Ойынға оралу: SpaceX кемесі орбитаға 2 астронавт әкетті

5808

Америка коммерциялық компанияның күшімен соңғы 9 жылда өз жерінен алғаш рет ғарышқа адам ұшырып, Ресей мен Байқоңырға тәуелдіктен құтылуға тарихи қадам жасады.   

Ойынға оралу: SpaceX кемесі орбитаға 2 астронавт әкетті

Миллиардер, өнертапқыш Илон Масктің SpaceX компаниясы жасаған ғарыш кемесі екі америкалықты Жерден комосқа сенбі күні әкетті. Осылайша, орбитаға коммерциялық сапардың жаңа дәуірі басталып, АҚШ 10 жылға жуық уақытта алғаш рет өз жерінен астронавт аттандыру ісіне қайта оралды.

НАСА мамандары Дуглас Херли мен Роберт Бенкен мінген оқ пішіндес Dragon капсуласы  Falcon 9  ракетасының басына орнатылды. Олар осыдан жарты ғасыр бұрын Apollo экипажын Айға ұшырған старттық алаңнан көкке самғады. Арада бірнеше минут өткенде капсула орбитаға жетті. Ал, "Фалконның" бірінші сатысы SpaceX-тің Атлант мұхитында орналасқан арнайы платформасына қайтып қонды.

Екі астронавт Жерден 450 шақырым биіктікте орналасқан Халықаралық ғарыш станциясына 19  сағатта жетіп (Лондон уақытымен сағат 14:29-да), онда 4 айдай қалып, содан соң 1970 жылдардағыдай теңізге қонады деген болжам бар.

Харли мен Бенкенді орбиталық станцияда америкалық астронавт Крис Кассиди, ресейлік космонавттар – Анатолий Иванишин мен Иван Вагнер қарсы алуы керек.

Бұл миссия Құрама Штаттарда коронавирус эпидемиясы өршіп, бүкіл елде нәсілшілдікке қарсы көтеріліс басталғанда жүзеге асып отыр. Айта  кетсек, бірер күн бұрын Америкада қара нәсілді Джордж Флойд кісенделіп, Миннеаполис полициясының қолынан қаза тапқаннан кейін сан мың адам шеруге шығып, наразылық акцияларының соңы үлкен тәртіпсіздіктерге ұласып кетті.

НАСА-ның мәлімдеуінше, Флорида штатының Кеннеди орталығынан екі адамның жекеменшік зымыранымен ғарышқа ұшуы америкалықтардың рухын көтеріп, әлемге Құрама Штаттардың қолынан не келетінін тағы да паш етеді.

"Біз ойынға қайта оралдық. Өте ризамыз. АҚШ! АҚШ!", – дейді Құрама Штаттардың ұлттық ғарыш  агенттігінің өкілі Дуглас Маршберн. 

Тарихи стартты тамашалау үшін Флоридаға президент Дональд Трамп барып, Американың Марсқа бірінші болып адам қондыратынына және елінің космоста үстем күшке айналатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, SpaceX – орбитаға адам ұшырған бірінші жекеменшік компания. Осыған дейін ғарышқа АҚШ, Ресей, Қытай үкіметтері ғана экипаж аттандырып келгені белгілі.

Бұл сапар НАСА-ның тоғыз жылға созылған өзгеге тәуелділігіне нүкте қойды деуге болады. 2011 жылы "шаттлдар" істен шығарылғаннан кейін Құрама Штаттар өз астронавтарын Ресей кемелерімен Байқоңырдан Халықаралық станцияға ұшырып келді. Сол сапарлардың бағасын "Роскосмос" кейде күрт көтеріп отырған. Вашингтонға сенсек, орбиталық бекетке америкалық экипажды бір мәрте апарып қайту үшін Мәскеу 21 миллион доллар алған. Жақында Ресей сол бағаны 90 миллион долларға қымбаттып жіберді.

Соңғы жылдары НАСА ғарыш кемелерінің жаңа үлгісін жасау үшін SpaceX және Boeing компанияларына 7 миллиард долларға тапсырыс берді. Дегенмен, соңғысының Starliner капсуласы 2021 жылдың басына дейін орбитаға адам апаруы екіталай.

НАСА осы коммерциялық серіктестерінің көмегімен алдағы бірнеше жылда адамды Айға, ал 2030 жылдары Марсқа жөнелтуден үмітті.

53 жастағы Харлей – АҚШ теңіз күштерінің бұрынғы жауынгері, ал 49 жастағы Бенкен әскери авиацияда полковник болып қызмет еткен. Олар бір кездері "шаттлдармен" ұшты.

Астронавттар орбитаға сәрсенбі күні аттануға тиіс еді. Алайда, стартқа 17 минут қалғанда ракетаның жұмысын доғаруға тура келді. Өйткені, ауа-райы бұзылып, аспанда найзағай жарқылдай бастаған. 

Сенбіде қос ғарышкерді Халықаралық станцияға шығарып салу үшін Кеннеди орталығына бірнеше мың адам ғана жиналды. Себебі, коронавирус қаупі сейілмей тұр. Бірақ, НАСА-ның есебінше, тарихи стартты онлайн режимінде 3 миллионнан астам адам тамашалаған.

Тағы бір айта кететін жайт, Харли мен Бенкен ұшуға дейін екі ай бойы карантинде болды. Және де оларға скафандра киюге көмектескен техникалық мамандар маска тағып, арнайы қолғаппен қызмет көрсетті.

SpaceX компаниясы ғарыш станциясына жүк кемелерін 2012 жылдан бері ұшырып келеді. НАСА осындай коммерциялық компаниялардың зымырандарымен болашақта комсомқа үкіметтік емес ұйымдардың зерттеушілерін, әртістерді, туристерді де аттандырудан үмітті.  Сондай сапарға әйгілі актер Том Круз қызығушылық танытып үлгерген.

Техникалық тұрғыдан сенбі күнгі старт – тесттік ұшу болды. SpaceX ғарыш станциясына тамыздың соңында төрт адамдық толық экипаж жіберуді жоспарлап отыр: үш  америкалық пен бір жапондықты.

SpaceX ғарышқа адам апаратын кемесін 2015 жылы сынақтан өткізбек болып, бюрократиялық және техникалық кедергілерге тап болды. Ал, өткен жылы оның бір капсуласы тест кезінде жарылып кеткен. Сонымен қатар, Boeing компаниясының да әуелгі Starliner капсуласы былтыр желтоқсанда орбитаға дұрыс енбей, сынақ кезінде жойылып кете жаздады.

Ғарыш кемесі ақыры станцияға бет алғанда, Маск бір күрсініп, астронавттар мен олардың отбасыларының амандығы үшін жауапты екенін, ұшудан Жерге оралудың белгілі бір дәрежеде әлдеқайда қауіпті екенін айтып, "жеңісті тойлауға әлі ерте" екенін де ескертті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу