Тұрғын үй бағасы тұрақтай ма?

Сарапшылардың ойы бір арнаға тоғыспай отыр.  

Тұрғын үй бағасы тұрақтай ма?

Жыл басында басталған тұрғын үйге қатысты дүрбелең күзде басылады деген сарапшылардың болжамы орындалмады. Себебі баспана сатып алуға сұраныс әлі де жоғары, баға да қымбат.  Бұл ретте сарапшылар болжамы қандай,  алдағы айларда нарық қалай құбылады, жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын ең тиімді уақыт келді ме? Сауалдардың жауабын inbusiness.kz тілшісі іздеп көрді.

БҰҰ-ның тұрғын үй стандарттарына тек елорда сәйкес келеді

Қазақстандағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 373 млн шаршы метрді құрайды. Оның көп бөлігі (64%) қалаларда шоғырланған. Сонымен қатар, оның 40%-ы үш мегаполис – Нұр -Сұлтан, Алматы және Шымкент орналасқан.

Тиісінше, аймақтарда баспана тапшы. Тіпті бір тұрғынға қанша шаршы метр тұрғын үй келетінін көрсететін статистика бойынша еліміз халықаралық стандарттардан айтарлықтай артта қалды. БҰҰ ұсынысына сәйкес, республиканың әр тұрғынына кемінде 30 шаршы метрден келуі керек. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 22,6 шаршы метрді құрады.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, үй тапшылығы халықтың тығыз орналасқан оңтүстік бөлігінде сезіледі. Мәселен, Жамбыл облысында жан басына 17 шаршы метрден, Түркістан облысында 18,7 шаршы метрден келсе, Алматы облысында 20,2 шаршы метр төңірегінде. Ал Нұр-Сұлтанда көрсеткіштер әлде қайда жақсы, былайша айтқанда БҰҰ талаптарына сәйкес – бір тұрғынға 30,5 шаршы метрден қарастырылған.

Тұрғын үй қорын ұлғайту үшін мемлекет тұрғындар мен құрылыс компанияларын ынталандыру шараларымен қамтиды. Мұндай тетіктердің бірі – ипотека.

Ипотека қауіпті құрал

Бір қызығы, пандемия басталған тұста несиеге баспана алу көрсеткіші тек наурыз-мамыр аралығында тұралап, кейін бұрынғы дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге жетті. Биылғы жылы шамамен 131 мың адам ипотека ресімдеген. Қаңтардан тамызға дейін қаржы ұйымдары 892,7 млрд теңгеге ипотекалық несие берген.

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов тек ипотекаға үміт арту қауіпті екенін айтады.

 "Қазір бағаның шарықтап тұрған кезі, себебі жыл басында нарықта зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға байланысты қарбалас басталды, бұл шаршы метрдің құнына әсер етті. Бүгінде көрсеткіштер төмендеген жоқ. Көптеген адамдар ипотекаға пәтер алды және бұл нарықта "көпіршіктің" пайда болуына ықпал етуде. Ал халықтың төлем қабілеті "нөлдік" деңгейде. Мысалы, ипотекаға тұрғын үй сатып алғандар жұмысынан айырылуы мүмкін. Мұндай жағдалар көп болса, бұл нарыққа әсер етеді. Нәтижесінде тұрғын үй бағасы төмендеуі мүмкін", – деді спикер.

Маманның пікірінше, баға бір жылдың ішінде төмендеуі мүмкін, ал бұл факторға мемлекет әсер ете алмайды.

"Біздің ойымызша, үшінші және төртінші санатты үйлердің бағасы төмендейді. Бұл санаттардағы мүліктер негізінен тұрғын үй бағдарламаларының операторлары арқылы несиеге сатып алынады", – деді федерация басшысы.

Үй бағасының қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді

Олардың қатарында сырттан әкелінетін құрылыс заттары, доллар бағамы тағы бар. Құрылыс саласындағы импорттық өнімдердің үлесі 60% шамасында екені белгілі. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев жалақының, әлеуметтік төлемдердің өсуі де салаға ықпал етінін жоққа шығармады.

"Жылдың соңы әрқашан сатылым бойынша белсенді болады, тиісінше баға өседі. Бірақ көп емес. 5%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Баға келесі жылдың наурызынан бастап айтарлықтай қымбаттайды. Көрсеткіш  10-15%-ға жетуі мүмкін", – деді спикер.

Айта кететіні елімізде 2 млн-нан аса адам тұрғын үйге мұқтаж. Оның ішінде 1,7 млн адам кезекте тұр және банкте жинақтары бар. Ал қазір 11 млн шаршы метрді құрайтын шамамен 172 мың пәтер сатылымға шығарылған. Осыған байланысты, одақ басшысы елдегі тұрғын үйге сұраныс жоғары болып қала береді деп есептейді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу