Әскерилер лаңкестерге неге бірден тойтарыс бере алмады?

6180

Оның пікірінше, елдегі күштік құрылымдардың арасындағы өзара байланысты күшейту керек.  

Әскерилер лаңкестерге неге бірден тойтарыс бере алмады?

Әскери сарапшы, журналист Амангелді Құрмет елдегі тәртіпсіздіктер кезінде күштік құрылымдар лаңкестерге неге бірден тойтарыс бере алмағанына қатысты болжамын айтып, Президенттің Ұжымдық қауіпсіздік шартына мүше елдерден көмек сұрауына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен ол "Алматыға шабуыл жасаған 20 мың лаңкестің барлығы террорист пе?" деген сұраққа жауап берді.

"Терроризм – халықты қорқытып үркіту арқылы белгілі бір мақсатқа қол жеткізу. Бұл адамды кепілге алу, жарылыс жасау, виртуалды кеңістікте қысым жасау және тағы басқа. Алматыда тәртіпсіздік жасағандар саны 20 мыңға жетті делік... Алайда мұндағы мәселе нақты әрекет етіп, террористердің ұйытқысы болып отырған топтың көлемі қанша дегенге қатысты. Біз әзірше оның санын білмейміз. Бірақ шамамен айтсақ, жоғары деңгейде жаттығудан өткен 2 мың лаңкес болуы мүмкін", – деді Амангелді Құрмет.

"Президент бұл сауалға жауап таба алмаған сияқты"

Әскери сарапшы "қазақстандық күштік құрылымдар лаңкестерге неге қарсылық көрсете алмады?" деген мәселеге тоқталды.

"Президент әскери күштер (лаңкестерге – автор) қарсылық көрсете алмады дегендей мәлімдеме жасады. Мұнда бүгінгі оқиғаларға назар аудару керек. Әсіресе, ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-төрағасы Кәрім-Мәсімов пен бірқатар тұлғаға қатысты. Жоғары бас қолбасшы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұйрықты бірден орындайтын командирлердің үлесі қанша деген сауалдың жауабын таба алмаған сияқты. Өйткені қолбасшы ретінде Қорғаныс министрі немесе Бас штабтың басшысы бұйрық беруі мүмкін. Бірақ қатардағы сарбазға ең жақын адам – командир: взвод командирі, бөлім командирі, рота командирі, батальон командирі. Олардың бұйрығы генералдың бұйрығынан әлдеқайда өтімді болады. Себебі күнде олар әскерлермен бірге жаттығуға қатысады, бірге жүреді, әрі оларды таниды. Рота командирі "Бұйрыққа бағынбаңдар, бұл жерден билік кетті. Билікке басқа адамдар келді. Біз халыққа оқ атып жатырмыз. Халыққа оқ атпаңдар" десе, жауынгерлер оқ атпауы мүмкін", – деді журналист.

"Күштік құрылымдардың жұмысында үйлесімділік болмаған сияқты"

Оның пікірінше, мұндағы мәселе армиядағы бөлімдердің дайындығының нашарлығымен байланысты емес.

"Біріншіден, армия құрылымдарының ішіндегі офицерлерге деген сенім мәселесі. Екіншіден, түрлі күш құрылымдары арасында үйлестіру (координация) мәселесі бар, яғни ведомствоаралық үйлестіру жұмыстары. Мысалы, Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігіне, ал Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік кабинетіне қарайды. Енді армия бөлімдеріне тоқталайын. Әдетте ірі қалаларда армияның тұрақты бөлімдері аздау орналасады. Жалпы ол әскери концепцияда солай жазылған, яғни ірі бөлімдер қаланың сыртында орналасады.

Қазақстан армиясының ең ірі, жақсы қаруланған техникалық жарақтандырылған бөлімдерінің барлығы Алматыдан тысқары тұр. Мысалы, біреуі Отарда, екіншісі Қапшағайда....

Ұлттық ұланның Ішкі істер министрлігі базасындағы арнайы күштері мен Қорғаныс министрлігі базасындағы арнайы күштерінің өзара үйлесімі, әрі Ұлттық қауіпсіздік комитеті базасындағы арнайы күштердің жұмысын үйлестіретін құрылымның жұмысында нақты бір үйлесімділік болмағандықтан Президент жоғарыдағы мәлімдемені жасауға тура келген сияқты", – деді Амангелді Құрмет.

"Алматыдағы лаңкестерге арнайы жасақтардың күші жетеді"

Әскери сарапшы Қазақстандық армияның дайындығы жоғары деңгейде деген пікірде.

"Қазақстандық армияның құрылымдарында жалпы дайындық деңгейі жоғары бөлімдер бар. Мысалы, "Бүркіт", "Күрең береттілер" сынды арнайы жасақтар. Ондағы жауынгерлердің дайындық деңгейі Алматыда қару көтергендерді таптап тастауға жететін күші бар.

Алайда осындай бөлімшелер аз болған шығар. Өйткені лаңкестер бірнеше қалада бір мезетте көтерілді ғой. Санаулы 2-3 рота бөлімшелерді сіз қайда жібересіз? Мәселе соған келіп тіреледі", – деді журналист.

Оның айтуынша, алдағы уақытта күштік құрылымдарды техникалық жарақтандыру мәселесіне назар аудару керек.

"Президент жедел шешім қабылдады"

Амангелді Құрмет Мемлекет басшысы ҰҚҰШ-ға мүше елдерден дер кезінде көмек сұрады деген пікірде.

"Біріншіден, Жоғары бас қолбасшы жедел шешім қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай террорлық әрекеттің дайындалып жатқанын ертерек біліп, соған сәйкес қадам жасады деп ойлаймын. Әйтпесе, осы сәтте, дәл осындай шабуыл ұйымдастырылса, оның алдын алу қиын болар еді.

Екіншіден, Президент саяси қайраткер ретінде сырттан келген, тіл және жөн білмейтін ауғанстандық немесе Таяу шығыстың баскесер террористерін ғана емес, оларды іштен қолдап отырғандардың бар екенін, олар белгілі бір күштерге іштей сүйенеміз деп ойлайтынын білді. Сондықтан ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты күштеріне сүйенді. Осылайша, қазақстандық негізгі әскери күштерді тек казармаларды, әскери қоймаларды күзетіп, сонда байланып қалмауынан босатты. Енді қазақстандық әскерилер террористерді, бұзақыларды ұстап, құртуы керек. Олар негізгі ошақтарды басты деп ойлаймын", – деді әскери сарапшы.

Мемлекет басшысы орынды шешім қабылдады ма?

Ол Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдерден әскери көмекті уақытында сұрағанын айтты.

"Біріншіден, 4 қаңтарда Алматыда алғашқы ереуіл күшейді. Онда қарулы күштер газ атты. Бұл көзді ашытып, мұрынды түшкіртіп пысқыртады. Бірақ ол оқ емес. Бұл шынымен-ақ, адал, бейбіт ниетпен митингіге шығып, саяси талабын қойғысы келген азаматтардың ертеңінде алаңға шығуын шектеді.

Шынайы провокаторлар, халықты тонап қалайын дегендер, қандайда бір саяси диалогты қаламайтын радикалды көзқарастағы адамдар ескертуге қарамастан көшеге шықты. Сондықтан әу бастағы шешімнің өзі өте сәтті қолданылған деп білемін (Президенттің антитеррорлық операциясы бастауы туралы – автор)", – деді Амангелді Құрмет.

"Полицейлерге оқ атуға бұйрық берілмеді"

Әскери сарапшы полиция қызметкерлері заң аясында жұмыс істегенін, ереуілге шыққандарға қарсы қару қолданбағанын жеткізді.

"Полицейлерге оқ атуға бұйрық берілген жоқ. Соңғы 2 жылда Қазақстан полициясында реформа жасалып жатыр. Антитеррорлық операция кезінде 26 адам өлтірілді деп жатыр. Олардың өлтіргені 18 адам ғой. Олардың 26-сы ғана өлтірілсе, қалғанын мейлінше тірі ұстап, оның ішінен кімнің террористердің мектебінен өткен-өтпегенін, дүрмекке кімдер ергенін, олардың қаншалықты деңгейде бүлдіруге қатысты дегенді анықтау керек. Егер стандартты антитеррорлық операция болса, онда өлген террористердің қатары әлдеқайда көп болар еді.

Менің ойымша, мұнда сырттан келген террористердің көзін жойып, ел ішінен қосылып кеткендерді тірідей ұстап, біраз мәлімет алуды көздейтін сияқты", – деді журналист.

Сөз соңында ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің функцияларын реттеу керегін атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу