Лицензиясы бар қаржы ұйымдары ғана микронесие бере алады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2524

Талапты орындамаған субъектілер нарықтан шеттетіледі. 

Лицензиясы бар қаржы ұйымдары ғана микронесие бере алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтарға сонымен қатар онлайн-кредиторларға несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесімен теңестіру туралы талап қойғанда тоңы теріс дүниенің беті бері қарады.

Себебі осыған дейін қарапайым халықты "қан қақсатып" келген "жарылқағыштар" айылын жинай бастады.

Әрине, жылдық сыйақы мөлшерлемесін 100%-700% аралығында белгілеп жүрген пайдакүнемдерге оны 56%-дан асырмау туралы талап ұнаған жоқ. Алайда олардың бұған келісуден басқа амалы болмады.

Дегенмен қарапайым халықты "теспей сорып" үйреген қаржы ұйымдары әдеттерінен арыла алмады. Карантин кезінде микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар және онлайн-кредиторлар несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан асырмау туралы міндеттемесін ұмытып, тұтынушыларға 100%-дан астам сыйақы мөлшерлемесімен қарыз бергені әшкереленді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов дабыл қағып: "Жылдық тиімді ставка 600-700% дейін кетіп жатыр. "Кредит 24" компаниясы өз сөзімен келтіргенде: "Қарыз алушы туралы мәліметті тексеруде үшінші тұлғаның пайдасы үшін төлем" енгізіп, оның мөлшерін қарыздың 56%-на  теңестірген. Бұл "жылдам табыс табу" қызметі 27 150 теңгені құрайды. 100 мың теңге қарыз алған адамнан "жылдам төлем" қосымша қызметі үшін 27 150 теңге алынған нақты мысал бар. Бұдан бөлек келісімде әр мерзімнің өтіп кеткені үшін 3 мың теңгелік бір реттік комиссия, ал мерзім шартын бұзғаны үшін дер кезінде төленбеген төлемнің 1% мөлшерін төлеу шарты енгізілген", – деді үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Біле жүріңіз, келесі жылдың 1 қаң­тарынан бастап қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен лицензия алған ұйымдар ғана микронесие беру қызметін жүзеге асыратын болады. Бүгінгі таңда бұл іспен 3 100 микроқаржы ұйымы айналысып жатыр. Бұған дейін жарияланғандай, 2023 жылға дейін микроқаржы ұйымдарының жарғылық және меншікті капиталы кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Сәйкесінше 2023 жылы ломбардтардың айналым қаражаты – 70 млн, несие серіктестіктерінің капиталы – 50 млн, ал микроқаржы ұйым­дарының кассасындағы ақша – 100 млн теңге болуға тиіс. Талап үдесінен көріне алмаған субъектілер заң бойынша нарықтан шеттетіледі. Яғни кім көрінген қарыз берумен айналыспайтын болады.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының басшысы, экономист Мақсат Халық қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтардың және онлайн-кредиторлардың қызметін бақылау арқылы несиенің жоғары пайызбен берілуінің алдын алатынын айтады. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов халық амалдың жоқтығынан микроқаржы ұйымдарына жүгінеді деп санайды.

"Халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Қарапайым азаматтардың айлығы азық-түлік алудан артылмайды. Олар несиені шарасыздықтан алады. Себебі барлығының қарызы бар", – дейді қаржы сарапшысы.

Оның ойынша, қаржы реттеушісі мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтарға және онлайн-кредиторларға қойылған талаптың қатаң сақталуын қадағалауы қажет. Заңға қайшы әрекет еткендердің жазадан жалтаруына жол бермеу керек. Мұны мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтарға сонымен қатар онлайн-кредиторлардың қызметіне кедергі келтіру, тосқауыл қою деп емес, керісінше олардың қызметін заңдастыру, адал бәсекелестік жағдайына бейімделуге мүмкіндік беру деп қабылдау керек", – деді Расул Рысмамбетов.

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу