Қолданысқа "Ерікті киберсақтандыру" қызметі енгізіледі

24652

Smart Data Ukimet жобасы тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. 

Қолданысқа "Ерікті киберсақтандыру" қызметі енгізіледі

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

"Цифрлы  Қазақстан" бағдарламасы елімізді цифрландырудың драйверіне айналды. Заң жобасы цифрландыру процесін одан әрі жылдамдатуға серпін береді. Құжат цифрлық технологияларды дамытуға, сондай-ақ оларды қолданумен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған", – деді цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Аcқар Жұмағалиев.

Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құжат айналымын электрондық форматқа көшіру туралы тапсырмасына сәйкес қолданысқа цифрлық құжаттар сервисі енгізілетінін айтты. 

"Бұл сервис "Мобильді үкімет" қосымшасында көрсетіледі. Яғни азаматтарға қағаз түріндегі құжатты ұсынбай-ақ қызмет алуға мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты, цифрлық құжаттар сервисін заңнамалық түрде айқындау ұсынылады", – деді Аcқар Жұмағалиев.

Оның айтуынша, цифрландыру нәтижесінде талдауды қажет ететін дерек қоры қалыптасты. Осыған байланысты, заң жобасында "Үлкен деректерді" талдау тетігін реттеу ұсынылды. Осы тетікті енгізу Smart Data Ukimet жобасы негізінде экономикалық көрсеткіштерді талдау арқылы Үкіметке тиімді  шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

"2018-2019 жылдары Smart Data Ukimet жобасы аясында қаржы, білім беру, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларында 187 млрд теңге шамасында экономикалық оң әсер болды. Атап айтсам, қаржы саласында қосымша түсімдер, денсаулық сақтауда дәрілік заттарды оңтайлы бөлу жүзеге асты.  Осындай нақты мысалдар білім беру, әлеуметтік салаларда да көрініс тапты.   Бұл жұмыс басқа мемлекеттік органдар арасында да жалғастырылады", – деді Аcқар Жұмағалиев.

Министрдің сөзінше, цифрлық технологияларды енгізу - азаматтардың дербес деректерін қорғауды талап етеді. Осы орайда дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган анықтау ұсынылады. 

"Деректерді қорғау сервисін енгізу қажет деп санаймыз. Сервис азаматтарды оның деректерімен жасалатын іс-әрекеттер туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек осы саладағы жаңа сақтандыру түрі ретінде "Ерікті киберсақтандыру" қызметі енгізіледі. Себебі азаматтардың дербес деректерін қорғау - мемлекеттің парызы", – деді Асқар Жұмағалиев.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу