Қазақстан попкорн жүгерісін өсіруге көшпек

4210

Қазақтарды бұған америкалықтар үйретуде.  

Қазақстан попкорн жүгерісін өсіруге көшпек

Кинотеатрда, супермаркетте сатылатын попкорнның дәмі паркте саудаланатыннан өзгеше екенін байқаған шығарсыз. Өйткені импортталатын өнімге қарағанда елде қолдан жасалатын попкорн қатты, жабысқақ, білінер-білінбес қышқыл дәмді болып келеді. Бұған себеп – осы тауар әдейі будандастырылған жүгеріден жасалуы керек.

Осы орайда "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына" қарасты ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары биыл АҚШ-тың Kin Commodities компаниясымен бірлескен жобаны қолға алды: олар кез келген кинокөрсетілімнің көркін келтірер осы тағам түрін өндіруге арналған жүгері түрін интродукциялауға, өсіруге кірісті. Әзірге жаңа дақыл түрі Agropark Ontustik агропаркінің аумағында өседі.

"Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ"-інің түсіндіруінше, попкорнға арналған жүгері бізде кеңес кезінен бері егілетін қарапайым жемазық жүгеріден егу, күтім жасау технологиясы бойынша да ерекшеленеді екен. Ғалымдар алдымен өсіру тәсілдерін үйренген. Жаңа жүгері түрін белгілі бір кесте бойынша суарып отыру керек. Топырақтың қышқылдық деңгейі ұдайы өлшенуге тиіс. Мал жейтін жүгеріге себуге болатын гербицидтер бұған жарамайды.

Сонымен қатар оны жинауға қатысты ерекше талаптар белгіленген: роторлы бастырғышы бар заманауи комбайндарды қажет етеді. Бұл дақылды жинауда өте сақ, құнтты болу керек. Әйтпесе, егін ору кезінде жарылып кеткен, қырқылған дәндер попкорн дайындау процесінде тырс етіп жарылмайды, ақау болып танылады.

Жобаны бастамас бұрын Қазақстан тарапынан осындай технологиялық мәселелерді шешуге тура келді. Әр қадам мұқият тексерілген, егжей-тегжейі қадағаланып, хатталған, себебі отандық аграршыларға бүкіл әлемде сұранысқа ие болар сапалы попкорн өсірудің қыр-сырын үйрету маңызды. Технология кейін өңірдегі фермерлерге таратылады.

Осы мақсатта Жетісу жақта топырақтың қышқылдығы америкалық компанияның талабына сәйкес шұрайлы егістік алаңы таңдап алынды.

"Покорн – дүниежүзіндегі ең танымал снек, дәмтатым. Алайда Қазақстандағы бүкіл попкорн шетелден импортталады. Біздің пилоттық жобамыз Алматы облысында попкорн өсіру шаруашылығының негізін қалауы мүмкін. Бұл ішкі нарықты төл өнімімізбен молықтырып, сондай-ақ оны экспортқа сатуға жол ашады", – дейді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ.

Бұл істегі Қазақстанның серіктесі Kin Commodities – Небраска штатындағы Американың ірі попкорн өндірушісі "Caravan Popcorn"-ның еншілес кәсіпорны саналады. АҚШ инвесторы Алматы облысындағы Байсерке ауылында жүгері өңдеу зауытын ашқан.

Құрама Штаттарда аграршылар әр гектардан 5–6 тонна және одан көп попкорн жүгерісін жинайды. Ал қазақстандық агропаркте биыл алғаш рет әр гектардан 4 тонна егін жиналды. Ғалымдар осыған да риза. Оның сапасы америкалық әріптестерді сүйсінтіпті. Қазақстандық ғалымдар өнімділікті 8 тоннаға дейін жеткізуден үмітті.     

"Бұл үшін барлық агротехникалық шаралар сақталуға, егіс жақсы суарылуға тиіс. Біздің қолымызды байлайтын басты фактор да – су. Жүгерінің вегетациясы шырқау шегіне жеткенде, суармалы суды беруде үзілістер пайда бола бастады. Өңірдегі көптеген фермер биыл судан тарықты. Бұл анағұрлым жоғары көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік бермеді", – деп түсіндірді ғылыми-зерттеу институты.

Америкалық қонақтардың байламынша, егер билік су мәселесін шешсе, қазақтың құнарлы жері көп өнім беріп, жаһанды осы тағамға қарық қыла алады.

"Мен Қазақстанға Небраска штатынан келдім, ондағы климат Алматы облысына өте ұқсас, попкорн өндіруге қолайлы. Біз қазақ елін кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл елдің ауыл шаруашылығы әлеуеті өте зор. Жергілікті табиғат та жүгері өсіруге кең өріс ашады. Биыл алғаш рет қазақ жерінде өндірілген попкорн сапасына көңіліміз толды. Ғалымдарыңызбен жұмыс істеу де бір ғанибет", – дейді Kin Commodities компаниясының қожайыны Джей Бубак.

Аграршылар бұл дақылға қызығушылық танытып отыр. Олар попкорн-жүгеріні соя жиналған егіске егуге болатынын білді. Дәстүрлі жүгерінің, бидайдың жанына да отырғызуға болады. Барлық жағдайда жаңа дақыл егістіктің ең табысты бөлігіне айналады.

Америкалық попкорн өндіруші өзі қалаған жоғары сапалы өнім алу үшін отандық фермерлерге тұқымды өзі әкеліп береді. Егіншілердің міндеті – тапсырыс беруші ұсынған регламентті ұстану, лайықты күтім жасап, дұрыс суарып, өсіру, соңынан ұқыпты жинап алу. АҚШ инвесторының кеңесші-сарапшылары фермерлерге нені қашан жасау, қандай гербицид пен тыңайтқыш төгу керектігі жөнінде егжей-тегжейлі кеңес-ұсынымдар береді.

Ақыр соңында компания фермерлердің егінін толық өзі сатып алады: тура егістіктен көлігіне тиеп, алып кетеді, өз зауытында өңдеп, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстандағы клиенттеріне, артылса өзге құрлықтарға жөнелтеді. Яғни бұл – тамаша экпорттық өнім.

Батыс елдерінде 1 тұрғын жылына 64 келіге дейін попкорн жейді екен. Яғни тек АҚШ-тың өзі 21,2 миллион тоннасын тұтынады. Қазақстанда бұған қатысты статистика жүргізілмейтін болып шықты. Оның үстіне пандемия аясында кинотеатрлар толыққанды жұмыс істей алмай жатыр. Демек, бұл өнімнің негізгі бағыты – батыс елдері болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу