Кимнің үміті Путинде

5604

Солтүстік Корея президенті Кремль басшысын экономикалық көмек беруге үгіттеуі мүмкін.

Кимнің үміті Путинде

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын сәрсенбі күні әскери пойызбен Ресейдің Қиыр Шығыстағы қаласы – Владивостокқа жетті. Екі ай бұрын Ким АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, еліне жарияланған санкцияларды жеңілдетуге ұмтылған болатын. Алайда Ханой сапары екі жақ үшін де сәтсіз аяқталды.

Солтүстік Кореяда әзірге қаржылық немесе гуманитарлық дағдарыс қылаң берген жоқ. Бірақ кейбір бақылаушылардың айтуынша, кейінгі жылдары қатаңдай түскен санкциялар Кимнің валюталық резервін бірте-бірте ортайтып барады. Сондықтан коммунистік мемлекет көсемі қазір сырттан ақша тартуға жанталасып жатыр. Соған қарамастан оның насихатшылары Солтүстік Кореяның "қара сумен, ауамен-ақ" күн көре алатынын жиі айтатын болды. 

БҰҰ тұрақты мүшелері - Ресей мен Қытай бұл экономикалық шектеулерді жеңілдетуге шақырып келеді. Алайда Мәскеу мен Бейжің 2006 жылдан бері Пхеньянға қарсы 11 санкция пакетін мақұлдап дауыс берген. Кейбір сарапшылардың болжамынша, Ким бүгін президент Владимир Путинге халықаралық эмбарголарға қарсы екенін айтып, Солтүстік Кореяға гуманитарлық ниетпен азық-түлік жіберуді сұрауы мүмкін.

Ким Чен Ын Кремль басшысынан қанша көмек алатыны әзірге белгісіз. Қытай тәрізді Ресей де санкцияларды ашық бұзып, АҚШ-пен арадағы дипломатиялық тайталасты күшейткісі келмейді. Айта кетсек, Солтүстік Кореяның сыртқы саудасының 90%-дан астамы Қытаймен байланысты.

Ресей азық-түлікті жасырын ғана жеткізе алады
Сеулдегі Асан Саяси зерттеулер институтының сарапшысы Го Мон Хюннің сөзінше, Кимнің Ресейге сапары Трамппен Вьетнамда ақпанда өткен сәтсіз саммитке дейін-ақ жоспарланып қойса керек. Кездесу қарсаңында Солтүстік Кореяның Вашингтондағы елшісі Ким Сон "дереу азық-түлік" қажет деген ерекше мәлімдеме жасады. Пхеньянның мәлімдеуінше, азық-түлік тапшылығына халықаралық санкциялармен бірге қолайсыз ауа-райы да себепші.

Сеулдегі IBK экономикалық зерттеулер институтының  сарапшысы Чо Бон-хун келтірген деректерге жүгінсек,  Солтүстік Корея 1 млн тоннадан астам азық-түлікке мұқтаж. Ал Ресейден ол жүздеген мың тонна астық пен ұн сұрауы мүмкін. "Бірақ  Ресей бұл азықты Солтүстік Кореяға жасырын ғана жеткізе алады", – дейді Чо.

Путин-Ким саммитінде Ресейде жұмыс істеп жатқан солтүстіккореялық жұмысшылар мәселесі де көтерілуі ықтимал. БҰҰ санкцияларына сәйкес, олар да әлемнің өзге елдеріндегі отандастары тәрізді жыл соңына дейін елдеріне оралуға тиіс.

"Ким Путинге бұл проблемада икемділік танытуға өтініш жасауы ғажап емес. Өйткені ол жұмысшылар Кимнің қоржынына шетелден миллиондаған доллар валюта құйып жатыр", – дейді Сеулдегі Асан институтының сарапшысы Шинь Бом-чуль Associated Press агеттігіне берген сұхбатында.

Былтыр мамырда Оңтүстік Кореяның бірігу министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, Солтүстік Корея шетелге шамамен 150 мыңдай жұмысшы жіберген. Олардың көбі – Қытай мен Ресейде фабрикаларда, құрылыста, базарларда, мейрамханаларда нәпақа тауып жүр. Дегенмен Солтүстік Кореядан қашқан адамдардың сөзінше, мигранттар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп, жалақыларының көп бөлігін Ким үкіметіне аударуға мәжбүр болуда.

Солтүстік Корея лидері Ханой саммитінде Трамппен санкцияны алып тастауға келісе алмағаннан кейін, сол эмбарголарға төтеп беру жолында халықты ынтымаққа шақырды.

"Дұшпан күштердің санкцияларын жайпап өтеміз", –  деді Солтүстік Корея көсемі сәуірдің 12-де парламент алдында сөйлеген сөзінде.

Вьетнам кездесуінде Ким Трампқа ел экономикасының дамуына кедергі болып отырған 11 санкцияның бесеуін алып тастауды ұсынды. Сол үшін Солтүстік Корея басшысы бірте-бірте ядролық қарудан бас тартуға уәде берді. Алайда Трамп көнбеді. Санкцияларға сәйкес, Пхеньян шетелге көмір, текстиль, теңіз өнімдерін экспорттай алмай отыр. Сонымен қатар бұл мемлекет мұнайды бұрынғы көлемде импорттау мүмкіндігінен де айрылды. Санкциялардың өзге бір талабы бойынша, биыл желтоқсан айына дейін шетелде жүрген солтүстіккореялық жұмысшылар еліне оралуға міндетті.

Қытаймен сауда қысқарды
Қытай кеденшілерінің дерегінше, 2018 жылы Қытайдың Солтүстік Кореядан өнім импорты 88 пайызға төмендесе, экспорты 33 пайызға дейін құлдыраған. Ал Оңтүстік Корея орталық банкінің есебінше, 2017 жылы Солтүстік Корея экономикасы 3,5 пайызға қысқарды. Дегенмен теріскейдегі көршісінің жағдайын қадағалап отырған оңтүстіккореялық мониторингтік топтардың айтуынша, Солтүстік Корея базарларында күріш пен ең қажетті тауарлардың бағасы өзгермеген. Ал Оңтүстік Корея барлау агенттігі өткен айда парламентте мәлімдеме жасап, Солтүстікте жаппай аштықтың белгісі байқалмай отырғанын атап өтті.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ким режимі шетелдік валюта резервін Қытайдан тауар сатып алуға жұмсап, баға тұрақтылығын сақтауға тырысып келеді. Сонымен қатар Солтүстік Корея бұрын импорттаған тауарларды бүгінде өзі өндіруге кірісіп, Қытаймен арадағы шекарада заңсыз сауданы жандандырып, экономикасын құлдыраудан құтқарып отыр.

Солтүстік Кореяның валюталық резерві 5 млрд долларға жуық деген мәлімет толық расталған жоқ. Бірақ ол халықаралық санкцияларға үлкен экономикалық және әлеуметтік дүрбелеңсіз әлі қанша уақыт жауап бере алады?  Бұл сауалға нақты жауап жоқ.

Оңтүстіккореялық зерттеушілердің болжамынша, Солтүстік Корея санкциялардың қысымымен әлі 4-5 жыл өмір сүре алады. Бірақ өзге болжамдарға қарағанда, Кимнің валюталық резерві биыл желтоқсанға дейін немесе келесі жылдың басында түгесілуі мүмкін. Ал гуманитарлық дағдарыстың нышаны байқалған жағдайда, Қытай көрші елден ағылған босқындар легін тоқтату үшін Солтүстік Кореяға азық-түлікті мол жіберуі ықтимал.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу