Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандар мен қамаудағылардың саны белгілі болды

Қазіргі уақытта прокуратураға құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты 32 өтініш түскен.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандар мен қамаудағылардың саны белгілі болды

Қаңтар айының басында еліміздің бірнеше өңірінде болған тәртіпсіздіктер мен шерулер кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстанда барлығы 4 578 адам зардап шекті. Олардың 4 353-і жарақат алды. Оның ішінде құқық қорғау органдарының 3 393 қызметкері. Төтенше жағдай кезінде 225 адам мәйітханаларға жеткізілді. Өкінішке орай, бейбіт тұрғындар да терроризмнің құрбаны болды", – деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев.

"Осы кезеңде 2 677-ден астам адам медициналық көмекке жүгінді", – деп толықтырды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Артакшинова.

Оның ішінде 1 815 науқас амбулаторлық-емханалық көмек, 863 науқас стационарлық көмек алған.

"Бүгінгі таңда 598 науқас жазылып, 265-і емделіп жатыр, 67 науқас жансақтау бөлімінде. Жалпы саны 500-ден астам күрделі операция жасалды. 225 адам қайтыс болды. Оның 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болған", – деп түсіндірді Әсел Артакшинова.

Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына отырғызылса, оның 446-сы сот қаулысымен қамауға алынды. Құжаттарды тексеріп, прокуратураның қамауға алуына негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды.

Бүгінгі таңда жедел топтар 546 қылмыстық істі тергеуде. Оның ішінде 44-і терроризм актісі, 34-і жаппай тәртіпсіздік, 15-і кісі өлтіру және басқа да баптар бойынша.

Ведомствода келтірілген деректердің алдын ала екенін атап өтті.

"Олар өзгеруі мүмкін", – деді Серік Шалабаев.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен, Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылармен және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Оларға қатыгездік көрсету және медициналық көмек пен қорғаушылардың көмегін ұсынбау бойынша ықтимал жағдайларын өз бетінше тексеру үшін қамауға алынған адамдарды ұстау орындарына кіруге рұқсат берілген.

"Егер азаматтар құқықтары бұзылды деп есептесе, 115 байланыс орталығына хабарласуларыңызды сұраймыз", – деді Серік Шалабаев.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі әрбір факті мұқият тексеріліп, тиісті құқықтық баға беріледі деп сендірді.

Еске сала кетсек, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты митингіге шыққан. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық акциясына мұнай өндіруші кәсіпорындардың вахталық жұмысшылары қосылды. 4 қаңтарда елдің бірнеше өңірінде бірден жаппай тәртіпсіздіктер басталды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу