Үкімет неге ата-баба кәсібін жарға жықты?

2308

АӨК мембағдарламасын жоятын ұлттық жоба "ынжықтау" болып тұр.  

Үкімет неге ата-баба кәсібін жарға жықты?

БҰҰ-ның және ҮЕҰ-лардың халықаралық альянсы – "Азық-түлік дағдарысымен күрес жөніндегі жаһандық желі" соңғы бір жыл ішінде әлемде аштыққа ұшыраған адамдар саны 20%-ға артқанын және 155 миллионға жеткенін жариялады. Ұйымның баяндамасында айтылғандай, дүниежүзіндегі 55 мемлекетте халық соғыс, экономикалық күйзеліс, пандемия, табиғи апаттар кесірінен тамақ таба алмай, қиналуда.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш "Екінші Дүниежүзілік соғыс заманынан бергі аса алапат гуманитарлық дағдарысқа" үн қату үшін жаһандық ұйым 35 миллиард доллар жинайтынын да мәлімдеді.

Осы орайда әлемдегі ең ірі жазық жерге – Ұлы далаға ие болып отырған Қазақ елі жарты әлемді бір-өзі асырай алар еді. Әрине, тегін емес. Сонда әлгі жиналуы мүмкін 35 миллиард доллар қаражат тасқынының бір бөлігі де Қазақстанға арқырай ағатын еді.

Қынжылтатыны, пандемия жағдайында Қазақстан азық-түлікпен әлем түгіл, өзін әзер асырап отыр. Жұртшылық дүкен-базарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаппай қымбаттап жатқанына шағымданады. Елдегі инфляцияның ең үлкен бөлігін де дәл осы азық-түлік тауарлары құрап отыр. Мысалы, елді небір күйзелісте құтқарған қарапайым жұмыртқа қарапайым бұқара үшін мүлдем қолжетімсіз болып қалды. 

Шығарған өнімінің бағасы шығандап өсіп жатқанына қарамастан, былтырғы жыл қорытындысында еліміздің ауыл шаруашылығы небары 5,6%-ға ғана өскен. Егер қымбатшылық болмағанда, салада өсім де болмауы ғажап емес еді.

Ал мемлекет салаға триллиондап қаржы құюда. Ауыл шаруашылығы министрлігі "ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны" қоғамдық талқылауға шығарды.

Оған сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұлан-дария ақшаның астында қалмақ. Өйткені бұл ұлттық жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен 4,9 триллион теңге сомасындағы шығындарды талап етеді!

Осы құжат қабылданғаннан кейін қазіргі қолданыстағы "Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" күшін жояды.

Ұлттық жоба не береді?

4 триллион 909,2 миллиард теңге – орасан зор қаражат. Тіпті коронавирус заманында елдің денсаулығын сақтап, сырқаттарды жазуға да мемлекет осынша жұмсамайды. Сонда аста-төк ақшаға АШМ не бітірмек, қайтарымы қаншалықты салмақты?

Министрлік бұл триллиондарды игергенде не нәтиже беретінін ұлттық жобада уәде етеді: біріншіден, саланың еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсірмек. Әрине, саланың дамыған елдерден қатты арттап қалғанын ескерсек, осы бесжылдықта оларды қуып жетуге бұл да жетпеуі мүмкін.

Екіншіден, агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңделген өнімдері экспортын 2 есеге ұлғайтуды жоспарлауда. Үшіншіден, "экожүйеге 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартады". Төртіншіден, елде 70 мың отбасылық шаруашылық құрылады. Бесіншіден, ішкі нарықты азық-түлік тауарымен 80%-ға молықтырмақ. Яғни, айналдырған бір мегаполистің тұрғынына шақ халқымызды толық қамту туралы сөз жоқ.

Алтыншыдан, 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны тұрақты табысқа қол жеткізетін көрінеді. Ауылдықтардың 500 мыңы ауыл шаруашылығында жұмыс табады екен. Мұның нені білдіретінін мына салыстырудан байқауға болады: Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір ауылда 7 миллион 730 мың адам тұрады. Ендеше ауыл қаладағы жұмыссыз жастарды тарту түгіл, өз тұрғындарының бәріне бірдей жұмыс тауып бере алмайтынға ұқсайды. Сөйтіп, ауылдықтар "екі қолға бір күрек" іздеп, ірі қалаларға ағылуын жалғастыратын түрі бар.

Жалпы, "Ұлттық жоба-нацпроект" деп дәрежелегенімен, бұл құжаттың бұрынғы мембағдарламалардан батылдығымен де, биік мұраттарымен де ерекшеленбейтіні аңғарылады. Мысалы, "агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру" бөлімінде "АӨК-тегі заманауи цифрлық технологиялар мен шешімдерді қолданатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесі" 2026 жылы бар-жоғы 50%-ды құрайтыны көрсетілген. Ал бүгінде дамыған елдерде аграршылардың бәрі дерлік цифрлық технологияларды қолданады. Тіпті байырғы дәстүрлер бойынша ірімшік өндіретін, сыра қайнататын, жүзімнен шарап жасайтын фермерлер де замануи технологиялармен жарақтанған.

Ұлттық жобадағы "Техниканы жаңарту жылдамдығы" тіптен шошынтады: бұл көрсеткіш 2022 жылы 4,4%-ды, 2023 жылы – 4,8%, 2024 жылы – 5,2%, 2025 жылы – 5,8%, 2026 жылы бар-жоғы 6%-ды құрамақ.

Қазақ Ұлы дала төсін баяғы замандардағыдай мыңғырған малға толтырып, бүкіл әлемді етпен, сүтпен және сүт өнімдерінің түр-түрімен, одан қалды жүн-терімен қамтамасыз етуға әлеуеті жетеді. Бұл арман алыстай түсетін сыңайлы: ұлттық жобада "Мал шаруашылығының жалпы өнімінің өсуі" 2022 жылы – 105,3%, 2023 жылы – 105,4%, 2024 жылы – 105,9%, 2025 жылы – 106%, 2026 жылы – 106,3% болады деп жоспарланған. Еселеп өсіру туралы сөз айтылмады. Айтпақшы, 2020 жыл қорытындысында бұл сала өсу орнына кері кеткен (-0,1%).

АШМ бұл бесжылдықта бүкіл ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыра алмайтынын жасырмады: 2025 жылы бұл көрсеткіш 90%, 2026 жылы – 95% болады.

Ұлттық жобадағы "Су үнемдеу технологияларын қолданатын жерлердің ауданы (тамшылатып суару, жаңбырлатып суару)" көрсеткіші де төбе шашты тік тұрғызады: ол қазіргі 221 мың гектардан 2026 жылы 420 мың (миллион емес) гектарға дейін ғана ұлғаймақ.

Ұлттық жобаның өзге меже-міндеттерін оңып тұр деп айту қиын. Мысалға, "АӨК дамыту үшін аграрлық ғылымның әсерін ұлғайту" деген аты дардай міндет бар. Оған сәйкес, "АӨК-ке енгізілген ғылыми әзірлемелердің үлесі" 2020 жылғы 8%-дан 2025 жылы 30%-ға жетпек.

Еліміздегі ауыл шаруашылық ЖОО-ларын бітірген мамандардың көбі ауылға бармайды, кәсібіне сай емес өзге жұмыс табады. Кеңес кезіндегідей "міндетті түрде бөліп тарату" жүйесі жоқ: нарық заманында нарықтық ынталандырушы тетіктер қолданылғаны жөн. Ұлттық жоба жас мамандарды ауылға тартуды қарастырады: "Аграрлық мамандықтар бойынша жұмысқа орналасқан аграрлық ЖОО түлектерінің үлесін" 2024 жылы 65, ал 2025 жылы 70 пайызға жеткізбек.

Қорыта айтқанда, АӨК бағдарламасын жоятын жаңа ұлттық жобада көңілді жабырқататын жайт жетерлік.

Тырманы да таңдауға мүмкіндік жоқ

Құжатта "Көлік құралдарын жаңарту жылдамдығы" деген көрсеткіш бар. Қазіргі кезде бұл үрдіс өте төмен қарқынмен (4%) жүруде. Енді еселеп артатын болар? Жоқ. 2022 жылы – 4,4%, 2023 жылы – 4,8%, 2024 жылы – 5,8%, 2025 жылы – бар-жоғы 6% болады деп бекітілген. Бұлай бара берсе, ауыл шаруашылығында ескі-құсқы техника ғана қалуы мүмкін.

Қостанайлық фермер Жорабек Әшімбекұлы ауыл шаруашылығы өндірушілері өз шаруасына аса қажет техниканы ала алмай жатқанына назар аудартады. Оның шаруашылығы "тісті гидравликалық тырма-түрен" сатып алыпты.

"Содан Qoldau порталы арқылы өтініш бердік. Заң бойынша мемлекет инвестициялық салым жасаған агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеуі керек. АШМ қабылдаған "Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының" "Ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу" атты №1 жобасының паспортында тырманың 3 түрі ғана көрсетілген. Бұлар – дискілі-ротациялы тырма, серіппелі тырма, тісті шынжырлы тырма", – дейді аграршы.

Сәйкесінше, Qoldau порталында осы үшеудің біреуін таңдай аласыз.

"Басқа таңдау берілмеген. Амалсыз, тісті шынжырлы тырма деген бағанды таңдадық. Артынша уәкілетті орган біздің өтінішімізді қанағаттандырмай тастады. Себебі, "субсидия алу үшін қажетті деректер мен ұсынылған мәліметтер сәйкеспейді". Ведомство неге теріс шешім қабылдағанына дәлел ретінде біз сатып алған техника субсидиялауға жатпайтынын алға тартты. Жалпы, қазіргі әлемде тісті тырмалардың көптеген модификациясы бар. Шаруа қожалықтарының бәріне бірдей әлгі "тісті шынжырлы тырма" қажет емес! Яғни, отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығын таңдауда шектеуге ұшырап отыр. Біз өзімізге тиісті субсидияны алудан да үміттене алмаймыз", – деп қамығады фермер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу