Атырау шаруалары субсиядия беруде жеңілдіктер сұрайды

1859

Себебі аймақта мал өсірудің шығыны көп.  

Атырау шаруалары субсиядия беруде жеңілдіктер сұрайды

Елімізде мал басы бес мыңға жететін мал бордақылау шаруашылықтарының инвестициялық шығынын 25 пайызға өтеу қарастырылған. Атыраулық фермерлер мал санын бес жүзге дейін азайтып, қарастыруды сұрап отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мал бордақылау алаңдарына субсидия беруде жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды. Облыс бойынша бес мың мал басы бар ірі шаруа қожалығы жоқ. Аймақтың климаты құрғақ, мал азығы тапшы болғандықтан ондай деңгейге шығу қиын. Сол себепті, шағын мал бордақылау алаңдарын да субсидиялауды ұсындық", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Бұған дейін аталған мәселені түрлі деңгейлерде "Қазақстанның фермерлерінің қауымдастығы" бірлестігі Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Мұрат Сарманов, Құрманғазы ауданының кәсіпкері ГауҺар Болатбаевалар көтерген болатын. "Сыбаға" сияқты бағдарламалар бойынша қаралған субсидияны өңірлердің климаттық ахуалына орай дифференциялап, етпен қамтамасыз ететін шағын шаруашылықтарды қолдау жөнінде ұсыныс бір жыл бұрын жасалыпты. Әзірге ол бойынша қандай да бір жауап беріліп, шешім қабылданбаған.

"Мәселен, қысы бір-жар айға ғана созылатын, жері шүйгін оңтүстік облыстарда мал басын көбейту үшін табиғат жағдайының өзі қолайлы. Бізде қыс бірнеше айға созылады, жаздыгүні аптап ыстық. Мал азығы да, су да тапшы болғасын, мал өсіру шығыны да көбірек. Бүгінгі күні біз Теңіз, Қарабатан сияқты мыңдаған жұмысшысы бар кеніштерді өзіміз етпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Егер жергілікті фермерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалса, импортқа тәуелділігіміз азаяр еді", - дейді Мұрат Сарманов.

Белгілі болғандай, алдағы уақытта қала маңындағы Алғабас елді мекені тұсынан "Жұмағалиева" жеке кәсіпкерлігінің ірі мал бордақылау кешені ашылмақ. Бірақ, ондағы мал басы да бес мыңға жетпейді, инфрақұрылымдары толық жүргізілгеннен кейін ашылуы тиіс шаруашылық 1500 басқа есептелген.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу