Kompra.kz, InfoKazakhstan.kz порталдарына шектеу қойыла ма?

2024

Елімізде кибер сақтандыру жолға қойылмақ 

Kompra.kz, InfoKazakhstan.kz порталдарына шектеу қойыла ма?

Қаржылық операциялар мен мемлекеттік қызметтер жаппай цифрлық кеңістікке көшіп жатқан тұста дербес деректердің қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып отыр. Миллиондаған қазақстандықтың жеке бас деректері жалпыға қолжетімді ресурстардың қолына түсіп, бірнеше рет шу шыққаны да ел есінде. Бұл келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін не істеу керек деген сұраққа ел билігі ұзақ бас қатырған сияқты. 

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында осы мәселе де қаралды.

Азаматтардың жеке бас деректерін заңсыз жинап, таратумен байланысты істерді бұдан былай сот қарамайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі заңға осындай өзгеріс енгізбекші. Комиссия отырысында сөз алған ведомство өкілі Руслан Әбдіхалықов осындай мәліметпен бөлісті. 

"Соңғы кезге дейін елімізде дербес деректерді қорғайтын құзырлы орган болған жоқ. Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау мәселесі операторлардың өз құзырында болатын. Осының салдарынан дербес деректерді азаматтар мен мемелекет тарабынан ескертусіз және коммерциялық мақсатта бақылаусыз алу көрсеткіші өсті. Дербес деректерді қорғау мен сақтау ісінде бақылау болған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін 25 шілдеде "Цирфлық технологиялардың реттеу туралы" Заң қабылданып, заңнамаға түзетулер енгізілді. Ол түзетулер Data Protection HNC тәжірибесі бойынша дербес деректерді жинау, өңдеу, қорғау, сондай-ақ дербес деректердің субькектісі саналатын азаматтардың құқықтарын қорғау саласын реттеуге құзыреті бар органды анықтауды көздейді",  дейді ол.

Яғни бұған дейін салық сот, денсаулық сақтау, әділет, құқық қорғау органдары мен банктердің, байланыс операторларының цифрлық кеңістіктерінде сақталып келген деректердің басы бір қазанға тоғыстырылып, арнайы мемлекеттік органның реттеуінде болады деген сөз. Бұл органның сөзінде салмақ, ісінде пәрмен болуы үшін құқықтық басымдық та берілмек.

"Бұған қоса дербес деректер саласында заң бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғап, шешім шығару соттардың құзырынан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына  берілді. Осылайша Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті осы салада мелекеттік реттеуді жүзеге асырады", деді Руслан Әбдіхалықов.

Дамыған демократиялық елдерде кез келген ұйым мен орган азаматтың жеке басына қатысты деректерді тек иесінің келісімімен ғана пайдалана алады. Бізде де сөз жүзінде осындай ереже болғанымен, оны іске асыратын қолайлы құрал да жоқ болатын. Цифрлық даму министрлігі құратын сервис осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс.

"Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі әзірленеді. Осының арқасында азаматтар өзіне қатысты дербес деректердің қолданылуын рұқсат беру немесе бас тарту арқылы реттей алады. Сервис азаматтарға дербес деректерін қолдану әрекеттерін қадағалап, сұратулар туралы ескертпелер алып отыруына мүмкіндік береді. Сервис бекітілген реестр негізінде блокчейн форматында әзірленіп, жыл соңына дейін қолданысқа енгізіледі. Бұдан бөлек "кибер сақтандыру" ұғымы заңға енгізілді. Сақтандырудың бұл түрі ерікті негізде жұмыс істейді және ұйымның компьютерлік инциденттер кесірінен пайда болған мүліктік шығынын өтеп беруге бағытталады. Ал азаматтардың дербес деректеріне зиян келсе, моральдық шығын өтеледі",  дейді маман.

Азаматтардың дербес деректерін жұмыс берушілер қандай шарттармен сұрата алады? Тұтынушылардың төлем қабілетін банк кез келген банк өкілі білуге құқылы ма? Осының бәрін реттейтін ережелер жиынтығы әзірленіп жатқан көрінеді. 

"Дербес деректерді жинау және өңдеу ережелері әзірленіп жатыр. Ол ережелер дербес деректерді жинап, көзін жоюға дейінгі кезеңдегі әрекеттердің тәртібі мен талаптарын нақтылайды. Деректерді негізсіз жинау және өңдеу, оператордың қызметіне жеткілікті және қажетті дербес деректерді анықтау және регламенттеу, ұйымның мақсаты мен міндетінен тыс артық деректерді жинауға жол бермеу сияқты ұғымдар енгізіледі. Үкіметтің дербес деректерді қорғау тәртібі туралы қаулысына өзгертулер енгізіледі. Бұл  шаралар бизнес пен азаматтардың мемлекетке деген және цифлық экономикаға деген сенімін арттырады",  дейді Руслан Әбідхалықов.

Министрлік өкілінің айтуынша, түрлі телеграм-каналдар арқылы танымал немесе ықпалды адамдарды әшкерелейтін ақпараттардың жиілеуіне байланысты, дербес деректерін қорғауға бағытталған шағымдар жиілепті. 

"Қазір дербес деректердің жалпыға қолжетімді ресурстарда жариялануы, дербес деректерді заңсыз жинау, ашық деректерді үшінші тұлғалардың пайдадануы сияқты мәселелер бар. Мысалы, интернетте Мемлекеттік кірістер департаментінің "Салық төлеушіні іздеу" сервисі бар. Онда Қазақстанның барлық салық төлеушісі туралы ақпарат бар. Адамның аты-жөнін терсеңіз, ЖСН шыға келеді. Сол ЖСН-ді енгізсеңіз, туған күні, кәсіпкерлік статусы, салық қарыздары, тіркеуде тұрған органы сияқты деректердің бәрі қалқып шығады.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл деректер заң бойынша ашық деректерге жатқызылғандықтан, қолжетімді етіп қойған. Яғни салық заңнамасын бұзып отырған жоқ. Дәл осындай жағдай Әділет министрлігінде де бар. Қазақстаннан шығуына тыйым салынған тұлғалардың тізімі жарияланады. Жоғары соттың ашық сот шешімдері де жалпыға қолжетімді. Бұл түрлі сайт иелерінің "Телеграмм-бот" сияқты құралдары арқылы қолданушыларға осы ресурстардың деректерін беріп отыруына жол ашады. Аталған деректер қайталап өңделуі де мүмкін. Осыған байланысты біздің министрлікке көптеген шағым түсіп жатады. Азаматтар өз деректерін үшінші тұлғалар заңға қайшы мақсатта пайдаланып, шығын келтіре ме деп қауіптенеді",  деген уәж айтты министрлік өкілі.

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев бұл мәселеде нақты бір тараптың ығына жығылуға болмайды деген пікір айтты. Бір жағынан дербес деректерін қорғау әркімнің құқығы болғанымен, соны желеу етіп, жымысқы әрекеттерді жасыруға мүмкіндік туындауы мүмкін.

"Кей адамдар өздерін цифрлық кеңістіктен тыс ұстайтын заңдық құқығым болса деп ойлайды. Сонымен бірге барлық азаматтың барлық әрекеті ел алдында есепті болу керек деген таным трендте тұр. Табысы күдікті адамдарға цифрлық кеңістіктен тыс болу құқығы берілмеу керек шығар. Біз Ұлттық экономика министрлігіне әр азаматтың төлеп отырған салығының мөлшерін көрсетуді бірнеше рет ұсынғанбыз. Бұл ұсынымызға сыни көзбен қараушылардың шоғыры байқалды. Талдап көрсек, қарсы болғандардың көбі мемлекет мардымды салық төлемесе де, түрлі қолдау талап етуін қоймайтын адамдар болып шықты. Мемлекеттік органдардың порталдарындағы ашық деректерді саяси мақсатқа пайдалану туралы айтылды. Министрлік өкілі Kompra.kz, InfoKazakhstan.kz сияқты құралдарды меңзеп отырса керек. Дегенмен бұл сервистер жұмыс берушілер мен бизнесмендер үшін өте қолайлы. Кімге сенуге болатынын, кімнен аулақ жүру керектігін нақты дәлел бойынша ұсыну заман талабына сай сервис деуге болады",  дейді қоғам белсендісі.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу