Нұр-Сұлтанның азық-түлік белдеуі ретінде белгіленген елордалық облыс – Ақмола өңірінде ауыл шаруашылығы саласының мақтаныштары көп болатын. Қазіргі кезде олардың біразы дәрменсіз жағдайда, жайрап жатыр. Мысалы, Зеренді ауданындағы "ГринАзия" ЖШС да өңірдің беткеұстары саналатын. Екі жыл бұрын, 2017 жылғы мамырда оның алқаптарына баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистік десант түсірілді. 7,5 мың гектарда әртүрлі дақыл – күнбағыс, зығыр, рапс, бидай, жасымық және басқасы егіліп жатқаны паш етілді. 2012 жылы тақырдан бастаған кәсіпорын табысқа жетіп, импорттық дән себу кешендерінен, комбайндардан құралған төл техника паркін жабдықтап алғаны, егіс алқабының аумағын кеңейтуді жоспарлап отырғаны жария етілді. Ізінше жағдай өзгеше бетбұрыс жасады.
Енді міне, оның кредиторының бірі – Банк ЦентрКредит (БЦК) Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа жәрдем сұрап жүгінуде. Өйткені ауыл-аймақта жерді пайдалану және қорғау мәселелеріне жергілікті әкімдік жауапты. Хатта комбанк "ГринАзия" өз қарызын қайтармағасын, осының алдында сотқа шағыммен жүгінгенін жеткізді. Зеренді аудандық соты аграрлық кәсіпорынның өз міндеттемелерін орындаудан жалтарғанын анықтап, БЦК пайдасына 202,8 миллион теңге берешекті мәжбүрлеп өндіру туралы үкім шығарыпты. Бұдан бөлек, "ГринАзия" банктің 430 мың теңге сот шығынын, 6 млн 134 мың теңге мемлекеттік баж алымын өтеуі тиіс көрінеді.
Сот кәсіпорынның жылжымайтын және жылжитын дүние-мүлкін қарыздың өтемі ретінде банкке берді. Банкке мысалы, ауданы 2 мың 828,5 гектар және 4 мың 731,90 гектар болатын екі жер көшуі тиіс. Олар Зеренді ауданында орналасқан.
"Алайда "ГринАзия" ЖШС күшіне енген сот шешімін орындамады. Азаматтық кодекстің 309-бабына сәйкес, кепiл ұстаушының кепiлзатқа деген құқығы сол кепiлге қойылған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге және кірістерге де қолданылады. Келісімшартқа сәйкес, "ГринАзия" кепіл ұстаушының, яғни Банк ЦентрКредиттің жазбаша келісімінсіз кепілзатты үшінші тұлғаларға арендаға немесе субарендаға беруге құқығы жоқ. Дегенмен, БЦК егер "ГринАзия" инвестор тапса, оның көктемгі егіс жұмыстарын және күзгі егін ору науқанын өткізу ұсынысын қарастыруға дайын", – дейді банк өкілі А.Ізбасарова.
Мұндай жағдайда агрокәсіпорынның және оның инвесторының жиған өнімі банктің берешегін өтеуге бағытталмақ. БЦК өз қарауына өтетін жерлердің бүтіндігін және мақсатына пайдаланылуын, онда егін салудан түсетін табыс банк қарызын жабуға жұмсалуын талап етті.
"Егер кепілдегі жерлер банк келісімінсіз үшінші тұлғаларға жалға берілсе, БЦК өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін күзет қоятын болады", – деп ескертті қаржылық институт.
Айта кету керек, өткен жылы ГринАзия құрдымға құлаудан құтылу үшін сауықтыру рәсімін қолдануға мүмкіндік беруді сұрап, сотқа жүгінді. Сонда одан қаржы талап етуді кредиторлар қатарында Зеренді ауданының мемкірістер басқармасы, "ҚазАгро" холдингінің еншілес кәсіпорны "ҚазАгроҚаржы", сондай-ақ БЦК, "АзияАгрохим", "АбиЖер", "LandMaster", "Еврогербициды", "Trustchem chemical", "Алимхан Агро" компаниялары және "Дельта СК" авиакомпаниясы аталды. Сот шешімін сараптасақ, мемкірістер басқармасы мен әуе компаниясы сауықтыруға қарсы болмапты. "Еврогербициды" алдындағы берешек те толық көлемде жабылыпты, яғни ол кредиторлар қатарына шықты.
Алайда барлық тарап дәйектемелерін тыңдай келе, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты агрокешенге сауықтыру рәсімін қолданудан бас тартты.
Сот ГринАзияның кредиторлар алдындағы жалпы қарызы өткен жылы 502,9 млн теңгені құрағанын анықтады. Бұдан бөлек, кредиторлар 934,8 миллион теңге талап етіпті. Бірақ оған агрокәсіпорын келіспей, басқа сот өндірісі бойынша дауласып жатыр.
Жалпы, "ГринАзия" ЖШС меншігінде Ақмола облысының Зеренді ауданында және СҚО-ның Тайынша ауданында жерлері, үлкен жеке үйі, әкімшілік-тұрмыстық ғимараты, қоймалары, темір жол тұйығы, 20 шақты әртүрлі көлігі және басқа да мүлкі барлығы белгілі болды.
Берешекті өтеуге көмектесетін дүние-мүлкі болса, сот неге сауықтыру рәсімінен бас тартты? Төрағалық етуді судья Н.Нұралиевтің мәліметінше, 2019 жылғы 18 қаңтарда "ГринАзия" "Егін и К" компаниясымен келісім бекітіпті: "Егін и К" ЖШС оның 1 мың тонна арпасын әр тоннасын 57 мың теңгеден сатып беруге міндеттеме алады.
21 қаңтарда агрокәсіпорын "АгроПак" ЖШС-мен 100 миллион теңге пайызсыз заем беру туралы келісімге отырады. "ГринАзия" оны 2021 жылғы 21 қаңтарға дейін қайтаруы тиіс.
Ертесіне, яғни 2019 жылғы 22 қаңтарда ол "Жүзбай и К" ЖШС-мен келісім жасасқан, ол бойынша "Жүзбай и К" 250 тонна зығыр тұқымын 110 мың теңге бағамен сатып беруге уәде етеді.
"Талап арыз беруші тарап аталған келісімдердің орындалуына қатысты дәйектемелерді сотқа ұсынбады" деген негізбен сот сауықтыру рәсімін қолданбауға ұйғарды. Соттың шешімінде айтылғандай, 1 мың тонна арпаның "Егін и К"-ға, ал 250 тонна зығырдың – "Жүзбай и К" компаниясына сатуға тапсырылғанын растайтын құжаттар болмай шыққан. "АгроПактен" де 100 млн теңге қарыз түспеген екен.
Айтпақшы, БЦК Ақмола облысындағы тағы бір проблемалы агрохолдингке қатысты өңір әкімімен хат алмасты. Дәл мереке қарсаңында, биылғы 6 мамырда қайырған жауабында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемкомиссия шешімімен былтыр "Әліби" компаниялар тобының шаруашылығын сауықтыру мақсатында оның кепілдегі жылжымайтын және жылжитын бүкіл мүлкін "Проблемалы кредиттер қорына" тапсыру шаралары басталғанын хабарлады.
"Көктемгі егіс және күзгі егін ору жұмыстарына зардап келтірмеу үшін Ақмола әкімдігі әлеуетті инвесторларды анықтады. Олармен бірлескен шаруашылық қызмет туралы келісім бекітілді. Мысалы, "Шортанбай 2019" ЖШС "Сочинское" ЖШС-сының инвесторы болуға келісті: ол борышкер, инвестор және қор арасындағы 2020 жылғы 2 сәуірде бекітілген келісімнің орындалуына жауапты болады. Алайда бүгінде инвестордың жұмысына заем туралы келісім қиындық келтіріп отыр. Міндеттемелерді орындау үшін қарыз алушы өз мүлкін, сондай-ақ тиісінше 44 мың 272 гектар және 2 мың 471 гектар жер телімдерін кепілге қойды. Бұл кепіл инвесторға сол жерлерді пайдалануына мүмкіндік бермейді. Салдарынан, ұсынылған қарызды кезең-кезеңмен өтеу де күрделенді", – делінген әкімнің жауап хатында.
Осыған орай Ақмола облысының әкімдігі "Банк ЦентрКредиттен" "Сочинское" кәсіпорны үшін берешекті төлеудің жеңілдікті кезеңін ұсынуды және оған жерді пайдалану құқығын беруді сұрады. Сонда ғана инвестор несиені ғана емес, сонымен қатар салықты, жалақыны, пай-үлес ақысын төлеуге кірісе алмақ.
Жанат Ардақ