Байбек кеткен соң Алматы қайта "өсе" бастады

5938

Биік құрылыспен күрес неге бәсеңдеді?  

Байбек кеткен соң Алматы қайта "өсе" бастады

Қазақстанда биліктілер мен байлар бұқарадан неғұрлым биік тұрса, өзін соғұрлым мәртебелі санайтын теріс түсінік бар. Салдарынан дәулеті шалқыған "ұлықтар" Алатауға өрмелеп бара жатыр.

Осы қауіпті үрдісті кезінде Тұңғыш Президент тоқтатқан. Бірақ уақытша ғана кідіргенге ұқсайды. 2015 жылғы тамызда еліміздің ең алып мегаполисінің тізгіні Бауыржан Байбекке берілгені мәлім. Оған Елбасы Н.Назарбаев сонау Храпунов кезінен бері үздіксіз әрі қарқынды жүріп келген, Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке беттеген құрылысты тоқтатуды тапсырды. 2016 жылы ол аудандарда 3 қабаттан не 12 метрден биік ғимараттар салуға тыйым салынды.

"Таудың өзі және тау бөктеріндегі аудандар енді тек тынығуға арналған рекреациялық аймақ болады. Ол жақта бұдан былай ештеңе де салынбауға тиіс. Қаланың Әл-Фарабидан жоғары жақта орналасқан оңтүстік аймақ, 6,5 мың гектар алаң – қаланың стратегиялық аумағы саналады", – деген сонда Алматы әкімі Б.Байбек.

Бұған дейін тек 6 қабатқа дейін ғимарат салуға рұқсат етілетін. Алайда Президент әкімшілігінің тапсырмасымен жүргізілген талдау көрсеткеніндей, қала маңындағы аймақта құрылыс салуға қойылған ондай шектеудің өзі шаһарды "желдету" үшін жеткіліксіз болып шықты. Улы түтін мен тұманның ауыр қоспасынан тұншыққан мегаполис үшін құрылыстан гөрі экология басымдық болатын заман жетті. 

Осыдан кейін қала құрылысы талаптары күшейтіліп, қабаттылығы, сонымен қатар сәулет-жоспарлау критерийлері бойынша қатаң реттелгендей болған. Бауыржан Байбек мұны "девелоперлер үшін өте өкінішті жаңалық" деп атады. Себебі, Әл-Фараби даңғылынан биікке өрлейтін аудандарда жер аса құнды, удай қымбат, табысы аста-төк. Оған қатысты ондаған жылдарға бағдарланған жоба-жоспарлардың дайындалып та қойғаны белгілі болды.

2016 жылы Алматыға арнайы сапармен барған Елбасы сол аумақта және Шымбұлақта коттедждердің қаптап кеткенін де қатты сынады. Олар қалалықтар мен қонақтар үшін – тамаша тау көрінісін, ал жел үшін – қозғалыс жолын жауып тастады. Сондықтан Н.Назарбаев аталған даңғылдан жоғары жақтағы алып ғимараттар мен коттедждерді бульдозермен сүріп тастауды жүктеді.  

Енді не болды?

Алматылық кәсіпкер Айнұр Төлеулиева Елбасы тыйым салған жақта 16 қабаттық тұрғын үй салынып жатқанын хабарлап, мәселе көтерді.

"Құрметті әкім Бақытжан Сағынтаев! Асқаров көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанына назарыңызды аудартқым келеді. Құрылыс компаниясы 16 қабаттық үлкен тұрғын үй тұрғызуға ниетті. Сонда Әл-Фараби даңғылынан биікке қарай 3 қабаттан асатын ғимарат тұрғызуға тыйым салатын Үкімет қаулысы қайда қалды? Бұған кім жол беруде? Осы мәселені қарауыңызды сұраймын", – деді бизнесмен.

Риэлторлар ол маңда пәтерлер аса қымбат тұратынын айтады: 150 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтер шамамен 80 миллион теңгеге сатылуда. 2 бөлмелі (60 ш.м.) пәтер үшін 30 миллиондай теңге сұрайды. Бұл Нұр-Сұлтандағы BI Group, Базис-А секілді алып корпорациялардың салтанатты, су-жаңа үйлеріндегі 3 бөлмелі пәтердің құны. 

Алматы әкімдігі ондай құрылыспен күресіп жатқанын айтады.

"Асқаров–Әл-Фараби қиылысындағы жер телімінің рұқсат беру құжаттарының мерзімі аяқталды. Осыған байланысты біздің басқарма жер телімінің иесіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес рұқсат құжаттарын алу рәсімінен қайтадан өту жөнінде ұсыныс жасады. Алайда бұған жауап ретінде ол "Құқықтық актілер туралы" заңның 43-бабына, яғни нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайтыны туралы нормаға сілтеме жасай отырып, көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастыра беретінін жеткізді. Бұл мәселені сот арқылы шешуге тырысып жатырмыз", – деді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы.

Бірақ бұл жалғыз дерек еместей. Алматылық Динара Хасанова Бостандық ауданында, Әл-Фараби даңғылы бойында салынып жатқан AFD Plaza тұрғындары атынан шағымданып жүр. 16–21 қабатты он ғимараттан тұратын бұл тұрғын үй кешені 2014 жылғы желтоқсанда қолданысқа берілген екен. Енді ары қарай "өсуге" бет алыпты.

"Құрылыс компаниясы және жоғарғы қабаттарды сатып алған адамдар бізді басынып, ойына келгенін істеуде. Бүгінде үй төбелеріне заңсыз қосымша қабаттар мен пәтерлер тұрғызуда. Бұл ретте ғимараттардың бағаналары мен іргетасына қосымша ауыртпалық түсетінін ешкім есепке алмайды. Бұған қоса, жаңа пәтерлер ауыр арматура қолданылып, бетон блоктардан салынуда. Оның бәрі лифтпен тасылғандықтан, жолаушылардың жеделсатылары істен шығуда. Қала әкімдігі, құрылыс-сәулет басқармасы бұған көз жұма қарап отыр", – дейді Д.Хасанова.

Оның айтуынша, үй төбесінде құрылыс қызған кезде құрылыс бөліктері, тіпті құрылысшылардың каскалары аулада жүрген тұрғындардың басына құлаған кездер болыпты. Себебі, қоршау қойылмаған, құрылыс нормалары сақталмайды дейді. 

Сарапшылар Алматыдағы мұндай "қосарлама" құрылыстар ірі жер сілкінісі кезінде шашылып, қирап қалатынын ескертеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу