2019 жылғы жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер

13111

Ипотекалық өнімдер нарықтағы белсенділікке негіз болды.  

2019 жылғы жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер

Мемлекет тарапынан бағдарламалардың көп болғанына қарамастан, өтіп бара жатқан жылда жылжымайтын мүлік нарығында айтарлықтай өсу болған жоқ. Жаңа әлеуметтік ипотекалық өнімдердің іске қосылуынан, пәтер бағалары да қатты қымбаттамады. Алайда сарапшылар келер жылы үлкен өзгерістер болатынын айтып отыр.

Бас қаладағы көрсеткіш төмен

Жалпы елімізде салынған баспана көрсеткіші билік болжаған көрсеткіштен аса алмады. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2019 жылдың қаңтар-қарашасында елімізде 11 млн шаршы метр  тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал бұл 2018 жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткішке сәйкес. Дегенмен өңірлер бойынша облыстардың үлес салмағы өзгерді.

Еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда былтырғы жылғымен салыстырғанда 2019 жылы көрсеткіш 37,5%-ға төмендеді. Биылғы жылдың қарашасында елордада 1,4 млн шаршы метр пәтер салынған, ал 2018 жылы 2,2 млн шаршы метр баспана салынған болатын. Сондай-ақ Алматыдағы құрылыс салу қарқыны да бәсеңдеген. 2018 жылы көрсеткіш 21%-ға артып, 1,7 млн шаршы метр болса, биылғы жылы тек 7,5%-ға ғана өскен.

Керісінше, еліміз бойынша тұрғын үй салуда көш бастап тұрған өңір – Түркістан облысы. Бұл өңірдегі берілген баспана көрсеткіші 32,1%-ға артқан. Жыл басынан бастап қарашаға дейінгі аралықта оңтүстік өңірде 494 952 шаршы метр тұрғын үй салынған. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында көрсеткіш 23,8%-ға өсті. Алматы облысында көрсеткіш 22,6%-ға, Ақтөбе және Павлодар облыстарында 18,2%-ға, Шымкентте 15,3%-ға, Қостанай облысында 12,2%-ға, Атырау облысында 12,2%-ға артқан. Тап осындай динамика Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында да сақталған.

Tetin  компаниясының бас директоры Лев Тетиннің болжамы бойынша, 2019 жылдың қорытыныдысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көрсеткіші 11,9 млн шаршы метр болады. Бұл 2018 жылғы статистикадан 5%-ға аз.  

Жылжымайтын мүлік нарығындағы сатып алу-сату сегменті жанданды. Биылғы жылдың 11 айында жасалған келісімдер саны 2018 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға артық болған. 

Алайда бұл бағаға айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. "Бастапқы нарықтағы ұсынылған баға бір шаршы метр үшін 265 теңгеден 275 теңгеге, яғни 3,6%-ға өсті. Ал қайталама нарықтағы шаршы метрдің бағасы 1,1%, яғни 185 теңгеден 187 теңгеге өсті", – деді Лев Тетин.

HalykFinance сарапшылары болса, 2020 жылға жақсы болжам жасап отыр. Олардың пікірінше, тұрғын үй нарығында жоғары белсенділік сақталып, құрылыс көлемі артады. "Мемлекет үшін баспана мен инфрақұрылымдық құрылыс басым басым бағыттардың бірі, өйткені халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген қажеттілігі бар. Бұл сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін ұстап тұруға себеп болып, жаңа салынған үйлер мемлекеттік қолдауға негізделген төлем қабілетінің сұранысына сүйенеді. Келер жылы біздің болжамымыз бойынша тұрғын үй нарығындағы баға 5-7%-ға көтеріледі", – деп отыр Halyk Finance сарапшылары.

Баспана алу мүмкіндігі артты 

Ипотекалық өнімдер нарықтағы белсенділікке негіз болды. Бұл ретте 2019 жылы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" мен "Баспана" ипотекалық бағдарлама операторы басты рөл атқарды. Биылғы жылы ТҚЖБ 45 464 клиентке жалпы сомасы 479,3 млрд теңге болатын тұрғын үй қарызын (2019 жылдың қарашасындағы есеп бойынша) рәсімдеген. Оның ішінде 35,6% қарызды бастапқы нарыққа, 60,2%-ды қайталама нарыққа берген.

"7-20-25" бойынша 185 млрд теңгеге 13 748 өтінім мақұлданған,  сонымен қатар биыл бұл бағдарламаға түзету енгізіліп, қарыз алушыларға сатып алынатын баспананың құнының 20%-ынан асатын бастапқы жарна төлеуге рұқсат берілді. 

Сарапшы Лев Тетиннің ойынша, 2019 жылғы берілетін ипотека көлемі 2,5 трлн теңге болады. Сарапшы банктер кейінгі 10 жылда мұндай рекордтық көрсеткіш көрсетпегенін айтты.

2019  жылды мемлекеттің қатысумен баспана мәселесін шешуге арналған әлеуметтік баспана жылы деп атауға тұрарлық. 2019 жылы әлеуметтік-жағдайы нашар халықтың баспана алу жағдайын жақсарту үшін бағдарлама саны толықты. Бұған өрттен қайтыс болған бес бала қайғылы қазасы себеп болды. Ата-анасының баспана алуға қаражаты, ал мемлекеттен көмек болмаған. Бұл жағдай қоғамдағы "үлкен" жараның аузын ашты. Мемлекет қоғам сұранысын жауапсыз қалдыра алмай, 2%-дық төмен мөлшермен жеңілдетілген баспана беру бағдарламасын іске қосты.

Бұл бағдарлама бойынша көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек-баласы бар, кірісі екі айлық күнкөріс шегінен аспайтын отбасылар үшін ТҚЖБ 2% және 10%-дық бастапқы жарнамен "Бақытты отбасы" ипотекасын ұсынды.

Биыл әскерилер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігі артты.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "әскери өнімнің" шарттарын оңтайландырды. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың мамыр айынан бастап әскерилер мен арнайы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй алуға берілетін кредит бірыңғай талаптар бойынша үлестірілді. Яғни кредит жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен берілді. 2 мамырда басталған бағдарлама 27 мамырда тоқтатылды. Әскерилерге несие беруге бөлінген қаражаттың жылдық лимиті толықтай игерілді. Банктің мәліметінше, 19 жұмыс күні ішінде 10,7 млрд теңгеге 680 заем берілген.  

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың биылғы жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығымен "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары" бекітіліп, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкенттің жастары үшін сатып алу құқығынсыз бес жылға жалдамалы пәтер берілді. 

ТКШ туралы келісім

2019 жылдың соңында тағы бір маңызды оқиға болды. Елімізде ТКШ саласын реформалауға қатысты заң қабылданды. 

 Аталған құжатты әзірлеп, ақбылдауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі негіз болды. Заң жобасы парламентте бір жылдан артық қаралды. Депутаттар құжатқа жүзден артық өзгерту енгізді. Нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы  жаңа жылда жаңа заңмен жұмыс істейтін болады. 

 Бұдан былай әр үйдің меншік иелері бірлестігі болады және олардың банкте жеке шоттары ашылады. Сондай-ақ меншік иелері пәтерге ғана емес, жер теліміне және жалпы үйдің аумағына да иелік етеді.

Гүлнар Қалыбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу