Мәскеу мен Теһран Таяу Шығыста одақтас емес, бәсекелес болып шықты

5180

Дональд Трамп Иранның мұнай экспортын нөлге дейін түсірсе, Ресей ұтады.

Мәскеу мен Теһран Таяу Шығыста одақтас емес, бәсекелес болып шықты

АҚШ-тың Иранға жасап жатқан экономикалық соққысы Кремльге Сирияда Ислам Республикасының ықпалын тежеуге жәрдемдесіп қана қоймай, президент Владимир Путиннің Таяу Шығыста Ресейдің айбынын арттыруға үлес қосуы ғажап емес.

Теһран мен Мәскеу бір кездері бұл аймақта сыбайлас еді. Қазір араб республикасында 8 жылдық азаматтық соғыс аяқталуға жақындағанда, олардың арасында тайталас күшейіп келеді. Соңғы айларда екі жақтың әскери күштері мен одақтастары Сирияда бір-бірімен бірнеше рет қақтығысты. Ресейдің ресми өкілдері мен ақпарат құралдары хабарлағандай, қарулы жанжалдан қаза тапқандар да бар.

Бірер күн бұрын Ресей үкіметіне жақын үш адам "Блумберг" агенттігіне айтқандай, екі мемлекеттің қатынасы бүгінде шиеленісіп тұр.

"Трамптың Иран мұнайын Қытайға, Үндістанға, Түркияға және өзге елдерге сатуға рұқсат беретін жеңілдікті алып тастауы Теһранның ықпалына қарсы тұруды әлдеқайда оңайлатады", – дейді Мәскеудегі саяси топтарды зерттеу  ұйымының Таяу Шығыс мәселелері бойынша сарапшысы Юрий Бармин.

Трамп Иранға қарсы санкцияларды былтыр қараша айында қайта қалпына келтірді. Содан бері Ислам Республикасы бұрынғы серіктесінен ешқандай қолдау көрмегеніне шағымданып келеді. Революциялық сақшылар корпусының экс-командирлерінің бірі негізін қалаған "Табнак" жаңалықтар сайтының хабарлауынша, Вашингтон экономикалық эмбарголарды жаңадан жариялап жатқанда, Мәскеу Теһранмен ешқандай ынтымақтастық орнатпаған.

Fitch рейтингтік агенттігінің мұнай және газ жөніндегі директоры Дмитрий Маричеконың пікірінше, Иранның халықаралық мұнай нарығынан ығыстырылуы Мәскеуге қаржылық тұрғыдан да тиімді. Өйткені Ресей бұдан былай энергетикалық шикізат өндірісін бар мүмкіндігінше арттырып, жылына қазіргі бағамен қосымша 6 млрд доллар пайда таба алады.

Иранмен қатынасы нашарлаған шақта Ресей Теһранның басты бәсекелесі – Сауд Арабиясымен бұрын-соңды болмаған ынтымақтастыққа барып, онымен бірге ОПЕК-пен келісім жасап, мұнай өндірісін шектеп, әлем нарығында шикізат бағасын тұрақтандырды.

Мәскеу мен әр-Рияд Сирияда қарсыласушы тараптарды қолдап отырса да, Путин өзге араб елдерін президент Башар Асадқа қарсы дұшпандықты тоқтатуға үндеп, Сирияны Араб мемлекеттері лигасына қайта қосуға күш салып отыр. Шииттік Иранды жау көретін Парсы шығанағындағы сүнниттік мемлекеттерге бұл идеяны қолдаудың қиынға соғуы екіталай.

Қарулы қақтығыстар
Ресей әскерлері Иранға сүйеген ливандық "Хезболла" содырларын Сириядан бірте-бірте ығыстырудың жолдарын қарастырып жатыр. Ресейшіл және ираншыл күштер өткен жылдың соңынан бері бір-біріне бірнеше рет оқ атқан. Сондай оқиғалар осы айдың өзінде үш рет болыпты.

Түркияның "Анадолы" агентігінің хабарлауынша, сәуірдің 19-да Сирияның шығысындағы Дей-әз-Зор провинциясында қарулы қақтығыс кезінде Иран революциялық сақшылар корпусының 3 сарбазы мерт болып, Ресейдің 4 әскери полициясы жараланған.

"Новая газета" басылымының мәліметінше, Сирия армиясының Теһран мен Мәскеуге бағынышты бөлімшелері де өзара соғысып, қан төгілген.

Сириядағы адам құқықтары жөніндегі обсерватория директоры Рами Абдурахманның мәлімдеуінше, екі жақ өткізу пунктерін бақылауға алып, одан қаржылай кіріс көру үшін бір-бірімен жанжалдасқанымен, осы жағдайдың өзі де Ресей мен Иранның араб республикасындағы тайталасынан хабар береді.

Мүдделері әртүрлі
"Ресей мен Иран Асадты билікте қалдыру жолында бірге күрессе де, олардың стратегиялық мүдделері әртүрлі", – деді Мәскеудің Теһрандағы бұрынғы елшісі Николай Кожанов "Блумбергке" берген сұхбатында.

Иран Сирияны Таяу Шығысқа үстемдік етіп, Израильге қауіп төндіруге жол ашатын негізгі майдан деп есептейді. Бұл позиция Ресейдің мақсатына қайшы. Кожановтың ойынша, Путин де Сирияны аймақта Кремльдің ықпалын күшейтуге пайдалануды көздеп отыр. Бірақ бұл амбицияны жүзеге асыру барысында Мәскеу Таяу Шығыстағы барлық негізгі ойыншылармен, соның ішінде Израильмен де байланысын сақтап қалғысы келеді. Сол себепті Ресей Израильге Сириядағы Иранның позицияларына әуеден соққы беруге қайта рұқсат берген.

Биыл қаңтарда Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Иранның Ресейдің одақтасы болғанын жоққа шығара отырып, өз елінің Израиль мемлекетінің қауіпсіздігін нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Лондондағы Chatham House наурызда жариялаған баяндамасында айтқандай, экономикалық тұрғыдан алғанда Ресей мен Иран - Сирияда бәсекелес.

2017 жылдың басында Сирия мен Иран ежелгі қала – Пальмира маңында фосфат өндіру үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Арада жарты жыл өткенде Дамаск ресейлік компаниямен де дәл осы шахтаға құқық туралы келісім жасасты.

Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ Иран армиясының элиталық бөлімшесі – Ислам революциясының сақшылар корпусын сәуірдің ортасында террористік ұйымдар тізіміне енгізді. Мұның нәтижесінде Тегеранның мұнай тасымалдауы қиындап, Сирияны энергетикалық отынмен қамтамасыз ету рөлі Ресейдің қолына өтуі мүмкін. 

Әзірге екі жақ соғыстан кейінгі Сирияны саяси тұрақтандыру жолында ынтымақтасып отыр. Кейбір бақылаушылардың сөзінше, егер бұл серіктестік күйрейтін болса, жағдай мүлде  бақылаудан шығып, Мәскеу мен Теһеранның ықпалындағы әскери топтар бір-біріне оқ атуды тіпті жиілетуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу