"Әскери баспана" бағдарламасы уақытынан бұрын аяқталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10310

Әскерилерге несие беруге бөлінген қаражаттың жылдық лимиті толықтай игерілді.

"Әскери баспана" бағдарламасы уақытынан бұрын аяқталды Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Әскери баспана" бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтады. 2 мамырда басталған бағдарлама 27 мамырда тоқтатылды. Осылайша, әскерилерге несие беруге бөлінген қаражаттың жылдық лимиті толықтай игерілді.

Банктің мәліметінше, 19 жұмыс күні ішінде 10,7 млрд теңгеге 680 заем берілген. Сондай-ақ 46,7 млрд теңгеге тағы 3143 өтінім қабылданған. Бұл өтінімдер қарастырылған соң, несие беріле бастайды.

"Әскери баспана" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырудың үшінші кезеңі 2020 жылдың қаңтар айында басталады. Бағдарламаның алғашқы кезені 2019 жылдың екінші жартысында жүзеге асырылған болатын.

Еске сала кетейік, аталған бағдарлама шеңберінде заемды 15 пайыздық бастапқы жарнамен және жылдық 8 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Заемды алу үшін әскери қызметкерлер конкурсқа қатысып, оның нәтижесін күтеді. Олар керек пәтерді тауып, банкке хабарласуына да болады. Сондай-ақ тұрғын үйді таңдауға еш шектеу қойылмаған. Жаңа салынған үйден дайын пәтерді немесе қайталама нарықтан таңдап алуға болады. Бұдан бөлек, үлестік құрылысқа қатысуға және жеке тұрғын үйді жер телімімен қоса сатып алуға да мүмкіндік бар.

"Әскери өнім" – банктің жеке бастамасы. Бағдарламаны әскери қызметкерлердің өте тиімді шарттар бойынша баспаналы болуы үшін дайындап іске қостық. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұл мақсатқа өткен жылы 98 млрд теңге бөлді. Оның 48 млрд теңгесі – банктің өз қаражаты, ал 50 млрд теңгесі – қарызға алынған ақша. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біз 2 556 әскери қызметкерге 38,5 млрд теңге сомасына заем бердік. Биыл әскери қызметкерлерге несие беру үшін 60 млрд теңге қалды. Бұл сома шамамен тағы 4 мың әскеридің тұрғын үй проблемасын шешуге жетеді. Шамамен 70 мың әскери қызметкердің баспанаға мұқтаж екенін ескере отырып, екі жылға толмайтын уақыт ішінде банк олардың 10 пайызына тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Биыл ең көп заем Нұр-Сұлтан қаласында берілген. 28 мамырдағы дерек бойынша 294 заем рәсімделген. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Бұл өңірде 99 заем берілген. Үштікті Семей қаласы түйіндеп отыр. Мұнда 77 заем рәсімделіпті.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің хабарлауынша, әскерилер "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша да пәтер сатып ала алады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін банктегі шотта 20 пайыз көлемінде бастапқы жарна болуға тиіс. Несие жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен рәсімделеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу