10 мың содырды қайтпек керек?

4598

Вашингтон "Даиштың" мыңдаған мүшесін өз елдеріне қайтару мәселесін көтеріп, Еуропаның қарсылығына тап болды.  

10 мың содырды қайтпек керек?

Ал, Түркия депортациялауды жоспарлап отырған 100-ден астам ортаазиялықтың ішінде қазақтандықтар да бар. Америка Құрама Штаттары "Даиш" тобымен күресіп жатқан ғаламдық коалицияға қысымды күшейтіп отыр. Сондағы мақсаты – халықаралық қауымдастықты "Ислам мемлекеті" құрамындағы шетелдік содырларды өз елдеріне қайтаруға көндіру. Алайда, бұл проблеманың салмақты екеніне ешкім күмән келтіріп отырмаса да, оларды қалай қайтару және қайтару қажет пе деген мәселеде ортақ мәміле әлі жоқ.

Ғаламдық коалицияға кіретін елдердің сыртқы істер министрлері Вашингтонда бас қосып, жиһадшыл топқа қарсы келесі іс-шараларды талқылады. Айта кетсек, Түркия қазанның 9-да Сирияның солтүстік-шығысына басып кіріп, ал АҚШ осы елдегі контингентін қысқартатынын жариялағаннан кейін бұл проблеманың өзектілігі тіпті артты.

"Даиш" Сирияда жаулап алған территорияларының түгелге жуығынан айрылып, лидері Әбу Бәкір әл-Бағдади жойылса да, әлемге әлі де қауіп төндіріп тұр.

Қазір террористік топтың 10 000 содыры Сирияның солтүстік-шығысындағы түрмелерде отыр. Сонымен қатар, олардың отбасы мүшелері (шамамен 70 мыңдай адам) лагерлерге шоғырландырылған. Бұл –  коалицияны толғандырып отырған ең үлкен түйіткілдердің бірі.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Таяу Шығыста соғыс басталғалы Ирак пен Сирияға 800-ге жуық қазақстандық кетіп, "Даиш" және өзге де қарулы топтарға қосылды. Ал, биыл "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға Сириядан 595 адам қайтарылды. Солардың 400-ден астамы – балалар.

 "Бұл проблеманы Құрама Штаттар немесе өзге біреу шешіп береді деп ешкім күтпеуі керек", – дейді Мемлекеттік департаментте өткен брифингте АҚШ-тың терроризммен күрес жөніндегі үйлестірушісі Натан Сейлс.  

Вашингтонның ойынша, содырлар өз елдеріне қайтарылып, сонда жауапқа тартылып  немесе оңалтудан өтуге тиіс. Алайда, Еуропа бұған қарсы. Оның мәлімдеуінше, "даиштықтардың" Сирия мен Ирактағы қылмыстары туралы "Қарт құрлықта" дәлел жинау қиын және де олардың Еуропа мемлекеттерінде тағы да шабуылдар ұйымдастырмайды дегенге кепілдік жоқ.

"Біздіңше, өзге елдерге басқа мемлекеттердің содырларын "импорттап" тергеу немесе қоғамға бейімдеу туралы ұсыныс жасау жүзеге асатын таңдау емес", – дейді Сейлс.  

Сонымен қатар, оның айтуынша, Сириядағы содырлар проблемасы өмір-бақи жалғаса алмайды, ол шешімін табуы керек. "Рейтердің" мәліметінше, атышулы экстремистік топ мүшелері Американың күрд одақтастары – "Сирия Демократиялық Күштерінің" бақылауындағы абақтыларда отыр.

Кездесуден кейін Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Париждің  позициясын қайталап ескертті: "содырлар қылмыс жасаған жерлеріне жақын маңда" жауапқа тартылуға тиіс. Яғни, француздың бас дипломаты "даиштықтарды" Еуропаға қайтаруға үзілді-кесілді қарсы.

СИРИЯ ЛАНДШАФТЫ ӨЗГЕРДІ

Трамп билікке келерде Америка жауынгерлерін шетелдегі жанжалдардан қайтаруға уәде беріп, былтыр желтоқсанда Сириядағы контингентті түгелдей қайтарамын деп, одақтастарын төбесіне жай түскендей әсерге бөледі.

Содан бері Ақ үй басшысының ойы сан құбылды. Ал, өткен айда президент "Пентагон Араб Республикасының солтүстік-шығысында шамалы әскер қалдыруы керек" деп мәлімдеді. Трамптың сөзінше, америкалық сарбаздар Сирияның мұнай кеніштерін қорғап, елге "Даиштың" қайта оралуына жол бермеуі тиіс.

Сәрсенбі күні АҚШ Қорғаныс министрі Марк Эспер келтірген мәліметке қарағанда, Америка Сириядағы 1000 жауынгері мен офицерінің санын 600-ге дейін қысқартып,  әскерді әкету жоспарын жартылай болса да орындады.

"Дегенмен, Сирияның ланшафты өзгерді. Бұл мемлекеттің болашағын айқындайтын басты ойыншылар – Ресей, Иран, Түркия", – дейді атын атамауды өтінген бір шетелдік дипломат бейсенбі күні "Рейтерге" берген сұқбатында.  

Кейбір бақылаушылардың ойынша, АҚШ сарбаздарының Сириядан кетуі және Трамптың Таяу Шығысты қауіпсіздендіруге шығындалмау ниеті Вашингтонның бұл аймақтағы ықпалының әлсірегенін білдіріп, кейбір мемлекеттерді Ресей, Қытай тәрізді державаларға жүгінуге мәжбүрлеп отыр. 

Тағы бір айта кететін жайт, мұның алдында Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео "Даишпен" күресіп жатқан ғаламдық коалицияны Ирак пен Сирияның соғыстан қираған инфрақұрылымын қаржыландыруға үлес қосуға шақырды.

"ТҮРКИЯ "ДАИШТЫҢ" ҚОНАҚ ҮЙІ  ЕМЕС"

Түркия жиһадшыларды елдеріне депортациялауды қарашаның 11-де бастады. Қазір 20-дан астам еуропалықты отанына қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Олардың ішінде германиялықтар, ирландиялықтар, даниялықтар, франциялықтар және тағы басқалар бар. Сонымен қатар, Анкара бір америкалықты депортациялау үшін оны Грекия аумағына кіргізіп жібермек болған. Алайда, қарсы жақ шетелдікті кері қайтарып жіберді.

Түркия қазір Батыс елдерін бір кездері "Даишқа" қосылу үшін Сирия мен Иракқа аттанған азаматтарын қабылдаудан бас тартып, азаматтығынан айырды деп қатаң сынап отыр.

"Бұдан қашудың қажеті жоқ. Біз содырларды сіздерге қайтарамыз. Олармен не істейсіздер, қалауыңыз білсін. Түркия – "Даиштың" отельі емес", - деді Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлы өткен аптада жасаған бір мәлімдемесінде.

Министр келтірген деректерге жүгінсек, Түркия бүгінде "Ислам мемлекеті" тобының 1200-ге жуық мүшесін қамауда ұстап отыр. Солардың 287-і Сирияның солтүстігінде жүргізілген әскери операция барысында қолға түскен.

Hurryiet газетінің хабарлауынша, Анкара экстремистік топтың 959 мүшесін депортациялауды жоспарлап отыр. Солардың ішінде 10 қазақстандық, 82 өзбекстандық, 21 тәжікстандық, 23 қырғызстандық, 6 түркіменстандық, 99 ресейлік бар. 

Түркия өткен айда Сирияның теріскейінде "Даиштың" мыңдаған содыры мен олардың отбасыларын ұстап отырған күрд отрядтарына қарсы әскери операция жүргізгені белгілі. Алайда, Анкара азаматтығынан айрылғандарды репатрациялай ала ма? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.

1961 жылы қабылданған Нью-Йорк конвенциясына сәйкес, адамды мемлекетсіз қалдыру заңға қайшы. Соған қарамастан, әлемнің бірнеше мемлекеті, солардың ішінде Франция мен Ұлыбритания бар, бұл құжатты әлі ратификациялаған жоқ. Сондықтан, бүгінде Таяу Шығыста "Даиш" мүшелеріне қатысты үлкен құқықтық дауға жол ашылып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу