Агросектордағы субсидиялар саны биыл қысқармайды

2690

Министр Ербол Қарашөкеевтің бастамасы әзірше қолдау тапқан жоқ.

Агросектордағы субсидиялар саны биыл қысқармайды

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жаңа қызметіне кірісе салысымен саладағы субсидиялардың санын 42-ден 20-ға дейін қысқартуды, субсидиядың бірнеше түрін облыстық әкімдіктерге жүктеуді ұсынды. Осылайша, сыбайлас жемқорлық жайлаған саланы тазартуды жөн көрді. Бәлкім, жауапкершілікті өзінен ысырып тастауды да көздеген шығар. Бірақ министрдің бастамасы қоғамнан қолдау тапқан жоқ. Шаруалар да, депутаттар да бұған қарсы шықты.

Сөйтсек, мұндай ұсыныс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдауды жетілдіру туралы тапсырмасынан кейін қолға алынған. Алайда Мемлекет басшысы нақты субсидиялар санын қысқарт деген жоқ. Тек жұмысты жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді. Жұмыс тобында салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Сенат пен Мәжілістің бірқатар депутаты да жұмыс тобына мүше. Бүгінге дейін жұмыс тобының үш отырысы және министрлік деңгейінде екі отырыс өтіпті.

"Жұмыс топтарының қорытындысы бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіпті субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті. Олар субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде жүйелендірілді және ескерілді. Алайда ағымдағы ахуалды және оның даму үрдістерін кешенді талдауды, геосаяси дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін барынша азайту жөнінде барабар шаралар қабылдау қажеттілігін негізге ала отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мәселесін келесі жылға дейін кейінге қалдыру және ағымдағы жылы агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдауды қолданыстағы қағидалар бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осылайша, Ербол Қарашөкеевтің субсидиялар санын қысқарту туралы бастамасы кейінге қалдырылды.

"Жемқорлыққа қарсы тексерулерден кейін агросекторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан, 2-3 айдың көлемінде жасалатын нәрсе емес. Әсіресе биыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болайын деп тұр. Құрғақшылық, судың тапшылығы, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақстанға ағылуы күтілуде. Ол өз кезегінде біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осыны ескерсек, аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да сала проблемасын күрделендіре түсетіні анық. Әрине, субсидияландырудың тәртібі қатып қалған догма емес. Саланы дамытудың мақсаттарына сай өзгертіліп тұруы да керек. Бірақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне "өтпелі кезең" үшін кемінде бір жыл уақыт берілуі тиіс. Өзгерістер жайы алдын ала ескертілуі керек. Өкінішке қарай нақты жағдай керісінше болуда", – дейді сенатор Әли Бектаев.

Мәжіліс депутаты Альберт Рау қолданыстағы субсидияларды 2025 жылға дейін қалдыру керек деп есептейді. Өйткені министрлік ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететін агроөнеркәсіп секторына залал келтіреді.

"Спецификалық субсидиялардың төлемдерін облыстық деңгейге беру дұрыс емес. Бұл оларды жоюмен тең. Сонымен қатар бірқатар субсидияларды алып тастау бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының өсуіне әкеледі. Осының салдарынан ЕАЭО-дағы әріптес елдерден келетін импорт көлемі артады", – дейді Альберт Рау.

Министрлік бірқатар қолдау шараларынан бас тартып, оларды жеңілдетілген несиемен алмастыруды ұсынып отыр. Демек қаражат тағы да фермерлерге емес, банктерге түседі!

"Иә, субсидияларды бөлу мен пайдалануда заң бұзушылықтар бар. Бірақ көп жағдайда мұндай кемшіліктер шенеуніктер тарапынан жіберіледі. Ендеше шенеуніктердің кесірінен шаруалар неге зардап шегуі тиіс? Сондықтан 2025 жылға дейін агроөнеркәсіптің импортқа тәуелді секторларын мемлекеттік қолдау шаралары мен деңгейін сақтау керек", – деді А. Рау.

Субсидия үлестіруде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары екені мәлім. Бұл жердегі ақша айналымы да қомақты. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 374,9 млрд теңге жұмсалса, осы жылға 309,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Ғалия Әділ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу