"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет"

Карантин жағдайындағы ШОБ-тың кредиттік міндеттемелері.   

"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет"

Ұлттық нақыштағы бұйымдар тігумен айналысатын кәсіпкер Қазипа Мұхаметқали карантин кезінде шығынға батып отырғанын айтады. Себебі ол өндірісі тоқтап тұрғанына қарамастан, жалға алу ақысын төлеуге мәжбүр. Сонымен қатар кәсіпкер несиесін де өтей алмай отырғанын жеткізді.

"Жекеменшік тұрғын үй кешенінде кеңсе жалдап отырғандықтан, карантин кезінде де жалға алу құнын төлеуіміз керек. Бұдан бөлек цехымда жұмыс істейтін адамдардың жалақысын беру тағы бар. Олар қазір ақысыз демалысқа шықты. Алайда карантиннен кейін, қайта жұмысқа кіріскенде бірден еңбекақы төлеп, бизнесті жолға қою қиын болады", – дейді кәсіпкер.

Қазипа Мұхаметқалидің пікірінше, несие уақытын шегеріп, оны кейін төлеу де қолайсыз. Сондықтан кәсіпкер қарыз сомасының кешірілгенін қалайды.

"Тігін саласында 20 жылдан астам жұмыс істеймін. Карантин кезінде желі арқылы қаншама қыз-келіншекке тегін қолөнер сабақтарын өткізіп жүрмін. Еліме аз да болса пайдам тиіп жүр. Ал кейін жұмысқа кіріскен соң,  кәсібімді бірден жолға қойып, табыс таба бастауым екіталай. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге көмек көрсетсе екен", – дейді елордалық тігінші.

Бұл ретте Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ләззат Үсенбекова міндеттемелерді жеңілдету үшін несие төлемін 90 күнге шегеру шағын және орта бизнес иелеріне жасалған қолайлы мүмкіндік деп есептейді.

"Президенттің жарлығы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екі акт бекітті. Соған сәйкес борышкерлер 90 күнге несие төлемін кейінге шегере алады. Ал қарызды кешіру туралы құжатта ештеңе жазылмаған. Тәртіп номаларына қарасақ, кейінге шегеру барысындағы төлемдерді көбейтпеу мәселесі де қарастырылмаған. Сондықтан ломбардтар, банктер, микрокредиттік ұйымдар оны ішкі ережелеріне сәйкес бекітеді", – дейді сарапшы.

Ләззат Үсенбекованың сөзінше, несиені кешіру нарықтағы қаржы субъектілерінің құқықтарының сақталмауына, экономикалық теңсіздікке алып келеді.

"Несие керек құрал. Кез келген бизнес тек өз активтерімен жұмыс жасаса түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан түсетін табысты есепке ала отырып, тәуекелін бағамдай келе несие алу қажет. Бастысы оны дұрыс пайдалана білген абзал. Сондай-ақ, Азаматтық кодекстің 374 -бабында "қандай тосын жағдай болса да, азаматтар қаржылық міндеттемелерді өтеуден босатылмайды" деп жазылған. Кез келеген қарыз беретін ұйым депозиттер сынды түрлі қорлардан қаржы алып, оны несие ретінде үлестіреді. Мысалы, наурыз айындағы жағдай бойынша еліміздегі қарыз портфелінің көлемі 14 трлн теңге болса, ал депозит портфелі 18,5 трлн теңгені құрады. Сондықтан несиенің де, депозиттің де негізгі сомасы мен сыйақысы төленуге тиіс", – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры департаментінің директоры Мақсат Қасымбеков несие төлемін 90 күнге шегеру тәртібін түсіндірді.

"Әр клиенттің өтініші жеке қаралады. Егер қарыз алушы негізгі борыш пен сыйақыны жылдың соңына дейін өтей алса, төлем сомасын жыл соңына шегереміз. Егер ол 2025 жылға дейін несие алса, сол уақытқа дейін қарызын теңдей бөліп өтей алады. Яғни, үш айда жиналған қаржыны төлем мерзімі аяқталғанша өтесеңіз болғаны", – дейді  Мақсат Қасымбеков.

Құрылыс компаниясының өкілі Бекежан Жүнісов несиені төлеу мерзімін ұзарту бойынша банкке өтініш жазғанын айтады. Себебі оның компаниясынан пәтер сатып алатындар да баспана ақысын уақытылы бере алмай отыр.

"Әлі банктен жауап келмеді. Бірақ қарызды төлеу уақытын шегеру ыңғайлы болар еді. Себебі қазір барлығымыз шығын көріп отырмыз. Карантин қанша уақытқа созылатыны да белгісіз. Егер ол 13 сәуірде аяқталса бізге жеңілдеу болар еді. Егер мамыр айына дейін созылса,  құрылыс саласы құлдырайды", – дейді Бекежан Жүнісов.

Осы орайда Ләззат Үсенбекова несие мерзімін шегеру механизмі қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

"Борышкер қарыз алған қаржы ұйымына өтініш жазуға тиіс. Қазір оны қашықтықтан жасауға болады. Мысалы, Қаржыгерлер қауымдастығының сайтында несие беретін ұйымдардың сайттарына тікелей сілтемелер бар. Егер кәсіпкер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен экономика саласының өкілі болса онда қосымша құжат тіркеудің қажеті жоқ. Несие мерзімін қаржы ұйымы өзі шегереді. Басқа сала өкілі болса онда қосымша дәлелдеме құжат қосып жіберуге тиіс", – дейді сарапшы.

Бұдан бөлек сарапшы 6-8%-бен несие беру өте тиімді екенін айтады.

"Нарықта несие мөлшерлемесі көптеген көрсеткіштерге сәйкес белгіленеді. Мәселен, Еуропада инфляция деңгейі 2%. Біздің елімізде өткен жылы бұл көрсеткіш 5,5% болды. Яғни кез келген ақшаның құны болды. Инфляциямен салыстырғанда несиенің 5-6 %-дық мөлшерлемеcі өте ыңғайлы. Себебі қазіргі көрсеткішпен саластырғанда бұл 0%-ға тең келеді. Тегін деп айтуға болады", – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры.

Шығыс Қазақстан кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек қарыздарды төлеу мерзімін шегеру бойынша ең көп өтініш Халық банкке түскенін айтады. Қазіргі кезде өңірде 497 кәсіпкер екінші деңгейлі қаржы ұйымдарына өтініш жазған.

"429 кәсіпкердің мәселесі бірден шешілді. 62 кәсіпкердің өтініші қаралуда. Әр адамның өтініші 3-4 күнде онлайн және офлайн режимде сараланады. Қазіргі кезде 174 кәсіпкер Халық банкіне, 134 кәсіпкер Центр кредит банкіне хабарласты. Әр адамның мәселесі жеке қаралып, шешімін табуда", – деді Мәріпбек Шәкербек.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу