Мәскеу Атырау облысына әуеден атом бомбасын лақтыра жаздаған

27511

Тәуелді елдің тағдыры үрейлі екенін енді ұғудамыз.  

Мәскеу Атырау облысына әуеден атом бомбасын лақтыра жаздаған

Егер АҚШ Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына ядролық бомба тастаса, Кеңес одағы Қазақстанның Гурьев аймағына төбеден дәл сондай "ақырзаман бомбасын" тастауға бекінді. Отаршылдық заманында небір сұмдық болған. Демек, осы жоспар да орындалатын еді. Абырой болғанда, Қазақстан басшылығы оған жол бермеді.

Мәселенің мәнісі мынада еді: өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында КСРО-ның, тіпті бүкіл әлемнің назары кішігірім Гурьев (1991 жылдан кейін Атырау) аймағына ауды. Себебі, осында мұнайы мен газының қоры бойынша "әлемдік супергигант" саналатын Теңіздегі қара алтын ұңғыларының біріндегі алапат өрт басталды.

Бұл оқиға 1985 жылдың 23 шілдесінде болды. Тұңғиықта, 4 мың 467 метр тереңдікте жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмыстары кезінде Т-37 ұңғысынан мұнайдың алып фонтаны бұрқ ете қалды. Ұңғыдан атқылаған "қара алтын" бұрқағы басуға бой бермей, соңы үлкен өртке ұласты.

Соның кесірінен, ұңғылау қондырғысы толықтай қирап қалды.

Бұл өртті Кеңес Одағы бір жылдан астам уақыт бойы сөндіре алмады. Елбасының еске алуынша, Теңіздегі оқиғаның басталғанына 400 тәуліктен асты. 900 атмосфералық қысыммен әуеге атқылаған мұнай аралас өрт дауылының биіктігі 250 метрге жетті (шамамен 100 қабатты үймен тең)! 

КСРО көмек ұсынған батыс елдерінің қолын қақты. Оны қабылдауға арсынды. Қазақстанда бірнеше өңірдің халқы тұтас қырылып қалғалы тұрғаны, табиғатқа орны толмас залал келгелі тұрғаны оны алаңдатпады. Бірінші орынға беделді сақтап қалу қойылды.

Ауаға таралған күкірт қышқылының көлемі 8 миллиард шаршы алаңды жайлады. Бұл қазақстандықтардың денсаулығына, қоршаған ортаға үлкен нұқсан келтірді. Ауаға тараған күкірт қосындылары мөлшерінің өте көптігі сонша, айналадағы тіршілік атаулы қырыла бастады. Жан-жануарлар, төрт түлік мал жаппай өлді. Түнгі уақытта аспанға шапшыған от бағанның ыстығына қанаты күйіп, күкірт иісімен уланған құстар топ-топ етіп, жерге құлап жатты.

Алып от алауы өзіне таяу жердегі мұнай ұңғысында апаттың зардабымен алысып жүрген адамдарды да шарпыды. Өкінішке қарай, бұл оқиға адам шығынына соқтырды. Кеңес өкіметі көп жайтты құпияландырды. Бір анығы, әскери өрт сөндірушілер бөлімі қызметкерлерінің бірі жалынға оранып, тірідей жанып кеткен. Бұдан бөлек, ұңғыдағы өртті сөндіруге қатысқан жауынгерлердің барлығы да әртүрлі дәрежеде күйік алды.

Ұңғы маңайындағы өрт қызуының күштілігі соншалық, отқа өте төзімді деген киімдердің өзі санаулы минуттарға ғана жарап, ары қарай тұтана бастады. Өртті сөндіруге қолданылған құм табан астында түрлі-түсті балқымаға айналып шыға келіп жатты.

"Өртті бүкіл одақ болып сөндірдік. Сол уақытта осындай аса қатерлі өрт тасқынын өшіруге Украинадан Полтаваның және Өзбекстаннан Қаршының ең таңдаулы әскери өрт сөндіру бөлімдері қатысқанын ерекше ризашылықпен айта кеткен орынды", – деп еске алды кейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұңғыдағы апатқа байланысты жұмыстар Теңіз-37 ұңғысындағы апаттың зардаптарын жою жөніндегі жедел штабтың төрағасы, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары И.Игревскийдің басшылық етуімен жүргізілді. Бірақ оның ісінен нәтиже шықпады.

Өрт бой бермей бара жатқан соң, әрі "жасылдар" қозғалысы жаһандық толқын көтеріп, Кеңес одағының беделі бүліне бастағандықтан Кремль төтенше ұйғарымға келді: "Қазақстанның осы облысына атом бомбасын тастау керек, сонда ғана ғаламат өрт сөнуі мүмкін". Оның салдарынан қаншама адам тағы қырылатынына әрине, бұл жолы да бас қатырмады.

"КСРО-ның Мұнай өнеркәсібі министрлігінің өртті сөндіруге шамасы жетпеді. Өйткені одақта мұндай күшті фонтанды жою үшін қажетті қондырғылар болмады. Тығырыққа тірелген Мұнай өнеркәсібі министрлігі келесі бір сәтте бұл бұрқақты атом бомбасы жарылысын бағыттау арқылы тоқтатқысы келді. Ол кезде жақын ауылдарда тұрып жатқан адамдардың тағдыры туралы тіпті сөз де болмады. Алайда біз оған дер кезінде араласып, бұл қорқынышты жоспардың жүзеге асуын болдырмадық", – дейді Н.Назарбаев.

Отандық ғалымдар оны тоқтатудың өзге жолдарын қарастыра бастады. Ақыры Теңіз-37 ұңғысында аспанға шапшыған ашық газ-мұнай бұрқағын "тікелей күш жұмсау" тәсілімен сөндірудің өзі 2 айға жуық уақытқа созылды. Оның үстіне Қазақстан Мәскеуді Батыстың дамыған елдерінің көмегіне жүгінуге иліктіре алды.

"Ғаламат өртті сөндіруде Гурьевтегі Петровский атындағы зауыттың мұнайшылары жасаған гидроқысым қондырғысы үлкен рөл атқарды. Соның көмегімен ырық бермей атқылаған газ бен мұнай екпіні бірте-бірте бәсеңсіп, жуасытылды. Өрт апатын ауыздықтаудағы жұмыстың екінші кезеңінде ұңғыға құбыр жіберіп, соның бойымен төмен қарай ауыр сұйықтық ағызу және сол арқылы бұрқақты сөндіру ұсынылды. Дегенмен, мұндай жұмысты жүргізу үшін үлкен қысым күшімен бір жүйеден басқарылатын арнайы қондырғы талап етілді. КСРО-дан мұндай технология табылмады. Сол себепті америкалық "Шеврон" мен канадалық "Отис" компанияларының мамандары шақырылып, ақыл-кеңес алдық, Әрі арнайы америкалық және канадалық қондырғыларды пайдалану туралы шешім қабылданды", – дейді Елбасы.

Нәтижесінде, кеңестік мұнайшылар мен шетелдік компаниялар мамандарының бірлесе күш салуымен ұңғыға құбыр жіберіліп, өрт бұрқағы түпкілікті сөндірілді.

Жалпы, осы "37" нөмірлі ұңғыдағы алапат бұрқақ Теңіз кен орнында орасан зор қуат көзі барлығын бүкіл әлемге паш етті. Бұл Каспий шельфінің қазақстандық бөлігіндегі "үлкен мұнайдың" бізге берген алғашқы белгісі еді. АҚШ-тың сол "Шеврон" алпауыты 1992 жылы осы "Теңізге" инвестор болып келіп, "ТШО" бірлескен қазақстандық-америкалық компания құрғаны мәлім.

Бұл ретте сол кезде ғарышқа ұшқанымен мақтанатын КСРО-да жердегі ірі мұнай кен орындарын игеру үшін керекті заманауи технологиялар жоқтығы түсінікті болды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу