Қазіргі заманда "кредит тарихын" бүлдірген адам көп қиындыққа жолығады. Сондықтан тұтынушылар банктерге кіріптар болып қалды.
Кейінгі кезде мемлекеттік органдарға белгілі банкке қатысты азаматтардан көп өтініш түсіп жатқаны байқалады. Шағым иелерінің бірі Айнагүл Мұқанова екі оттың арасында қалғанын білдірді.
"Бір жылдан аса уақыт бұрын, 2019 жылғы 18 қарашада "Еуразиялық банкте" 1 миллион 320 мың теңгеге кредит рәсімдедім. Менеджердің айтуынша, банк несие беруді мақұлдауы үшін мен өз өмірімді жазатайым оқиғадан сақтандыру туралы келісімге қол қоюым керек екен. Ол келісімнің құны 380 мың 160 теңге тұрады. Әзірге қол қоймай жүрмін. Егер сақтандырудан бас тартсам, онда банк маған кредит рәсімдеуден де бас тартады. Ондай жағдайда мен банк клиенттерінің қара тізіміне кіріп кетемін", – деп алаңдайды А.Мұқанова.
Кенже Түсіпов те осындай жағдайды бастан өткеріпті.
"Бұған дейін informburo порталында "Еуразиялық банктің" клиенттеріне таңған сақтандыруының қаражатын қайтару туралы мәселе көтерілді. Осы банкте 2017 жылғы 12 желтоқсанда тұтынушылық кредит алғанда амалсыз, өмірімді 475 мың 200 теңгеге сақтандыруға мәжбүр болдым. Оның үстіне осы қаражатқа да жылдық 16,8% мөлшерлемемен пайыз есептеді. Егер билік ден қойып, икемге келтіріп жатса, осы қаржымды қайтарғым келеді. Банктің бұл қарекеті заң аясына сияды деп ойламаймын", – дейді К.Түсіпов.
Нұр-Сұлтан тұрғыны Динара Сматова 2020 жылғы 22 қаңтарда бұл банкте 312 мың теңге сомаға 24 айға тауарлық кредит рәсімдейді.
"Несиелік келісімге Өмірді сақтандыру келісімі қоса берілді. Ай сайын 13 мың теңгеден төлеп тұруға тиіс болдым. Төлемді кешіктірген кезім болған емес. Несие беру кезінде банк менеджері "егер кредитті мерзімінен бұрын өтесеңіз, сақтандыру сомасының бір бөлігі сізге қайтарылады" деді. 2021 жылғы 14 қаңтарда мен 181 мың 659 теңге қалдық несиемді күнібұрын төлеп тастадым. Содан 27 қаңтарда "Халык Life" сақтандыру компаниясына қаржымды қайтару мәселесі бойынша жүгіндім. Оның мамандары келісімге сәйкес, төлем көлемі "0" (нөл) теңгені құрайтынын хабарлады. Бұлардың осы тірлігінің қаншалықты заңдылығын тексеруді сұрап, құзырлы органдарға хат жаздым", – дейді Д.Сматова.
Асылбек Төлеповке де 2018 жылғы 1 тамызда "Еуразиялық банктен" 2 миллион кредит алуға тура келеді. Сақтандыруға қосымша 576 мың теңге үстемеленіпті. Салдарынан, қарызы 3 миллион 748,6 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Қазіргі уақытта борышын қайтаруда қиындық көруде. Ол да сақтандыру "салығынан" құтқарса дейді.
Екі баланың анасы Гүлжан Секерованың оқиғасы осыларға ұқсас.
"2018 жылы Еуразиялық банктен қарыз алдым. 3 миллион теңге заемды рәсімдеу кезінде 864 теңгеге өмірді сақтандыру қызметіне келісіп, қосымша шығыс арқалауға тура келді. Мұның дұрыс емес екенін кейін білдім. Егер ерте білгенде, кредит алмас едім. Енді борышымды әзер өтеудемін. Екі баламды, ІІ-топ мүгедегі болып табылатын күйеуімді бағып-қағуым керек. Отбасыдағы жалғыз асыраушымын. Сондықтан 864 мың теңге жүктемені алып тастап, осы сома үшін төленген пайыздарды жойса деймін", – дейді ол.
Билік не қам-қарекет қылуда?
Түсініксізі сол, банктерді жатқызып-өргізетін мекеме – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шұғыл тегеурін-пәрмен таныта қоймады.
"Азаматтардың "Еуразиялық банк" АҚ-ынан алған заемы мәселесіне орай келесіні түсіндіргім келеді: банк заңнамасында бекітілгендей, банктер мен клиенттер арасындағы қарым-қатынастар келісім негізінде жүзеге асырылады. Клиенттердің кредитор-банкке қатысты өтініштеріне байланысты агенттік құжат жүзіндегі тексеруге бастамашы болды, оның мәліметтері заңға сәйкес банктік құпияға жатады", – деп жауап берді ресми блогында агенттік төрайымы Мәдина Әбілқасымова.
Азаматтар шағымына антимонополиялық орган ден қойды.
"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "Еуразиялық банк" АҚ-ына қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзу бөлігінде тергеу жүргізді. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, тұтынушылар заем алған кезінде банк оларға жазатайым оқиғадан өмірді сақтандыру қызметін таңған. Осыған байланысты өтініштер Алматы қаласы бойынша департаменттің мекенжайына жолданды. Оны қарау нәтижелері жайында аталған департамент қосымша хабарлайды", – деді ведомство төрағасы Серік Жұманғарин.
Агенттік сондай-ақ қымбат сақтандыру қызметін алуға мәжбүрленген қазақстандықтарға қайда жүгіну керектігін мәлімдеді.
"Еуразиялық банк" АҚ-ында қосымша қызметтерді жүктеу фактісін сот қарауда. Алматы әкімшілік сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Егер сіз банктерде қосымша қызметтерді таңу фактісіне кезіксеңіз, қосымша кеңес алу үшін 8 (7272) 72-13-85 телефонына қоңырау шалыңыз", – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Уранхаев.
Агенттік бұдан бұрын хабарлағандай, "Еуразиялық банкке" клиенттерге қосымша қызметтерді жүктегені үшін 4,1 миллион теңгеге айыппұл салынды. Ведомствоның дерегінше, 2019 жылдың 1 қаңтары мен 31 шілдесі аралығында ғана "Еуразиялық банк" өмірді сақтандыру шарты бар 250 мыңнан астам келісімшарт бекіткен. Бұл ретте банктің сақтандыру сыйақысы сақтандыру сомасының 87%-ына дейін жеткен.
"Тергеу қорытындысында антимонополиялық орган "Еуразиялық банк" АҚ-ына қатысты әкімшілік іс қозғады. Сот банкті 4 167 000 теңгеге айыппұл салды. Қаулы заңды күші енген жоқ", – деді агенттіктің баспасөз қызметі.
Жанат Ардақ