Қараша айында әкімдік 2050 жылға дейінгі шаһардың даму жоспарын жариялап, алматылықтар назарына ұсынған болатын. Кейін мегаполистің баспасөз қызметі "Алматы-2050" даму стратегиясына 1077 адам ұсыныс білдіргенін хабарлады. 27 қараша күні Алматыда өткен Инвестициялық форум аясында қала басшысы стратегияның негізгі бағыттарын таныстырған болатын.
"Алматы-2050" даму стратегиясында басымдық берілген бағыттар
Алдағы 30 жылда қаланың негізгі бағдарына айналатын бағдарлама 7 сатыдан тұрады. Оның біріншісі, "шетсіз қала" тұжырымдамасы. Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында орталық немесе шет аудан деген айырмашылық болмауға тиіс. Әр аудан жеке дамып, халық орталыққа емес, қала маңына қоныстануға ұмтылу керек.
Қала әкімі ұсынған екінші бағыт – "ақылды" қала жобасы. Яғни қоғамдық көлік саласынан бастап барлығын цифрландыру. Одан кейін тең мүмкіндіктер қаласы, қауіпсіз қала, жасыл қала, жаһандық іскерлік орталық, мәдени креативті қала сынды бірнеше бағыт бар. Алайда бұлардың барлығы бірдей қоғам белсенділерінің көңілінен шыға қойған жоқ. Себебі Алматының қоғамдық кеңесінің мүшелері стратегия әлі де толықтыруды қажет етеді деп есептейді.
Қоғамдық кеңестің пікірі қандай?
"Urban Forum Kazakhstan" қоғамдық қорының құрылтайшысы Әділ Нұрмақов "Алматы-2050" даму стратегиясы асығыс қабылданды деп есептейді. Ал мегаполистің болашағы осы стратегияның мастер-жоспарымен тығыз байланысты.
"Тұрғындар болашақта қандай қалада өмір сүргілері келеді? Алматының келбеті 30 жылдан соң қалай өзгеруге тиіс? Осының барлығын білу үшін стратегияны жазуға барша тұрғынды, түрлі қоғамдастықтар мен ұйымдарды, іскерлік-ғылыми қауымдастық мүшелерін қатыстыру керек. Тек сонда ғана ол жалпыға ортақ жоспарға айналады. Стратегияда әр алматылықтың қолтаңбасы қалады. Сонымен қатар тәуекелдерді де толық ескерген абзал. Мысалы, болашақта қалалар арасында бәсекелестік артады. Өзге шаһарлар Алматының ресурстарын алып кетуі мүмкін. Экологиялық жағдай бойынша да тәуекелдер өте көп. Міне, осының барлығын стратегияда нақты жазу қажет", – деді Әділ Нұрмақов.
Ал қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Шибұтов Алматының негізгі бәсекелесі Нұр-Сұлтан мен Шымкент екенін айтады. Сондықтан бұл мегаполистерден алда болу үшін даму жоспарымыз да озық болуы шарт дейді.
"Қазіргі кезде әлемде мемлекеттер арасында ғана емес, қалалар арасында бәсекелестік артып келеді. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан емес, Алматы Ташкентпен, Бішкекпен, Үрімжімен бәсекелес. Ал ел ішінде біз Нұр-Сұлтан мен Шымкентпен бәсекелеспіз. ЖІӨ-нің 20%-ы, яғни, ең үлкен көрсеткіш Алматыға тиесілі. Осы нәтижені сақтап қалу үшін ұзақмерзімді стратегияны ретке келтіру керек", – дейді қоғамдық кеңес мүшесі.
"Алматы-2050" даму стратегиясының соңғы нәтижесі
Алматыда өткен "Kazakhstan Urban Conference 2019" шарасы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы 2050" стратегиясының қоғам мен сарапшылар талқылауынан өткен нәтижесін ұсынды.
"Енді "Алматы 2050" даму стратегиясы жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникацияларға негізделген үш бағыттан тұрады",– деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар 2050 жылға дейінгі стратегия аясында 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматының" кешенді жоспары, "Үлкен Алматы", қала агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары, "Алматы Бизнес-2025" бірыңғай өңірлік бағдарламасы қабылданды.
Бұдан бөлек, "Алматы 2025" даму бағдарламасы, Алматының жаңа бас жоспары әзірленетін болады. Сондай-ақ, қаланың барлық сегіз ауданын дамытудың үш жылдық тұжырымдамасы жасалады.
"Стратегияны әзірлеуге және талқылауға қаланың барша жұртшылығы белсенді түрде қатысты деп нық сеніммен айта аламын. Оны дайындауға Алматының сарапшылар қоғамдастығы, іскерлік кеңесі, қоғамдық кеңесі, қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы, бизнес-қоғамдастық, қаланың белсенді азаматтары мен тұрғындары кеңінен тартылды", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы стратегияға байланысты әкімдік сайтына келген мыңнан астам ұсыныстың 18,2%-ы қалалық мобильділік және көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты болған. Ал 12%-ы экология мен көгалдандыру, ауа бассейнін тазарту мәселелерін шешуге бағытталған. Ұсыныстардың 10%-ы сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бойынша жолданған.
"Сонымен қатар осы ұсыныстардың 130-ы стратегияның қорытынды нұсқасын жазуда ескерілсе, 234-і мемлекеттік органдардың жұмыс жоспарларына енетін болады", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Осылайша сарапшылар мен қоғамдастықтың пікірлері ескеріліп қайта толықтырылған "Алматы 2050" стратегиясы қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Одан кейін ол Ұлттық экономика министрлігіне жолданып, бекітілген жағдайда Үкімет қарауына жіберілмек.
Құралай Құдайберген