Интернет-алаяқтарға алданбас үшін не істеу керек

7251

Банк қызметкерлері банк картасының деректері мен SMS-кодты айтуды  талап етпейді.

Интернет-алаяқтарға алданбас үшін не істеу керек

Соңғы уақытта Ұлттық банкке интернет-алаяқтарға шағымданып келушілердің қатары көбейіп кетті. Олардың басым бөлігі банк карталары мен шоттарындағы ақшаларынан айырылып қалғандарын айтты.

Сақтық шараларын күшейту және интернет-алаяқтарға жем болудың алдын алу үшін inbusiness.kz/kz сатушы мен сатып алушының қаржылық операциясы бақыланбайтын интернет-алаңдардағы қарым-қатынасқа қатысты төмендегідей кеңес береді.

Біріншіден, телефоныңызға бейтаныс біреу хабарласып, қандай да бір қаржылық операцияларды орындау туралы өтініш білдірсе, тұтқаны тастай салыңыз да, мәселенің мән-жайын өзіңіз қызметін тұтынып жүрген банктен біліңіз. Екіншіден, танымайтын адамдарға өзіңізге қатысты жеке мәліметтер мен құжаттарыңыздың көшірмесін жолдамаңыз. Үшіншіден, әлеуметтік желілерге төлем карталарыңыздың реквизиттерін: 16 сандық номерді, қолданылу мерзімін, қолданушының атын, CVV/CVC-кодты (картаның сыртындағы 3 сандық номер) жарияламаңыз. Төртіншіден, қаржылық операцияларға авторизация жасау үшін келген SMS-кодты ешкімге, ешқашан жібермеңіз. Бесіншіден, үшінші тұлғаларға банк картаңызды, оның ішінде туыстарыңызға, дәмханалар мен мейрамханалардағы даяшыларға ұсынбаңыз. Алтыншыдан, картаңызды жоғалтсаңыз, бірден банктің тікелей желісіне хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз немесе қаржылық операцияларды орындауға шектеу қойыңыз.

Біліп жүріңіз, банк қызметкерлері ешқашан клиентке хабарласып, банк картасының деректері мен SMS-кодты талап етпейді. Бұған қатысты кез келген өтініш банк менеджеріне клиент тарапынан жасалады. Егер сіз банк картасымен интернет арқылы сауда жасайтын болсаңыз, күмәнді пошта ашпаңыз және белгісіз сілтемелерге жүгінбеңіз. Өйткені мұнда сіздің компьютеріңіздегі деректерді интернет-алаяқтарға қашықтықтан алып беретін вирустар болуы мүмкін.

 

Мобильді банкинг қызметін қосып алыңыз. Бұл қызметке ай сайын болмашы төлем төлейсіз, есесіне шотыңыз бен карточкаңызға қатысты барлық транзакцияларды сәт сайын біліп, бақылап отырасыз.

Жоғарыда сөз болған қарапайым ережелерді ұстанатын болсаңыз, интернет-алаяқтардың қақпанына түспейсіз.

Айтпақшы интернет-алаяқтар көбінесе егде адамдарды алдайды. Сондықтан үйіңіздегі қарияларды алаяқтықтың осы түрінен құлақдар қылып қойыңыз.

Біле жүріңіз, интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олардың кінәсі дәлелденсе, 4 мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл төлейді. Аса ірі көлемде алаяқтық жасаса, мүлкi тәркiленiп, 5 жылдан 10 жылға дейін дейiн бас бостандығын айырылады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу