Батыс Ресейді тағы да санкцияға алуы мүмкін

6793

Мәскеу соты сейсенбіде Батысты елеместен, Кремльдің сыншысы Алексей Навальныйды түрмеге қамады. Оппозициялық саясаткердің ойынша, президент Владимир Путин оны жеккөргендіктен және қоррыққандықтан, соттап отыр.  

Батыс Ресейді тағы да санкцияға алуы мүмкін

Мәскеу соты Навальныйға үш жарым жылдық жаза тағайындады. Бірақ адвокатының мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы блогер үй қамауында өткізген уақытына байланысты іс жүзінде екі жыл сегіз ай түрмеде отырады. Сонымен қатар, қорғаушылары апелляциялық шағым түсіретіндерін де ескертіп отыр.

Навальныйдың босатылуын талап еткен бүкілхалықтық наразылықтардан кейін қабылданған шешім Ресейдің Батыспен қарым-қатынасын одан әрі шиеленістіріп, Вашингтон мен Брюссельде Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салу мәселесі қарастырылып жатыр.

АҚШ, Ұлыбритания, Германия және ЕО Кремльді Навальныйды дереу босатуға шақырды.  Ал  АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонның Ресейді жауапкершілікке тарту үшін одақтастарымен күш біріктіретінін ескертті.

Ресей қазірдің өзінде санкцияларында. Дегенмен, кейбір сарапшылар Батыстың көбірек қысым жасау мүмкіндіктері шектеулі деп санайды. Навальныйдың сыбайластарының бірі Батысты сот отырысы басталмас бұрын Путиннің маңындағыларды жекелеген санкциялармен "ұруға" шақырды.

Ресей Навальныйды ЦРУ-дың активі деп мәлімдеген еді. Оппозициялық саясаткер мұны да жоққа шығарып келеді.

Путиннің ең көрнекті сыншыларының бірі - Навальный қаңтардың 17-де Германиядан оралғаннан кейін шартты жаза талаптарын бұзды деген айыппен қамауға алынды. Айта кетсек, ол жүйкені зақымдайтын элементпен уланып, Берлин ауруханасында емделді.

Навальныйдың айтуынша, Ресейдің мемлекеттік қауіпсіздік агенттері уды іш киімге салған, ал Кремль бұны мойындамай отыр. Сонымен қатар, оппозиционер сейсенбі күнгі тыңдауды Путиннің тарихтағы орнын өзінше әшкерелеуге пайдаланды.

"Путиннің жалғыз әдісі - адамдарды өлтіру. Ол өзін керемет геосаясаткер ретінде көрсетсе де, тарихта улаушы болып қалады. Мысалы, Александр Либератор, Данышпан Ярослав және ал Путин - іш киіммен улаушы", - дейді Навальный.

Саясаткердің жақтастары сот шешімін тыңдап болғаннан кейін, елді Мәскеудің орталығына жиналуға шақырды. Ал, мегаполис метрополитенінің үш орталық станциясы жұмысын тоқтатты. Полицияның қарсылығына қарамастан, жүздеген шерушінің кейбірі "Путин - ұры!", "Путин - улаушы!", деп ұрандатты.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары Навальныйдың 70 жақтасын ұстаған. Ал, OVD-Info мониторинг тобы кейінірек бүкіл ел бойынша 1408 адамның тұтқындалғанын және олардың 1000-нан астамы Мәскеуде қолға түскенін хабарлады.

Тұтқындалғаннан кейін Навальный Путиннің байлығы туралы видео жариялады. Ол YouTube-те 100 миллионнан астам рет қаралған. Бірақ, Кремль зәулім сарай президентке тиесілі деген мәліметті жалған деп мәлімдед отыр.

Саяси бесекелестік

Навальный сотта сөйлеген сөзінде Путин оны саяси қарсылас болады деп алаңдағандықтан, түрмеге жапқанын атап өтті. Мұны мысқылмен қабылдаған Кремль  Навальныйды халық кең қолдамаған маргиналды тұлға деп сипаттады.

68 жастағы Путин 2000 жылдан бастап Ресей саясатында үстемдік етіп келеді және де ол өткен жылы референдумда мақұлданған конституциялық өзгерістерге сәйкес,  2036 жылға дейін билік ете алады.

"Біреу менің ел аумағында еркін адам ретінде бір қадам басқанымды қаламады. Сонымен қатар, ол мені өлтіргісі келді. Бірақ, мен тірі қалып, оны масқара қылдым", - деді 44 жастағы Навальный сот залындағы шынының ар жағында тұрып.

Үкім оқылғаннан кейін, әйелі Юлия коронавирустық пандемия салдарынан киген маскасын шешіп, күйеуіне қол бұлғады. Навальныйдың жауабы: "Уайымдама. Бәрі жақсы болады!".

Кремльдің айтуынша, мемлекеттік істерден қолы босамайтын Путин Навальныйдың сотын қадағаламады. Ал, президенттің өзі желтоқсан айында мәлімдегендей, Ресей мемлекеті Навальныйды уландырды деген хабар - АҚШ-тың РФ президентінің беделін түсіруге бағытталған қастандығының бір бөлігі. Бұған қоса, Путиннің айтуынша, Мәскеу Навальныйдың өлгенін қаласа, бұл жұмысты баяғыда аяқтаған болар еді.

Түрме өкілі сотта Навальныйдың шартты жазаға берілгеннен кейін бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзғанын және жүйелі түрде сотқа келмегенін айтты.

Дегенмен, Навальный өткен жылдың соңында түрме қызметіне есеп бере алмағанын уланып, Германияда емделуге мәжбүр болуымен түсіндіріп берді. Түрме болса, оған қарсы шағымды уланғанға дейін-ақ жазғанын алға тартып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу