөлігі Қазақстанға тиімді. Бірақ толық талдауды қажет ететіні анық", – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының аға сарапшысы Антон Бугаенко жыл басында қазақстандық басылым журналистерімен кездескен кезде.

Мамандар ҚХР-дың Орталық Азия, оның ішінде Қазақстандағы инвестициясы ішінде атақты 51 жобаның шоқтығы биік екенін айтады. Химия өндірісі, таулы металлургия секторы, машина жасау, энергетика, агроөндірістік кешендері, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу мен құрылыс заттарын шығару салаларын қамтыған бұл жобаның жалпы құны $26,2 миллиард екен.

Қазақстандық "Kazakh Invest" компаниясы бұл ұсыныстардың ішінен Қазақстанға тиімді жобаларды қарастырып жатыр. IWEP-тің сайтында жариялаған мәліметке сенсек, 2018 жылы Қазақстанда құны 372 млн төрт жоба іске қосылады. Құны 22 млрд АҚШ доллары тұратын 37 жоба күн тәртібінде жоспарда тұр. Құны 3,9 млрд тұратын 10 жоба біз жақтан қолдау таппай қалуы да мүмкін. Оларды "Kazakh Invest" мақұлдаған жоқ.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары Қытай ұсынған инвестициялық бағдарлама ішінде әрқайсысына миллиард АҚШ доллары жұмсалатын 12 жоба бар екенін айтады. ҚХР Шымкент пен Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы газохимиялық кешендеріне миллиардтық капиталмен кіруге дайын отыр. Сарапшылар Қазақстанның Қытайға берешек қарызының айтарлықтай қиындық тудырмайтынын, тек инвестицияны пайдалану кезінде мұқият болуы керек екенін айтып жатыр. ҚХР инфрақұрылымдық инвестициясына келісімін беру кезінде әрбір жобаны бөлек қарастырмаса, толық бақылау Қытайға өтіп кетуі мүмкін екен.

ҚХР-ның "Бір белдеу, бір жол" жобасына Қытай бюджетінен $4-8 триллион жұмсалғаны қазір жаңалық емес. Сарапшылар Қытай тек өзіне тиімді жобаларды қаржыландыратынын айтады. Себебі Қытайдың Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға бағытталған капиталының үштен бір бөлігі тауар айналымын жылдамдатуға ықпал етуді көздейді. Басқаша айтқанда қытай капиталының 80 пайызы жол, мұнай құбыры, темір жолдарын және порт салуға, қалған бөлігі өндірістік сектордегі түрлі зауыттарды салуға жұмсалып отыр.

Қытайдың бүгінгі геоэкономикалық стратегиясын тоқтату мүмкін еместігі, қытай инвестициясының саннан сапаға көше бастағанын біз емес, батыс елдері сарапшылары да айта бастады. Қытай инвестициясынан үміткер жаңа елдер Қытайдың назарына ілініп қалу үшін инвестициялық климатын жақсартуға кірісіп жатыр. Мамандар инвестициялық бәсекенің – әлемдік инвестицияның оң бағытқа өзгеруіне, ҚХР немесе халықаралық банктер несиесі пайызының төмендеуіне ықпал ететінін айтып отыр.

Қазақстандық қытайтанушы сарапшы Константин Сыроежкин ҚХР тәрізді стратегиялық әріптес ел, көрші елмен сауда көрсеткіштері мен нақты көрсеткіште алшақтық байқала бастағанына алаңдайды. Сарапшының пайымдауынша, үкімет ҚХР арадағы жобалардың нақты құны, $80 миллиардқа жуық капитал ағымының қаншасы тікелей инвестицияға, қаншасы несиеге жататыны туралы деректерді ашып айтуы керек. Константин Сыроежкинннің айтуынша, соғыс арқылы жерді жаулап алу ҚХР жоспарында жоқ. Оған қажеттілік де жоқ. Экономикалық-интеграциялық жаһандану заманында көрші елдердің әлеуетін өз мүмкіндігіне пайдаланған соғыс ашып, жаулап алғанан әлдеқайда тиімді.

"Біздің толқын алған қарызды біздің балаларымызға қайтаруға тура келеді. Қытай Ресей емес, ол қарызды қайтармай қоюды кешірмейді", – дейді Константин Сыроежкин.

Саясаттанушы – сарапшы Досым Сәтпаев Қазақстанның Қытай Халық Республикасына тең құқықты және тең дәрежелі әріптес ел бола алмайтынын айтады. Қазір көрші елге әріптес ел атанғысы келетін елдердің қатары көп. Бірақ ҚХР-дың қай елді қандай дәрежеде таңдайтыны әзірге құпия. Бұл құпияның ешқашан ашылмауы да әбден мүмкін. "Қытай, көп елдермен салыстырғанда өзінің мүмкіндігін жақсы білетін ел. Біздің ел ҚХР үшін мұнай-газ және шикізат, қала берді ауыл шаруашылығы көзі. Егер, бұл саясат жалағаса берсе, күндердің күнінде біздің байланыстарымыздың деңгейі әріптес ел емес, алып, алпауыт елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуі міндетімен шектеліп қалуымыз әбден мүмкін. Қытай елі біздің елдің ішкі проблемаларын, біздің бәсекеге қабілеттігіміздің абсолюттік деңгейін біледі. Біздің шикізаттық экономиканың арқасында ғана елге танылып отырғанымызды біледі. Шикізатты сатудан түскен мол қаржыны абстаркты жобаларға салып отырғанымыз да көрші елге белгілі", – дейді Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, біздің ҚХР-мен арадағы түйісуге тиіс нүктелерде түсінбестік орын алып қалса, ҚХР-тың бұдан гөрі қаталдау позицияға көшіп кетуі әбден мүмкін.

"Біз мұны жан-жағымыздан көріп жүрміз", –дейді Досым Сәтпаев.

Қазақ инвесторларының Қытай жеріндегі жобаларға қатысуы туралы деректер енді ғана жағымды сипатқа ие бола бастағанын аңғаруға болады. Қазақстандық СІМ ұсынған ақпаратта 2007 жылдың мамыр-маусым айларында "Казатомөнеркәсіп" және қытайлық Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасындағы қытайлық АЭС-терді қазақстандық ядролық отынмен жабдықтау туралы келісімге, сонымен қатар қытайлық курорттық Санья қаласының мэриясы және "Казкоммерцинвест" арасындағы қонақүйлер жүйесін салуға 1 млрд АҚШ долларын құю туралы меморандумға қол қойылғаны айтылған. Ұлттық компаниялардың инвестицияларын айта кетсек, қазіргі кезде "ҚТЖ" ҰК қатысумен Ляньюньган портында (Қытайдың Цзянсу провинциясы) құны 100 млн АҚШ долларына бағаланған терминалы тиімді және маңызды жоба іске асып жатыр.

Қытайтанушы-арабшы Елдос Орда Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қытай үкіметі БББЖ (Бір белбеу-бір жол) стратегиялық бағдарламасы арқылы азиялық көршілермен ғана емес, еуропалық елдермен де ынтымақтастық деңгейін тереңдетіп, тығыз әріптестік орнату арқылы дамудың жаңа жолын табудан үмітті екенін айтады. Сол жол бойында жатқан біздің ел арқылы Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау теңіз арқылы тасымалдаумен салыстырғанда 3 есе жылдам, ал ұшақпен тасымалдаумен салыстырғанда 5 есе арзан.

"БББЖ-ның қытайлар қалаған дәрежеде жүзеге асырылуы тікелей біздің елге байланысты. Тиімді жолдың транзиттік мемлекет болып табылатын бізге де тиімді. Жалпы, Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатудан қашу, оны қаламау – қателік. Құдай қосқан көрші бұл Қытай, қайда қашып құтылам дейсің, қорқа берсек қос көріне береді. "Басып алады, тартып алады" деп ұшындыра бергенше, алып көршіден аларымыздың көп болуын амалдауымыз керек. БББЖ бағдарламасы транзиттік сала мен тауар тасымалдаудың тиімді жолы ғана емес, бұл бағдарламаның мақсаты әлдеқайды ауқымды, мәні әлдеқайда терең", –дейді Елдес Орда.

Жапонтанушы-дипломат Батырхан Құрмансейіт бізге ҚХР-дан қорқу тиімсіз екенін айтады. Қорқып, есікті жауып қоятын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Мұнай-газ саласының төрттен бір бөлігі қытайлық компанияларға тиесілі елміз.

"Бізге қазір ҚХР-дан да мықты елмен жақын болуымыз керек. Басқаша айтқанда – ҚХР-на альтернатив ел ретінде Жапония да қаперде ұстауымыз керек", – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Батырхан Құрмансейіт Қытай мен Ресейдің құшағында қалып, әбден өкпесі қысылған Моңғолияның ресми түрде Жапонияны "Үшінші көрші" атап жүргені тегін емес екенін айтады. Бұл моңғолдардың саяси-экономикалық жағдайынан шыққан жанайқайы ғана емес, әбден ойдың елегінен өткен стратегиялық таңдауы.

"Бізге ҚХР-ға балама ел ретінде Жапонияға да басымдық беруіміз керек. Бұндай таңдауға моңғолдық жапонтанушылар мен жапондық моңғолтанушылардың қосқан үлесі үлкен. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты мықты болуы тек мықты саясаткерлерге ғана байланысты емес, сол саясаткерлерге дұрыс ақпарат бере алатын мықты мамандардың болуына байланысты. Мемлекет деген институт пайда болған заманнан бері солай", – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Оның пайымдауынша "Қытайдан неге қорқамыз? Қытайдың қай жерінен, қай қылығынан қорқамыз?" деген сауалдың жүз түрлі жауабы бар.

"Жүз түрлі жауап – қоғамдық сананы сансыратып жатыр. Осы сұрақтардың бәріне ең алдымен қытайтанушы мамандар жауап тауып, Қытаймен қалай болуымыз керек екені жайлы саясаткерлердің сөздері мен дипломаттардың қызметіне эксперттік үлестерін қосып отыру керек" , – дейді Батырхан Құрмансейіт.

ҚХР мен Жапония арасындағы сауда-саттық мәселесіне келсек, екі елдің арасындағы сауда саттықтың бір күндік мөлшері 1 млрд АҚШ долларына жетуі әбден мүмкін. Себебі екі елдің арасында 1 аптада 800 ұшақ қатынап, жылына бір-бірінің шекарасынан кем дегенде 5 млн адам өтеді.

 "Менде бір-екі білікті жапон тілін жоғары деңгейде меңгерген шығыстанушы маманға жапондардың қытайлар жайлы жазып жатқанын, оның арасында қытайлардың біз жайлы жазып жатқанын жапоншадан қазақшаға аударып, "асылын алып" отыратындай жағдай жасап қойсақ деген арман бар" – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Демек, ҚХР Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып отыр. Оны тиімді пайдалану үшін "Қытайдан неге қорқамыз?" деген сұраққа емес, ҚХР-дың мүмкіндігін қалай пайдаланамыз" деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

"Біз стратег ел ретінде екі елді бірдей қарастырған кезде екі елдің де мүмкіндіктері мен кемшіліктерін қатар танимыз", – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу