Ауылда үй салғандарға миллиондаған теңге субсидия берілуі мүмкін

3150

Баспана қымбатшылығы ауылға да жетті. Енді ауылдық елді мекендерде көп қабатты тұрғын үй кешендерін салу табысты болатынға ұқсайды. Өйткені бүгінде ауылда баспана бірнеше миллион теңгеге сатылады.  

Ауылда үй салғандарға миллиондаған теңге субсидия берілуі мүмкін

Кеңес кезінен қалған стереотип: қала кілең заңғар үйлерге толы, ал ауыл-село тек жатаған, жеркепе үйлерден тұрады. Дамыған елдерге мұндай қағида жүрмейтінін Германияны аралағынымызда байқадық: тіпті "дорфтарда" (деревня) көпқабатты үйлерді жиі кездестіруге болады.

Тағы бір стереотип: ауылдағы үй құрылысына инвестиция салу өзін-өзі ақтамайды. 90-шы жылдары ауылдан үдере көшкен адамдар, шетелге кеткен отандастар үйлерін тегін тастап кетті. Жолы болғандар баспанасын бартерлік жолмен ескі көлікке, жылқы не сиырға, бірнеше қап ұнға, басқа да құнды тауарға айырбастай алды. Ол заман келмеске кетті деуге болады. Бүгінде перспективті ауылдарда 2 миллион теңгеден арзан үй жоқ. Кейбір жеке үйдің бағасы қаладағы пәтер құнына барабар.

Атырау облысындағы Доссор кентінің тұрғыны Думан Нұржанұлының айтуынша, бүгінде ауылда үй 2 миллион теңгеден басталады. Қаладағы бағалар одан он еседей қымбаттап кеткен.

"Көпбалалы әкемін. Заңгер және музыкалық екі бірдей білімім бар. Соның өзінде баспанаға жинақ жинау қиын. Білімімді жетілдіру мақсатында Атырау қаласында жұмысымды жалғастырудамын. Дегенмен жағдайым мәз емес. Ауылда үйім болғанымен, оны сатып, қаладан үй алу қиын, себебі ауылда үй 2 млн болса, қалада 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Сол себептен қалада пәтер жалдап тұрамын. Табысымнын 70%-ы пәтер жалдауыма кетеді", – дейді ол.

Ескіден қалған тағы бір стереотип: "жетімбұрыш жағалағандар" деген ұғым кезінде ел астанасы Алматыдан тарағандықтан, әлі күнге баспанасыздық проблемасы көбіне қалаларға тән деп есептеледі. Дұрысында, ауыл-аймақта да үйсіздік мәселесі өткір тұр. 

Алматы облысының Талғар ауданындағы Нұра ауылының тұрғыны Ахмет Оразбаевтың мәліметінше, "Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004–2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына" сәйкес, осы ауылда кезінде жеке тұрғын үйлер салу және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бөліне бастапты. Жергілікті әкімқаралар сұраныс сонша көп болады деп ойламаса керек.

"Нәтижесінде, Нұра ауылының айналасында 5 (!) шағынаудан пайда болды. Олар Дулат, Нұра-1, Нұра-2, Төле би, Бәйдібек деп аталады. Тиісінше, халық саны да көбейді. Алайда содан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де, бұл шағынаудандарда не инфрақұрылым, не жаңа жұмыс орындары жоқ. Түрлі меморганға жүгіндік. Ұлттық экономика министрлігінен 2022 жылғы 11 наурызда жауап хат келді. Ведомствоның дерегінше, ауылдық елді мекендерді жаңғыртуға жыл сайын қаражат бөлінеді. Соның ішінде Алматы облысына 2019–2021 жылдары 61 ауылда 150 жобаны жүзеге асыруға 34,6 млрд теңге бағытталыпты. Бірақ Алматы облысының әкімдігі "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Нұра және Туғанбай ауылдарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім ұсынылмаған екен", – дейді жергілікті белсенді.

Сондай-ақ "Жұмыспен қамтудың 2020–2021 жылдарға арналған жол картасына" сәйкес, ауылдарда әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымды салуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға, елді мекендерді абаттандыруға және сол арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамтуға жалпы сомасы 1 триллион теңгеге дейін бөлінгені хабарланған. Осы қыруар қаражат көптеген ауылдарға жетпеді, жолай талан-тараж болғаны да енді белгілі болуда.

"Биылғы 17 наурызда Талғар ауданының әкімдігіндегі жиында Нұра ауылдық округіне инфрақұрылым жасауға қаражат бөлінбегені белгілі болды. Біз мұны шенеуніктердің қылмыстық әрекетсіздігі, өз жұмысына салғырт қарауы деп бағалаймыз. 2014 жылы қолданысқа берілген ауылдық амбулаторияда сол кездің өзінде рентген аппараты, анализ тапсыру үшін қарапайым зертхана жоқ болатын. Ал 2021 жылы осы нысан апатты деп танылды. Сырқаттар емделу үшін Алматы қаласына, Іле ауданындағы Өтеген батыр кентіне сабылуға мәжбүр. Нұрадағы жалғыз мектептің балалары сонау 1969 жылы тұрғызылған далағы дәретханаға жүгіреді. Масқара емес пе?!", – дейді Ахмет Оразбаев.

Ауылда тұрғын үй салу үшін ұлтарақтай жер ала алмай жүрген адамдар көп. Ауылдарда көптеген отбасылар отау құрған балалары үшін аула ішінде жапсарлас үй салуға мәжбүр. Олардың көбі заңдастырылмаған, өйткені құрылыс ережелері мен нормаларына сәйкес келмейді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жолдыбай Қайыпов ауылының тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Айгүл Тұрапбай шешесімен бір үйде тұрады екен. Оның қызы Гүлнәр Тұрапбайды спортсүйер қауым отандық және халықаралық жарыстардың жүлдегері, бокстан әйелдер құрамасының мүшесі ретінде біледі.

"Мен ешқашан мемлекеттен көмек сұраған емеспін, берген де емес. Балаларым өсіп келеді. Біздің әкімдікте тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 2004 жылдан бері тұрмын. Кезек жылжитын емес. Бұрынғы жылдары облыс әкімі Амандық Баталовтан мұның мән-жайын сұрап, хат жазғанмын. Оң жауап болмады. Жауап біреу ғана: "тұрғындарға беру үшін жер телімі жоқ". Біздің ауылға жаңа көшіп келген, кезекте тұрмаған адамдар бар, олар әлдебір жұмбақ жолмен жер телімдеріне қол жеткізді. Кезекті жылжытатындай мықты таныстарым да, параға жарарлық қаржым да жоқ. Сенімім ғана бар. Жаңа Қазақстанда көпбалалы ананың үй салуына бір тілім телім береді деген сенімдемін", – дейді ол.  

Билік не дейді?

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде ауыл-аймақта тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тетіктерін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Олар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасына енгізіліпті. Бірінші тетікке тоқталсақ.

"Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпандағы бесінші отырысында Президент Қ.Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 1-тармағына сәйкес, құрылыс салушылармен оффтейк-контрактілер бекіту жүктелді. Яғни, құрылыс компаниялары алдымен ауыл-аймақта тұрғын үйлер салады, содан кейін оларды мемлекет "Нұрлы жер" бағдарламасының бағалары бойынша сатып алады", – деп хабарлады экономика ведомствосы.

eGov порталының дерегінше, "Нұрлы жер" бойынша шаршы метрдің тіркелген бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың қала маңы аймақтарында, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында – 260 мың теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 220 мың теңгеге дейін белгіленген.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл тетік аясында оффтейк-шарт бірден 3 жылдық мерзімге жасалады. Сондай-ақ ол қала құрылысы құжаттамаларында көзделген барлық объектілерді бір жеткізушінің, бір құрылыс компаниясының жобалауына, салуына мүмкіндік береді екен. 

"Қазіргі уақытта техникалық күрделі емес нысандарды "под ключ", яғни толық дайын күйінде тапсыру бойынша пилоттық жоба 3 өңірде – Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылуда. Бірақ бұл пилоттық жобада "техникалық күрделі емес объектілерге" нақты нелер жататыны көрсетіліп, шектеу қарастырылған. Бұл шектеулер ғимараттар бір-біріне тығыз орналасқан қалаларда оффтейк-шарттар механизмін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді", – деп мәселе көтерді Ұлттық экономика министрлігі.

Заң жобасында тиісті өзгерістер қарастырылады. Пилоттық жоба өзін ақтаса, тәжірибесі басқа өңірлерге таратылмақ.

Екінші тетіктің тікелей ауылдарға қатысы бар. Ол бойынша ауылда тұрғын үй салғандардың шығынының жартысы бюджеттен өтелмек.

"Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі баспанасыздық мәселесін шешу үшін ауылда жалға берілетін үйлерді салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігін әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмыс берушілерді өз жұмысшылары үшін тұрғын үй салуға ынталандыруға тиіс. Осының арқасында халықтың қалаларға ағылып кетуіне тосқауыл қойылады, әрі ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға ықпал етеді", – делінген экономика министрлігінің түсініктемесінде.

Егжей-тегжейі келесідей: егер жұмыс беруші үйлерді қолданысқа берсе, оның құнының 50%-ы мөлшерінде субсидия беріледі деп күтілуде. Яғни, жылжымайтын мүлік иесі "екі жеп биге шығады": біріншіден, бұл үйлерді меншігінде қалдырып, жұмыскерлеріне арзан арендаға беруіне рұқсат. Екіншіден, құрылыс шығыстарының жартысын қайтарып ала алады.

Әрине, жаңа тетіктің шектеулері бар. Әр үйдің жалпы ауданының 100 шаршы метрі ғана субсидияланады. Сондай-ақ әр үйдің 10 млн теңгеден аспайтын құны ғана өтеледі. Яғни, берілетін субсидияның жалпы көлемі 5 миллион теңгеден аспайды.  

Бұған қоса, жұмыс беруші және сол тұрғын үйге қоныстанатын қызметкер арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек келісімшарты болуға тиіс. Мұндай талап жұмыскерді аз уақыттан кейін жұмыстан шығарып тастап, ауылда баспанасыздар санын көбейтпеу үшін ойлап табылса керек.

Әйткенмен, осы екі тетіктің ауылдағы баспанасыздық мәселесін шешуі екіталай. Себебі, жұмыскерлеріне қаптатып үй салып беретіндей ауыл кәсіпкерлерінің көбі бай емес. Оның үстіне жер телімдері жетіспейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу