Елімізде ипотекалық несие рекордтық дәрежеге жетті

12716

Қазақстанда несие портфелі бір жарым триллион теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.

Елімізде ипотекалық несие рекордтық дәрежеге жетті

2019 жылдың тамыз-шілде айында,  екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелері бір айда 4,5%-ға өсті және бірден рекордтық 30,5%-ды құрап, 1,49 трлн теңгеге жетті. Бұл экономикаға берілген несиелер жиынтығының 11,6%-ын құрайды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,14 трлн теңге болған. Жыл басынан бері табысы төмен көпбалалы және мүгедек баласы бар отбасыларға түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны мәлім.

Ипотекалық несие рәсімдеуге қандай банк тиімді?

Қазақстанда ипотекалық несие екі бағыт: жеңілдіктер қарастырылған ипотека және арнайы санаттағы қазақстандықтарға қолжетімді ипотека бойынша жүргізіледі. Мысалы, табысы төмен көпбалалы және мүгедек баласы бар отбасыларға жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, қазақстандықтарға қол жетімді коммерциялық ипотека да бар.

Бүгінгі күні пайыз мөлшерлемесі төмен әрі тиімді ипотека беретін банктер қатарында Altyn Bank (15,4%), Сбербанк (15,6% ) және РБК банкі (16%) бар. Ипотека бойынша ұзақ мерзімді 5 банк ұсынып отыр: Алтын Банк, Нұрбанк, Сбербанк, Халық банк және Тенгри Банк. 240 ай (20 жыл). Қазақстандықтарға бөлінген барлық несие көлемінің 59%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі. Аталмыш банк халық арасында белсенді қызмет атқарып, қазақстандықтардың 692,3 млрд тенге көлеміндегі қаражаты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жатыр. 

Ең төменгі алғашқы жарна бойынша ForteBank көш бастап тұр. Бұл банкте алғашқы жарна 15%-ды құрайды. Ал, Altyn Bank, Tengri Bank және АТФ банктері сатып алатын баспана құнының 20%-ын қуюды сұрайды. Қазір Қазақстанда  28 екінші деңгейлі банк бар. Олардың 15-і ғана ипотека береді.

Қазақстандықтардың банк алдындағы ипотекалық қарызы қанша?

Қазақстандықтар тұрғын үй сатып алуға банктерден 1,49 трлн теңге алды. Егер жыл басында бұл көрсеткіш 1,31 трлн теңгені құраса, маусым айында ол 1,49 трлн теңгеге жетті. Осылайша жарты жыл ішінде берілген қарыз 13,7%-ға немесе 172,2 млрд теңгеге өсті.

Ұлттық банктің мәліметінше, қысқа мерзімді қарыздарға ұлттық валютада 1,9 млрд теңге, шетел валютасында – 161,5 млн теңге берілді.

Бұл ретте банктер ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) несиеге 1,4 трлн теңге, шетел валютасында 34,8 млрд теңге берді.

Тұрғын үй сатып алуға ең көп ақшаны Нұр-Сұлтанда – 398,6 млрд теңгеге және Алматыда – 378,5 млрд теңгеге алған. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш тиісінше 18,4%-ға және 10,9%-ға өсті. Шығыс Қазақстан облысында маусым айында қазақстандықтар ипотекаға 85,9 млрд теңге (+13,2), Ақтөбе облысында — 82,7 млрд теңге (+10,4%) алды. Тұрғын үй қарызына ең аз өтінішті Алматы облысының тұрғындары – 29,1 млрд теңге мен Түркістан облысының тұрғындары – 1,3 млрд теңге берген.

Мемлекеттік бағдарламамен кімдер үйлі болмақ?

Жыл басынан бері мемлекет қарапайым халыққа түрлі атаулы көмектер көрсетіп жатыр. Солардың қатарында, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қолдауымен жүзеге асырылған "Бақытты отбасы" және жастарға берілетін пайызы төмен жалдамалы пәтерлер. Үй алуға әркім де құлықты. Алайда, барлығының қолы жете бермейтіні анық. Үй алуға үміткерлер көп болғанымен, пәтер барлық халыққа берілмейді. 

"Бақытты отбасы" бағдардарламасы табысы төмен көпбалалы және мүгедек баласы бар отбасыларға жеңілдік ретінде беріледі. Осы бағдарлама бойынша Алматы қаласында 180 отбасы баспаналы болса, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 280 тұрмысы төмен отбасы баспаналы болады. Өзге аймақтарда тұратын жандарда атаулы кокурсқа қатыса алады.

Жастарға берілетін пәтерді 18-29 жастағы жандар ала алады. Статистикаға сүйенсек, Алматыда  266 000, Нұр- Сұлтанда 123 000, Шымкентте 85 000 жас өмір сүреді. Берілетін жалдамалы пәтерлер Алматы мен Нұр-Сұлтанда 1050, Шымкентте 900, ҚР бойынша барлығы 3000 пәтер. Жастарға берілетін жалдамалы пәтерге Алматылықтардың – 0,4%, Нұр-Сұлтандықтардың – 0,8%, Шымкенттіктердің–1% пәтерлі болады. Сондықтан мемлекетке қарап отырмай, әр жас өзі еңбек етіп үй алуды мақсат тұтқаны абзал.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу