Еуропаға барар жолда қазақтың жүздеген мың тонна мұнайы ластанды

4910

Беларусьтен Германияға дейінгі құбырда былғанған миллиондаған баррель мұнайдың құны миллиард доллардан асты.

Еуропаға барар жолда қазақтың жүздеген мың тонна мұнайы ластанды

Ресейдің ластанған миллиондаған баррель мұнайы бірнеше апта бойы Беларусьтен Германияға дейінгі құбырда қалды. Оның құнын біреу өтеу керек. Бірақ әзірге ешкім ниет білдірген жоқ.

Батыс мұнай компаниялары мен Еуропаның өңдеуші зауыттары бұл мұнайдың жарамсыздығын білмей тұрып, бір ай бұрын сатып алып қойған. Дегенмен сол кәсіпорындар төлемдерді тоқтатқанын әлі жариялаған жоқ. Өйткені олар әлемнің екінші экспортері – Ресеймен жақсы әрі ұзақмерзімді байланыстарын бұзғысы келмейді. Оның үстіне Мәскеумен айлар, тіпті, жылдар бойы соттасу оңай шаруа емес.

Есесіне, Ресей мұнайын саудалаумен айналысатын төрт трейдер "Рейтер" агенттігіне мәлімдегендей, батыстың бірнеше компаниясы сатып алушылар мен сатушы жақ шығынды бөліп төлеу және "былықты" жою туралы келіссөздер аяқталғанша, бүлінген мұнай үшін төлемдерді тоқтата тұру туралы Мәскеуге ұсыныс жасаған.

Жалпы алғанда, батыст компаниялары 1,2 миллиард долларға шамамен 19 миллион баррельдің мұнайын сатып алған. Көмірсутегі апталап құбырда жатқаннан кейін танкерлерге жүктеле бастады.

Сатып алушылар ластану дағдарысы аяқталғанша, төлемдерді ресейлік өндірушілер банк кепілдігі арқылы кейінге қалдырғанын қалап отыр.

"Беларусь пен Германия арасындағы құбырда шамамен 0,8-0,9 миллион тонна мұнай бар. Ешқандай өңдеуші зауыт оларды қабылдағысы келмейді. Ластанған мұнайды эвакуациялап, құбырды қайта іске қосу қажет. Дегенмен Ресей барлық шығындарды еуропалық мұнай өңдеушілер өз мойнына алады деп ойласа - қатты қателеседі", – дейді "Рейтерге" берген сұхбатында есімін атамаған еуропалық мұнай маманы.

Ресейдің мемлекеттік "Роснефть" компаниясы да, "Лукойл" да бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермей отыр. Сонымен қатар құбыр монополисі – "Транснефть" те өтемақы проблемасын қозғаудан бас тартқан. Оның айтуынша, мұнайды органикалық хлоридпен өндірушілердің өздері былғаса керек. Халықаралық мұнай компаниялары мен сауда үйлері де осы дағдарысқа қатысты ашық сөйлемей, үнсіз отыр.

Мамырдағы дедлайн

Беларусь Еуропаның мұнай өңдеуші кәсіпорындары мен құбыр операторларына 5500 шақырымдық "Дружба" құбыры арқылы бара жатқан мұнайдың қатты былғанғанын үш аптадан астам уақыт бұрын хабарлады.

Cодан кейін Ресей мұнайының "Дружбадағы" ағыны тоқтап, бір баррель "қара алтынның" бағасы 75 доллардан асты. Бұл – соңғы жарты жылдағы максимум.

Ресей мұнайды біреулердің әдейі ластағанын мәлімдесе, Беларусь жағы "Дружба" арқылы Еуропаға энергетикалық шикізат жеткізу жұмыстарын қалпына келтіру үшін айлар қажет болатынын ескертіп отыр.

Органикалық хлорид әдетте мұнай құбырларын тазартуға және мұнайдың ағынын жылдамдату үшін қолданылады. Бірақ  сол құбырды мұнай жеткенше, хлоридтан тазартып үлгеру қажет. Әйтпесе, хлорид өңдеуші зауыттардың жабдықтарына зиян келуі мүмкін.

Ресейден алынған мұнайдың ақысы мамырдың ортасына дейін төленуге тиіс еді. Берілген мерзім сондай. Бірақ шикізат бүлінді. Сонда оның құнын кім өтеуі керек? Бұл сауалға әлі жауап жоқ. 

19 миллион баррель

Ресейлік өндірушілер өз мұнайын "Дружба" құбыры арқылы Германия, Польша, Словакия, Венгрия, Чехия мұнай өңдеу зауыттарына сатады. Ол зауыттар - PKN Orlen, Grupa Lotos, MOL, Total, Eni, Shell және тағы басқа компаниялардың иелігінде.

Поляктың PERN және словактың Transpetrol сияқты компаниялары "Транснефттен" мұнай сатып алғанын растағаннан кейін сол шикізат ресейлік сатушылардан еуропалық сатып алушылардың меншігіне өтеді. Алайда мұнайдың ақшасы дереу бір қолдан екіншісіне өтпейді. Яғни Ресей сәуірде сатқан көмірсутегінің құнын мамырдың ортасында ғана ала алады. Демек оған 19 миллион баррель мұнай үшін төлем әлі жеткен жоқ. Ал ресейлік өндірушілер сәуірде сатылған, бірақ ақшасы әлі төленбеген мұнай үшін мемлекетке салық төлеп үлгерген.

Қазақтың 590 мың тонна мұнайы ластанған

Қазақстаннан Ресей арқылы өтіп, Балтық теңізі жағалауындағы Усть-Луга портында танкерлерге жүктелуі тиіс 590 мың тоннаға жуық мұнайдың "Дружба" құбырында ластанғанын мамырдың 17-сінде еліміздің энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов мәлімдеді.  Осыған байланысты Қазақстан Ресейдің "Транснефть" компаниясынан өтемақы талап етуді жоспарлап отыр.  

"Ең алдымен мұнайды сатқан компаниялар сатып алушылармен бағаны түсіру туралы сөйлеседі. Содан кейін "Қазтрансойл" "Транснефтпен" жеке келіссөз жүргізеді", – деп хабарлайды "Рейтер" Әсет Мағауовтың сөзіне сілтеме жасап.

Әзірге не "Транснефть", не Ресей энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ.

Ресей өкілдері мәлімдегендей, "Дружба" құбырының бір тармағын тазарту үшін 22 күн, өзгесін тазалауға жеті күн кетуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу