Микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар монополистер қолына көшпек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8534

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар монополиялануы, ал олардың несиесі күрт қымбаттауы мүмкін. 

Микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар монополистер қолына көшпек

Ұлттық банк бұл ұйымдардың жарғылық капиталының да, сондай-ақ төл капиталының да талап етілетін сомасын алдағы жылдан бастап, күрт арттыратынын жариялады.

Сарапшылардың айтуынша, салдарынан еліміздегі, әсіресе, ауыл-аймақтағы қарыз беруші құрылымдар, ломбардтар жаппай жабылып, олардың орнында тек ірілері ғана қалмақ. Ал нарықта ойыншылардың еселеп азаюы және бәсекелестіктің кемуі көрсетілетін қызмет құнының, яғни шағын несие құнының көтерілуіне соқтыратыны мәлім.

Бұл табысы төмен бұқара халықты күнделікті күнкөріс үшін "жалақыға дейін" несие алудан тыймасы анық. Тек кейін қарызын қайтара алмай, борыш батпағына батқандар санын арттыруы ықтимал.  

"Пруденциялық нормативтердi және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның сақтауы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi, оларды есептеу әдістемесін бекіту туралы" деп аталатын Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасына сәйкес, Ерболат Досаевтың командасы Данияр Ақышев тұсында қабылданған шешімдердің күшін жойғалы тұр. Олардың арасында қаржылық реттеушінің 2017 жылғы 31 шілдедегі №148 қаулысы және Қазақстанның қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 13-тармағы күшінен айырылмақ.

Жаңа құжат бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын барлық бизнесмендер өз ұйымдарының жарғылық капиталын 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, 30 млн теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Жеткізбегендері жаппай жабылады.

Бірақ жеткізгендерінің де ұзақ жұмыс жасайтынына ешкім кепілдік бермейді. Себебі келесі жылдың 1 шілдесінен бастап бұл сома 50 млн теңгеге дейін тағы күрт арттыру жоспарлануда.

Одан аман қалған ұйымдарға келесі "толқындар" соққы жасап, жермен-жексен етуі ғажап емес. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап ең төменгі жарғылық капитал сомасы – 75 млн теңгеге, ал 2022 жылғы 1 шілдеден бастап – 100 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ.

Бұдан бөлек, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтардың да дағдарыс тұсында жайқалған бақшасын Досаев ұжымының суық шешімінің ызғары соғып өтеді.

Өйткені олардан ең төменгі жарғылық капиталының көлемін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10 млн теңгеге, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап – 20 млн теңгеге, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап – 30 млн теңгеге, ал 2022 жылғы 1 шілдеден – 50 млн теңгеге дейін арттыру талап етілгелі отыр.

"Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейін ломбард ашу үшін 100 айлық есептік көрсеткіш немесе екі жүз мың теңгедей жарғылық капиталының болуы да жеткілікті саналатын. Ломбард орта кәсіпкерлік нысаны есебінде тіркелуге тиіс. Нәтижесінде, олар ірі қалаларда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап шыға келді. Енді мына өзгерістер күшіне енсе, ломбардтар сапынан сау-тамтық қалмайтын түрі бар. Кредиттік серіктестіктерге келсек, олар тек міндетті салымы бар өз серіктестігіне қатысушыларға ғана кредит бере алады. Бұған дейін бұлардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері бекітілмеген. Дегенмен "Жеке кәсіпкерлік туралы" заңына сәйкес, олар орта немесе ірі кәсіпкерлік нысанына жатқызыла алады. Тиісінше, жарғылық капиталы 100 АЕК-ке тең болуы керек", – дейді экономист Игорь Добровольский.

Ол осы өзгерістер банктердің несиеге тарататын "ұзын қаржысы" көлемін арттыруға бағытталуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Ұлттық банктің салаға "шабуылы" жарғылық капиталды арттырумен шектелмейді. Қаулы жобасында меншікті капиталдың да ең төменгі мөлшері микроқаржы ұйымдары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 30 млн теңгеге, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап – 50 млн теңгеге, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап – 75 млн теңгеге, ал 2022 жылғы 1 шілдеден бастап – 100 млн теңгеге жеткізіледі деп тұспалдануда.

Басқаша айтқанда, МҚҰ ашу үшін бизнесмен кем дегенде 200 млн теңге тауып, оны банктерде ұстауы қажет.

Бұған қоса, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар да 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10 млн теңге, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап – 20 млн теңге, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап – 30 миллион теңге, 2022 жылғы 1 шілдеден – 50 млн теңге меншікті капиталға ие болулары тиіс деп жобалануда.

"Бұл нарықты жайпап өтері сөзсіз. Біздің табатын табысты банктердің табысымен салыстыруға болмайды. Мәселен, осыдан бес жылдай бұрын ломбард ашып, жұрттың дүние-мүлкін, зергерлік бұйымдарын қабылдап, орнына қарыз беруге кірісу үшін ЖШС құра салу да жеткілікті болатын. Себебі ломбардтарды коммерциялық ұйымның қандай да бір ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында тіркеу заңнамамен белгіленбеді. Сондықтан 2 АЕК тіркеу алымын төлей салып, бір-екі қызметкері бар шағын кәсіпкерлік нысанын аша салған ломбардтар көбейді. Өткен жылдан бері талап қатайтылуда", – дейді осы салада тәжірибесі бар бизнесмен Салық Майтүнов.

Айта кету керек, жаңадан ашылатын банктер үшін жарғылық және меншікті капиталдарының ең төменгі мөлшері бұрынғы 5 миллиардтан  10 млрд теңгеге дейін көтерілген көрінеді.

Өз кезегінде, Бас прокуратура ломбардтардың ұрланған заттарды сатып алатын заңдастырылған құрылымға айналып кеткеніне алаңдаушылық білдірген болатын. Қазіргі кезде осы бағытта да күрес жұмыстары күшейтілуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу