Онлайн-кредитті 41 000%-бен беріп жүргендер бар

14362

Борышкер Қаржылық реттеу агенттігінен "Деньги населению" ЖШС-ның қызметін тексеруді сұрайды. 

Онлайн-кредитті 41 000%-бен беріп жүргендер бар

Қазақстанның қаржы нарығындағы шаланжансар заңдар мен шұбалаңқы нормалардың кесірінен қаржы ұйымдары ойларына келгенін істеп жүр. Оған Медет Асқар есімді азаматтың басындағы жағдай дәлел. Ол 2018 жылдың тамызында "Деньги населению" ЖШС-дан онлайн заем алыпты. 

"250 мың теңге несие алдым. Заемның сыйақысы 19,39% болған. Алайда ГЭСВ-сі (жылдық тиімді сыйақы ставкасы) 415584% екен. Ал заңнама бойынша заемның жылдық тиімді сыйақысының мөлшерлемесі берілген қарыз көлемінің 100%-ынан асып кетпеуге тиіс. Оның үстіне қаржылық реттеуші қаулысына сәйкес, банк несиелері, микрокредиттер, микроқаржы ұйымдарының және кредиттік серіктестіктердің заемдары бойынша ГЭСВ көлемі 56%-бен шектелген көрінеді. Осыған байланысты Қаржылық реттеу агенттігі "Деньги населению" ЖШС қызметінің қаншалықты заңды екенін тексергенін қалаймын. Әйтпесе ол менен 522 мың теңге өндіріп алуға тырысуда", – дейді Медет.

Әрине, бұл жерде борышкердің де айыбы бар: ол несиені бір айға алыпты, тиісінше, осы мерзімнен бір минут та кешіктірмей қайтаруға тиіс еді. 

Сарапшылардың айтуынша, онлайн-қарыздардың үлкен бөлігі – алаяқтар бекіткен келісімдер. Нұрсұлтандық Диас Макеев 2019 жылғы сәуірде алаяқтардың өз атына Tengo-да 2 микронесие рәсімдегенін анықтайды. 

"Бұл туралы біле сала, 2020 жылдың қаңтарында елорданың Алматы ауданының полиция басқармасына барып, алаяқтық фактісі бойынша шағым жаздым. Өтініш есепке қою кітабында тіркелді. Бірақ бүгінде ол өтінішке "Қараусыз қалдырылды және номенклатуралық істе сақталуда" деген мәртебе беріліпті. Жүздеген қазақстандық интернет-платформалар арқылы күн сайын тауар сату кезінде алаяқтық схемалар тұзағына түсіп қалады, ізінше қаптаған микроқаржы ұйымдарының борышкері болып шыға келгенін өздері де білмей қалады. Ал алаяқтар жаза тартпайды, еркіндікте жүре береді", – деп қапаланады Диас.

Ол қаңтар айынан бері өзін қудалаған МҚҰ және коллекторларға қарсы көптеген шағым түсіріпті. Жеке сот орындаушылары сол микрозаемдар берешегі үшін оның табысын ұстап қалып, коллекторларға аударған.

"Бұл схема шынында үрей тудырады. Оған алаяқтар, МҚҰ-лар, коллекторлық агенттіктер, ЖСО-лар тартылған. Құқық қорғау органдары әрекетсіз қалу арқылы олардың ісіне дем береді. Мен полиция басқармасына өткізген өтінішімде оқиғалардың хронологиясын, алаяқтардың телефон нөмірлерін, машинасының маркасы мен түсін, тауарлар алған орындардың мекенжайын егжей-тегжейлі жаздым. Алаяқтар менің атымнан алынған қарыздарға тауар сатып алып, солардың ақысын төлеген. Ішкі істер органдары еш ден қоятын емес", – дейді Д.Макеев. 

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев бұл аты шулы істі қайта қолға алғандарын жеткізді.

"Аталған фактіге сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының "Есіл" ауданының полиция басқармасы 2020 жылғы 31 қазанда Қылмыстық кодекстің 190-шы "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Министрлік Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне іс бойынша күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу іс-қимылдарын өткізу жөнінде жазбаша нұсқау берді. Шағымданушы өтінішінің лайықты қаралмау фактісі бойынша Нұр-Сұлтан полиция департаментінде қызметтік тергеу тағайындалды. Оның қорытындысында кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады", – деді ішкі істер министрі.

Осындай оспадар жайттардың алдын алып, құнығып кеткен қаржы ұйымдарының айылын жыйғызу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылған болатын. Бұл орган биыл тұтынушылық кредиттерді реттеу үшін бірнеше шара қабылдады. Біріншіден, несие төлемін 90 күннен артық кешіктірген жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздарына тұрақсыздық айыбын, сонымен байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді қосып есептеуге тыйым салды. Екіншіден, табысы күнкөріс шегінен төмен азаматтарға несие-қарыз ұсынуға енді рұқсат етілмейді. Үшіншіден, кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беруді реттеудің қосымша шараларын көздейтін шаралар кешенін қабылдады. Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарын реттеу күшейтілді. Бұрын Ұлттық банкке бағынбай, шағын бизнес ретінде өз бетінше жұмыс істеп, бассыз кеткен кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және онлайн-кредиторлар жаңа агенттікте есептік тіркеуге алынды. Бірақ бұл шаралар да бұйдасыз кеткен қаржы ұйымдарын сабасына түсіре алмайтын сияқты. Ол туралы Президент Қ.Тоқаев биылғы қыркүйектегі жолдауында атап айтқан-тын.

"Бірінші кредиттік бюроның" дерегінше, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 810 мың азамат микроқаржы ұйымдарынан шағын несие алған. Масқарасы сол, бұдан басқа 170 мың кәсіпкер де МҚҰ-лар қызметіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Бұл кәсіпкерлерді қолжетімді кредитпен қамтуға тиіс үкіметтік бағдарламалардың игілігі бизнес өкілдерінің бәріне бірдей жетпейтінін көрсетсе керек.

Кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың МҚҰ, онлайн-кредиторлардан алған қарызы 735 миллиард теңгеден асып кетті. Борышкерлердің 38%-ы немесе 310 мыңдай адам қазіргі кезде берешегін төлеуді доғарған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу