Алматыдағы оқиға тілші көзімен: 1 күн митинг, 4 күн тонау

Бизнес 100 млрд теңгеге жуық шығын шекті.  

Алматыдағы оқиға тілші көзімен: 1 күн митинг, 4 күн тонау

4 қаңтардың таңы алматылықтар үшін әдеттегі мерекелік демалыс ретінде қалыпты басталды. Кейбір базарлар, сауда орындары жаңажылдық демалыстан кейін ашылып, демалыс орталықтары жұмыс істеп тұрды. Қала ішінде түрлі белсенділер ұйымдастырған кішігірім митингтер мен әртүрлі сала өкілдерінің бейнеүндеулерін қоспағанда Жаңаөзенде басталып, әр аймақта өтіп жатқан шерулердің Алматыға қатысы жоқ сияқты көрінген.

"Жетісуда" шеру өткен жоқ, Алматы Аренада аздаған қақтығыс болды

Алайда сағат 16:00 шамасында "Алматының Құлжа тас жолы бойындағы "Жетісу" базарында наразылық акциясы өтеді" деген ақпарат тарады. 17:00 шамасында ақпарат алу, оқиғаның мән-жайын білу мақсатымен базар маңына барғанымызда айнала толы полиция, есігінің тарс жабық екенін көрдік. Базарда тұрған адамдардан сұрап білгенімізде шерудің Рысқұлов-Момышұлы көшелері маңындағы "Алматы Арена" кешенінде өтетінін, "Жетісуға" жиналғандар сол бағытқа бет алғанын айтты. Өздері де сол жаққа барамыз деген жігіттер қымбатшылыққа қарсы екендерін, бейбіт шеруге қатысатынын жеткізді. 

Бізге аталған аумаққа жету мүмкін болмады. Өйткені Рысқұлов-Розыбакиевтен кептелісте қозғалыс байқалмады. Оның шерушілер жиналып жатқан Алматы Аренаға дейін созылып жатқанын кейін білдік. Сағат 20:00 шамасында "Алматы Арена" маңын полиция қоршауға алғаны туралы ақпарат жетті.

Алматы Арена кешені маңында тұрған полиция көліктері

Артынша әлеуметтік желіде полициямен қақтығыс туралы алғашқы бейнекадрлар жариялана бастады. Сағат 22:00 шамасында қалада интернет бұғатталды.

Орталық алаңда не болды?

Бұдан кейін оқиға орнында жүрген журналистерден 23:00 шамасында шерушілердің Республика алаңына беттегені туралы ақпарат жетті. Кейбірі көлікпен, көпшілігі жаяу адамдар тобы Абай даңғылымен орталық алаңға 2 сағаттай уақытта жеткен. Алматы Арена маңында тұратын тұрғындардың айтуынша митинг аяқталған соң Момышұлы көшесі бойында соғылып, майысқан оншақты көлік қана қалған. Маңында иелері де, полиция да жоқ. Митингтен басқа белгі көрінбейді.

Орталық алаңда болған әріптестеріміз бізге шерушілер тобы келген соң митингке тән сөз сөйлеп, талап қою сынды шаралардың өтпегенін, жиналғандар ешкімге талап қоймай, полиция жасақтарымен қақтығыс түсініксіз жағдайда басталып кеткенін хабарлады. Қала әкімдігінің үлкен ағаш есігін қиратқан топ бұл күні бірінші қабаттан ары кірмеген. Алаңда жүрген әріптестеріміз бірер сағаттың ішінде әкімдік маңында тұрған бірнеше көлік өртеніп, адамдардың жарақат алғаны туралы да айтты. Олар травматикалық қарудан жарақат алған ер адамды қалалық 12 ауруханаға жеткізген. Бірақ оқты кім атқанын айта алмады. "Сондай-ақ дыбыс, түтін гранаталарын қолданылғанын көрдік, бірақ оны қай тарап лақтырғанын біле алмадық", дейді әріптестеріміз. Түнгі 01:00 шамасында алаңға жиналғандардың қашып, тарап кеткені туралы хабар жетті.

"Алаңда адам азайды деген соң оқиға орнынан ақпарат тарату мақсатымен Шығыс айналма жолы арқылы Республика алаңына бет алған едік, алайда әл-Фараби даңғылында көлік кептелісінен өте алмадық. Қарсы беттен келген жүргізушілер көліктердің алдында 500-ге жуық адам жаяу шерулетіп, алаңға бара жатқанын айтты. Біз кері қайтып, Райымбек даңғылымен жүріп, Назарбаев даңғылымен көтеріліп, Абай көшесіне жетіп тоқтадық. Бұл жерде қалалық ПД басшысы бастап, полиция жасақтары шерушілерге қарсы бағытта бару үшін дайындалып жатты. Одан әрі полиция өткізбеді. Сол жерге келгендер Наурызбай-Сәтпаев қиылысында көліктер өртеліп, қақтығыс болып жатқанын айтты. Сол маңда шулы гранаталардың даусы естіліп жатты. Көшеде нөмірсіз көліктер көп болды", – дейді журналистердің бірі.

Біз 5 қаңтар күні таңертең 9:00 шамасында негізгі қақтығыс болған Наурызбай-Сәтпаев, Наурызбай-Сейфуллин, Сәтпаев-Сейфуллин, Абай-Сейфуллин көшелерімен жүріп өттік.

Сейфуллин-Тимирязев көшесіндегі көпір маңында және Наурызбай-Сәтпаев бойында өртеніп, төңкерілген бірнеше көлікті көзіміз шалды.

Өртенген көліктер

Сейфуллин-Абай көшесінің қиылысындағы "Кишлак" мейрамханасының барлық орындықтары көше бойында шашылып жатты. Тура осы көрініс қаланың әр жерінде байқалды. Бірақ ең негізгі оқиғалар мен бүлдіру осы маңда болды. Көпшілігіміз алматыдағы оқиға осымен тәмәм деп үміттендік. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бүлікшілер қашып кетті, жағдай бақылауда деген мәлімдемесінен соң жағдай жалғаспайтынына сенім арта түскен...

Ал орталық алаңды әскерилер қоршап тұрғандықтан, өту мүмкін болмады. Бұл жерге біз "Атамекен бизнес" арнасының түсіру тобымен сағат 15:00 кезінде келе алдық.

Жанып жатқан әкімдік

Бұл кезде қала әкімдігінің алдыңғы беті өртке орана бастағанын байқадық. Бір топ адам ғимарат маңындағы бағаналар мен паркинг аппараттарын қиратып жатты. Журналистер тобын көрген шерушілердің бір тобы дүрсе қойып, кетуді талап еткендіктен ақпарат алу мүмкін болмады. Бұлардан бөлек алаңдағы тағы бір топ адам бізден неге ерте келмегенімізді, журналистердің шерушілер талабын неге түсірмейтінін сұрады. Бұдан алаңда қарапайым халықтан бөлек бұзып, қиратушы топ барын түсіндік. Алматылықтардың басым бөлігі қалада террористік топ барын 6 қаңтар күнгі Президент мәлімдемесінен кейін ғана білді.

5 қаңтар күні түнде әкімдік ғимараты өртеніп кеткені, қаланың әр аумағында қиратып, тонау әрекеттері басталғаны туралы ақпарат жетті. Интернет бұл күні де қосылмағандықтан толық ақпарат алу, тарату мүмкін болмады.

 

6 қаңтарда алматылықтардың басым бөлігін толғандырған сұрақ: қала билігі мен құқық қорғау органдары қайда болды. Өйткені қаланың орталық бөлігінде тонау, қирату жүріп жатқаны туралы ақпараттар келіп жатты. Көпшілік сауда орындарын тонау, қирату еш кедергісіз жасалған. Кейбір сауда орталықтары екі реттен тоналған. Мәселен: Саин-Райымбек көшесінің қиылысындағы "Азия парк" сауда орталығы 6, 7 қаңтарда екі рет тоналып, соңғысында өртелген.

Кейбір тонау оқиғаларына куә болған алматылықтардың айтуынша екі түрлі тонаушыларды байқаған. Қару асынған топ ақша, алтын бұйымдарын ғана алса, азық-түлік, тұрмыстық техника, киім, құрылыс заттарын қолды қылғандар арасында қарапайым адамдар да болған. Кейін Алматыдан ұрланған ұялы телефондар мен тұрмыстық техника Шымкент, Оралдан табылған. Мұны Ішкі істер органдарының өкілдері блок бекеттерде әр көлікті тінту барысында анықтаған.

"6 қаңтарда тонап кетті дегенді естіп, 7 қаңтар күні не қалғанын көруге келдім. Күзетші қалған заттарды алып кету керегін, қорғауға қауқарсыз екендерін айтты. Бірақ ішін бір шолып шығып, есігін бекітіп жатқанда тонаушылар тобы кіріп келді, толық жауып үлгерместен қашуға мәжбүр болдық. Осы екінші күні өртеп кетіпті. Алғашқы тонаудан кейін 20%-дай зат қалғанын байқағанмын, өрттен соң түк қалмады. Тонаушылар арасында "зомби" сияқты түсініксіз адамдар да, қарапайым адамдарды да байқадым. Тіпті әйелдер де жүрді", – дейді Нұржан есімді "Азия парк" СО-дағы дүкен қызметкері.

Қалада тонау, қирату әрекеттері 5 қаңтар түні, 6, 7, 8 қаңтар күндері болды. Соңғы күні жаппай тонаудың азайғанын қалалық Полиция департаменті мәлім етті.  

"Атамекен" ҰКП дерегі бойынша бұл күндері қалада – 1 399 нысанда орналасқан 1 234 субъект тоналып, қираған. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің филиалдары: сауда – 1 245, қоғамдық тамақтандыру – 25, қаржы секторы – 37, логистика – 9, БАҚ – 2 саласына қатысты. 10 қаңтардағы есеп бойынша бизнестің шығыны 92,2 млрд теңгені құраған. Алайда бұл цифр өсуі мүмкін. Өйткені шығындар әлі есептелуде.

9 қаңтарда қаланың қалыпты өмірге орала бастағаны байқалады. Қала әкімдігінің хабарлауынша 8 қаңтарда "Тоймарт", "Magnum" және "Small" сынды ірі сауда маркеттерінің 28 бөлімшесі, 9 қаңтарда 49 филиалы қайта ашылған. Сондай-ақ бастап 44 жанармай құю стансасы жұмыс істей бастаған, бүгін тағы 25-і іске қосылмақ.  

Қаладағы ахуалды білу мақсатында 10 қаңтар таңмен Рысқұлов даңғылымен жүріп жанармай бекеттерін қарап шықтық. Көпшілігі жұмыс істеп тұр, кезек көп және көпшілігі өнімдерін тек қолма-қол ақшаға сатуда.

Алматы әкімі азық-түлік қоры жеткілікті, азық-түлік өнеркәсібі саласындағы Ақсай-нан, Алматы ашытқы зауыты сынды ірі кәсіпорындар жұмысын жандандырды, деп мәлімдеді. Сонымен қатар "Барыс", "Алматы1", "Арыстан" базарлары да істеп тұр. Өткен күндердегідей емес, дүкендерде кезек азайып, нан сынды қажетті тауарлар пайда болған. Бағада аса өзгеріс байқалмады.

Алайда толық қалыпты өмірге оралу үшін контртеррористік операцияның аяқталуын күту керек екені анық.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу