Үй сатқан адамдар салықшылардың қысымына ұшырауда

20228

Баспананың ескі екеніне билікті сендіру қиын.  

Үй сатқан адамдар салықшылардың қысымына ұшырауда

Қазақстандықтар кейінгі жылдары баспаналарын көптеп сата бастады. Сарапшылардың түсіндіруінше, біріншіден, халықты ұзаққа созылған дағдарыс титықтатты. Нәтижесінде, бірқатар отбасы азды-кем табыс табу әрі салықты азайту үшін бірнеше бөлмелі пәтерлерін сатып, бір-екі бөлмеліге көшуге мәжбүр.

Екіншіден, көші-қон процесі күшейді. Ресейге, Түркияға, алыс шетелге ондаған мың орыстар, қазақтар және басқа ұлттар өкілдері қоныс аударып жатыр. Олар да еліміздегі үйін босатып, нарыққа шығарды.

Үшіншіден, биыл БЖЗҚ-дағы жинақты тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жұмсауға рұқсат етілгелі, ол да осы үдеріске серпін берді.

Осының бәрі салықшылардың жұмысын қауырт етті. Құзырлы орган қызметкерлері үйлерін сатқан қазақстандықтарға жүздеген мың теңгені талап ететін ескертпелерді қарша боратуда. Азаматтардың шағымдануынша, асыққан сарапшылар қателесіп жатыр.

"Мен мысалы, "Электронды Үкімет" порталы арқылы хабарлама алдым. Онда әлдебір уәкілетті органның деректері негізінде бір жылдан кем мерзім менің меншігімде болған жылжымайтын мүлікті сатып жібергенім анықталғаны айтылған. Сонымен бірге мүлікті қымбатырақ өткізу арқылы табыс тапқаным көрсетілген. "Бұл ретте сіз жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырмағансыз немесе ұсынылған декларацияңыздағы мәліметтер төмендетілген. Бұзушылық сомасы 645 мың теңге" деп жазылған хабарламада. Расында, мен 2018 жылы өз үйімді саттым. Ол баспанамда отбасыммен бірге 25 жылдан астам уақыт тұрдым. Алайда қоныс аударуыма байланысты онымен қоштасуыма тура келді", – дейді Алматы тұрғыны Сұлушаш Маратова.

Ол салық органынан әлгі жалған ақпаратты қайдан алғанын түсіндіріп беруді сұрайды.

Ал бизнес-сарапшы Ұлдай Әркенова Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың назарын бір жайтқа аударды. Атап өтер жайт, Салық кодексінде "Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс" деп аталатын 331-бап бар.

"Бұл салықты Үкімет жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлықпен, спекуляциямен күресу мақсатында енгізді. Сондай-ақ "баға көпіршігі" туындамауы үшін осылай жасалды. Бұл – қарапайым тәсіл: егер азамат тұрғын үй не коммерциялық мүлікті сатып алып, бір жыл өтпей, қайта сатып жіберсе, ол пәтерді алып-сатумен айналысады деп саналады. Демек, сол бизнесінен мемлекетке алым-салық төлеп, алған табысының 10%-ын бюджетке аударуы шарт. Айталық, мен қаңтарда 10 миллион теңгеге пәтер иеленіп, тамызда 13 миллионға өткізсем, 3 миллион табысымның 300 мыңын бюджетке төлеуім керек. Бірақ бұл бап мембағдарламалар аясында кейінгі сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй алғандардың өмірін қиындатты", – дейді маман.

Себебі, салықшылар әлгі 1 жылды "меншік құқығы тіркелген күннен бастап" санайды екен. Мәселен, азамат ұзақ жыл тұрған үйін мұраға немесе басыбайлы беру актісі (акт дарения) арқылы меншікке алса және содан кейін бірнеше ай ішінде сатып жіберсе, әлгі салықты төлеуі міндет. Салықшылар оның сол үйде ұзақ тұрғанын есепке алмайды.

Кейінгі сатып алу құқығы бар жалдамалы үйлердің "жыры" осыған ұқсас.

"Бұл үйлердегі азаматтар баспана құнын толық өтеп болғаннан кейін ғана олардың меншік құқығы тіркеледі. Дегенмен, толыққанды сатып алу мерзімі 5-тен 15 жылға дейін барады. Осы кезеңде тұрғын үй құны 2–3 есе артып шыға келуі мүмкін. Тиісінше, табыстан төленер салық көлемі де өте үлкен болады. Алайда осынша ұзақ шыдаған адамдар баспанасын спекуляция үшін сатпайтыны белгілі. Олар тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келеді. Бес-он жылда отбасы үлкейеді. Жынысы әртүрлі балалар тууы мүмкін, олардың әрқайсысының жеке бөлмесі болуы керек. Сондай-ақ алыпсатарлар кейінгі сатып алу құқығы бар үйлерге жоламайды: оны алу үшін 5 жыл бойы үйі болмауы керек. Яғни, осы шарт шектеуінен өте алмайды. Сондықтан онда тұратындар – негізінен, жас отбасылар", – дейді Ұлдай Әркенова.

Бизнес-сарапшы Қаржы министрлігіне Салық кодексіне тиісті өзгеріс енгізіп, мұндай санаттағы үйлерді әлгі салықтан босатуды ұсынады. 

Маман дәл осы ұсынысымен осының алдында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке жүгініпті. Бірақ бас салықшы "спекулятивті мақсатта бекітілетін мәмілелерді өзгелерден айыру мүмкін емес" деп жауап қатыпты.

Сарапшы мұнымен келіспейді.

"Мемлекеттің, әкімдіктердің және басқасының қолындағы анықтамаларда жылжымайтын мүліктің сатып алу құқығы бар арендада болғаны көрсетіледі. Онда сол отбасының тұрақты түрде тұрғанын, тұрақты тіркеуде болғанын да дәлелдеу күрделі емес", – дейді ол. Айтқандай, оның өзі осындай жағдайға тап болыпты. Жүздеген мың теңгелік қомақты салық төлеуге тура келіп жатқан көрінеді. 

Мысал үшін айтсақ, Президенттің 2007 жылғы 20 тамыздағы жарлығымен бекітілген, "2008–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы" аясында салынған үйлердің 1 шаршы метрі 56 мың 515 теңгеден таратылды. Қазір олардың бағасы орта есеппен 250 мың теңгені құрайды. Яғни, 4–5 есеге дейін шарықтады. Кейінгі сатып алу құқығымен алғандардың салығы да еселенді.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жыл басында елде тұрғын үй нарығында баға күрт көтерілді. 2021 жылғы қаңтарда абаттандырылған пәтерлер құны – 5%-ға, жаңа салынған тұрғын үйлер 3%-ға қымбаттады.

Демек, жиналатын салық көлемі де биыл мол болатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу