Спекулянттар Kolesa.kz пен Krisha.kz-ті нарықты "қыздыруға" қолдана ма?

4496

Мессенджерлер арқылы "Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуіне бесжылдық мораторий енгізілгені" туралы әңгіме тарауда. Өкінішке қарай, бұл – фейк.  

Спекулянттар Kolesa.kz пен Krisha.kz-ті нарықты "қыздыруға" қолдана ма?

Себебі елімізде тек сұйытылған газ, бензин, дизель бағаларына, сондай-ақ коммуналдық тарифтерді жоғарылатуға 6 айға мораторий енгізілді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын жарты жылдай мемлекет реттейтін болады. Әрі қарай олардың бағасының да өспесіне кепілдік жоқ.

Ал баспана бағасы болса, әрі қарай қымбаттап, қара халықтың үмітін үзетін биіктерге шығындап барады.

Мысалы, белгілі дизайнер Салтанат Мадалидің айтуынша, Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Мирас ықшамауданында салынып жатқан "President’s Park" салтанатты тұрғын үй кешенінде 179 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтер (!) 308 миллион теңгеден сатылуда. Бұл тек – бастапқы бағасы.

"Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы соңғы бес жыл қатарынан тек өсіп келеді. Әрине, күні кеше болған қайғылы оқиғалар нарыққа біршама әсер ететін болар. Бірақ әзірге баға түсіп жатқан жоқ", – дейді сарапшы.

Бұған дейін жылжымайтын мүлік агенттіктерінің мамандары, делдал-брокерлер біресе, алда келе жатқан девальвацияны, біресе, құрылыс материалдарының күрт қымбаттағанын, енді бірде азаматтардың БЖЗҚ-дағы жинақтарын тездетіп алып қалуға асыққанын алға тартып, пәтер бағасы өсетінін дәйектеп келді. Қазіргі кезде бұл мәселелерде дүрбелең басылды. Алайда баспана бағасы арзандайтын, кері қайтатын емес.

Дағдарыс, пандемия, карантин шектеулері бұқараның да, бизнесті де қаусатып кетті, елдің әл-ауқаты құлдырауда. Соған қарамастан тынышсыз Алматыда 1 бөлмелі пәтерді 308 миллионға алатын клиенттер табылатын болса керек.

Өз кезегінде қарапайым қазақстандықтар бұл нарықта қалыптасқан парадоксты түсінудің және түсіндірудің түрлі тәсілін қарастыруда. Мысалы, Алматы тұрғыны, аналитик Айдос Оңдаханов Үкімет мүшелеріне шағымында еліміздегі танымал маркетплейстердің нарықтағы бағаны қолдан "қыздыруға" ықпал етіп отырғанына назар аудартты.

"Kolesa.kz, Krisha.kz қайталама нарықта ажиотаж туғызудың құралына айналып кетті. Сондықтан мемлекеттік органдарды осындай сайттарды бақылауға алуды сұраймын. Неге деген сауал туады. Өйткені дәл осы сайттарда нарықта жасанды баға туғызудың және жалпы халықтың санасына ықпал етудің бірқатар тетіктері жасырынып жатыр. Мен ешкімді де айыптамаймын! Бірақ сол тетіктерді түзетуді талап етемін", – деді Айдос Оңдаханов өз хатында.

Ол қандай тетік?

Арыз иесінің пікірінше, бұл әлгі екі сайттағы "сараптама блогы және орташа баға көрсеткішінің индикаторы" көрінеді.

"Біріншіден, Kolesa.kz пен Krisha.kz-тегі аналитикалық блокты және орташа баға көрсеткішінің индикаторын жою қажет! Әйтпесе, автокөлік немесе пәтер сатып алуға ниеттенген кез келген тұтынушы бірінші кезекте дәл осы көрсеткішті басшылыққа алады. Ал сатушылар жалған хабарландыру беру арқылы осы көрсеткішке ықпал ете алады. Бұл мүмкіндікті мен өзім тексеріп көрдім. Қызық көріп", – дейді А. Оңдаханов.

Ол келесідей сынақ өткізіпті. Алдымен қазақстандықтар арасында танымал, нарықта 4 млн теңге тұратын жеңіл автомобильдің суретін жүктеп, аталған сайттарда 2 хабарландыру орналастырады: біреуінде оның құнын 8 миллион, екіншісінде – 6 миллион деп көрсетеді.

"Нәтижесінде, небәрі 2-3 күн ішінде сайттағы ол көліктің орташа құны 4 миллионнан 4,5 миллионға дейін өсіп шыға келді. Бағаны 4,5-нан қайтадан 4 миллионға дейін кері түсіруге талпынып, түрлі тәсілін қолданып көрдім. Мысалы, қайтадан жаңа "жалған хабарламалар" беріп, біреулерінде 3 миллион, енді бірінде – 2 миллион теңгеге сатамын деп жарияладым. Алайда схема кері, яғни баға түсіру бағытында жұмыс істемейді екен. Тым арзан автокөлік көп қызығушылық тудырды, қаптаған клиент дереу телефон шала бастады. Қолымда ондай көлік болмағандықтан, амалсыз "сатып жібердім" деуге тура келді, кейбірінің қоңырауына мүлдем жауап бермедім. Содан маған қатысты шағымданса керек, аккаунтымды бұғаттап тастады", – дейді Алматы тұрғыны.

Оны әлгі көліктің орташа бағасын кері түсіре алмағаны қапаландырады: баға 4,5 миллион теңгеге дейін өсіп кетті және эксперимент клиенттерге кесірін тигізуі ғажап емес.

"Сорақысы сол, мен жалғыз өзім ерігіп отырып, орташа баға индикаторын, тіпті тұтастай алғанда, аналитика блогын өзгертуге ықпал ете алдым. Ал елімізде нағыз ірі ойыншылар бар ғой. Мысалы, автосалондар, құрылыс компаниялары, жылжымайтын мүлік агенттіктері. Олар осы тетік-құралды өз қажетіне жаратып, бағаны үнемі көтере береді ғой?! Оның үстіне индикатор тек қана бағаны қымбаттатуға ғана жұмыс істейтін болып шықты. Сол арқылы нарыққа зиянын тигізеді. Қазақстандықтардың табан ақы, маңдай терімен тапқан табысын тартып алып, қанайды", – дейді Айдос Оңдаханов.

Ол Үкімет мүшелеріне осындай сайттардағы орташа баға индикаторын және сараптама блогын жойғызуды ұсынды.

Сондай-ақ арыз иесі барлық маркетплейстерді, тауар мен қызметтер ұсынылатын электронды сауда алаңдары мен сайттарды алдымен, ең арзандарынан бастап көрсетуге заңмен міндеттеуді ұсынды.

"Сонда арзан баға белгілейтіндер бірінші көзге түсетін болады. Олардың қаралымы жоғары болады. Тиісінше, өзгелер де тұңғиыққа батып, түбінде жатпау үшін бағаларын қолжетімді ете бастар еді. Осылайша, табиғи түрде баға бәсекелестігі пайда болады. Бұл сайттарға да тиімді. Кім қымбат бағасымен-ақ "топқа" шыққысы келсе, төлесін, ақылы қызметке жүгінсін. Қазіргі алмағайып шақта мемлекет қарапайым қазақстандықтарға барлық көмегі мен назарын бағдарлауы қажет. Кедейлер неғұрлым аз болса, елдегі тонаушылық пен мародерлық та соғұрлым аз болады", – деп түйді А. Оңдаханов.

Айта кету керек, арыз иесіне жауап хатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл ұсынысты қабылдамады. Ведомствоның байламынша, бұл цифрлық салаға жауапты органның құзырына кірмейді. Бағаны нарық белгілейді. Ал жосықсыз, негізсіз баға белгілеуге қатысты азаматтардың шағымы болса, Бағдат Мусин министрлігінің ұстанымынша, олар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгінгені жөн.

Дегенмен антимонополиялық орган да бұл мәселеге бей-жай қарайды. Себебі Kolesa.kz те, Krisha.kz те сала монополисі саналмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу