Жеткізбейді кезек... Қазақстанда 590 мың адам баспанаға зәру

3489

"Ұлы дала квартирантымыз" деп күле күрсініп жүргендер көп қазір. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары үй алу мәселесі жылдан жылға күрделеніп барады.

Жеткізбейді кезек... Қазақстанда 590 мың адам баспанаға зәру

Әсіресе жағдайы төмен отбасылар үшін баспана – алыстай беретін межеге айналған. Адамның әлеуметтік жағдайы баспанасының бар-жоғымен есептелетін елдің проблемасы әлі де өткір, әлі де өзекті.

Қазақстаннан капитал жылыстап кетпес үшін билік таяуда 10 мың доллардан артық шетел валютасын шығаруға тыйым салды. Ұлттық банктің оның алдында базалық мөлшерлемені көтеріп қойғаны тағы бар. Геосаяси жағдайдың ушығуы бұл ретте елден байлықтың валюта күйінде көп аударылып кету қаупін туғызатыны анық. Әйткенмен базалық мөлшерлемені көтеріп, айылды жиюдың теріс жағы баспана бойынша ипотекалық қарыз алуды қиындатып жіберуі мүмкін.

Қиын-қыстау кезеңде әлеуметтік тұрғыда жағдайы нашар тұрғындарға үй алу тіпті қиындап кетті. Зейнетақының бір бөлігінің игілігін жағдайы төмен отбасылар пайдалана алған жоқ. Жиғаны жетпей қалды бір сөзбен. Әлеуметтік осал топтағы адамдардың өзі де жылдар бойы кезекте тұрып, баспанаға ие бола алмағанына наразы. Ал Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар аталмыш мәселені біржақты ете алмай тұр.

Баспананы 20 жылдан бері күтіп жүргендер бар

Осы мәселені жыл басында мәжілісмендер де көтерген. Депутаттар келтірген дерекке сүйенсек, 2018 жылдан бері баспана кезегінде тұрғандардың саны 130 мыңға жетіп, бұл күнде 591 мыңнан асып кеткен. Бір ғана Шымкенттің өзінде 4 жылдың ішінде үй кезегінде тұрғандар саны 14 мыңға көбейіп, жалпы кезектегілер 50 мыңға таяп қалған.

Алматы облысында да ахуал осы. Кейінгі төрт жылда бұл өңірде кезекте тұрғандар 17 мыңға көбейіп, 59 мыңға жеткен. Халқы ең көп Түркістан облысында 19 мыңға артып, 47,5 мыңға жеткен. Яғни бұл көрсеткіштер баспанаға зәру отбасылардың азаймақ түгілі, алда еселеп өсетінін көрсетеді. Елде қаншама бағдарлама іске қосылып, ипотекалық қарыз беріліп жатқанымен, ондаған жыл бойы үй жалдап өмір сүріп жатқандардың саны азаяр емес.

Үй дегенде өзекті проблеманың екінші қыры да бар. Кезекте тұрған 590 мың адамның 170 мыңы күнкөріс минимумынан аз ақша алып отыр. Бір сөзбен, кедей отбасылар. Аталмыш санаттағы адамдардың көбі І және ІІ топтың мүгедегі немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар, жетім балалар. Осылардың көбі керек десеңіз, екі мыңыншы жылдардың басында кезекке тұрып қойған. 20 жыл күткенімен олардың жай-күйі жақсара қойған жоқ. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы қанша өссе де, онысын инфляция "жеп қойып отырды". Ал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға олардың қолы жетпеді. Бұл аргументтер бұған дейін халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамтуға бағытталған шешімі тиімсіз болғанын растайды. Осының бәрі айналып келген баспанамен қамту саясатын реформалау қажеттігін күн тәртібіне шығарады.

Жастарға жетпей қалған 2 мың пәтер

Айтпақшы, 2019 жылы Астана, Алматы мен Шымкент қалаларындағы жұмыс істейтін жастарға жылына 9 мың пәтер салу тапсырмасы жүктелген болатын. Алайда бүгінге дейін олардың 7 мыңы салынып, қалған шаруа аяқсыз қалған. Тіпті 2020 жылы 1 мың пәтер берілуі тиіс Шымкентте бар-жоғы 300 пәтер тапсырылған.

Алайда Үкіметтің 2020 жылы 3 мың емес, 1 мың пәтер тапсырылуын өзінше түсіндіруге тырысады. Атап айтқанда, 2020 жылы елде пандемия тараған кезде осы бағытта жұмсалуы тиіс 21,6 млрд теңге (3 мың пәтерге) қысқартылып, 7,2 млрд теңге бөлінген екен (1 мың пәтерге). 2020 жылғы олқылықтың орнын 2022 жылы толтыру үшін Асқар Маминнен кейінгі кабмин "иесі" Әлихан Смайылов тағы 21,6 млрд теңге бөліп, тағы 2 мың пәтердің орнын артығымен толтырғалы отыр екен.

Маминнен кейін кабмин не істейді?

590 мың адамның әрбірінің отбасы бар десек, баспанаға зәру адамдардың саны біздің елде миллиондап саналатынын атап өту керек. Табысы аз азаматтарды баспанамен қамту үшін алдағы уақытта олар жалдаған үйді субсидиялау және жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр екен. Кабминнің ақпаратына сенсек, азаматтардың жекелеген санаттарын (көпбалалы аналарды, І және ІІ топтағы мүгедектерді, жетім балаларды, мүгедек отбасы бар балаларды) үймен қамту үшін жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үйлер үшін төлем беру тетігі даярланған. Арендалық төлем бойынша атаулы көмек арқылы отбасындағы әр адамның табысы 1 күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар жалға алған үйдің жарты бағасын мемлекет төлеп бергелі отыр. Осы механизм 2022 жылдың 1 мамырында іске қосылады.

Сонымен қатар "Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бірақ бұл игілік жоғарыда аталған санаттың ішінде "көпбалалы, толық емес және мүгедек баласы бар отбасылар" көре алады. Ал күнкөріс минимумының 3,7 мөлшеріндегі табысына ие отбасылар "Шаңырақ" бағдарламасы арқылы жылдық 5 пайызбен баспана сатып ала алады.

Экономиканың шамасы жетпей тұр...

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев баспана мәселесінің шешілмеуін белгілі бір деңгейде ұлттық тарихпен байланыстырады. Айтуынша, атам заманнан қазақ халқы баспана салмаған, киіз үй тігіп, көшіп, қонып жүре берген. Ал еуропалықтарға келсек, мәселен Италияда 2 мың жылдан бері үй салынып келе жатыр.

"Кеңес одағы кезінде Қазақстанда үй салына бастады да, адам басына 16 шаршы метр үйден жеткілікті екені есептелді. Ал Еуропада ол кезде бір адамға 45 шаршы метрден есептелетін. Сол себепті олар басқа елдерден келген босқындарды да кіргізіп алды да, баспана мәселесінің өзектілігі ол жаққа қатты сезіле қойған жоқ. Ал біздің ауылдан келген жастарды әлі үймен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан бүгінгі күні біз тек адам басына шаққанда 21-22 шаршы метр келетін көрсеткішке келіп жеттік. Тым болмаса оы көрсеткішке 1 шаршы метрден қосып үй салғанда да біз кемінде биыл бүкіл халықты үймен қамту үшін 19 млн шаршы метр баспана салуымыз керек", – дейді экономист.

Сапарбай Жобаев бүкіл халықты баспанамен қамтуда мемлекеттің, экономиканың мүмкіндігі шектеулі екенін айтады.

"Біз мәселен, Еуропа елдері сияқты жылына 19 емес, 38 млн шаршы метр қоссақ, 2 шаршы метрге көбейте алар едік жылына. Бірақ бізде ескі үйлер қолданыстан шыққан кезде жалпы көрсеткішке 1 шаршы метрді де қоса алмай келе жатырмыз. Ең негізгі мәселе сонда", – дейді ол.

Экономист сонымен қатар Қазақстанда жалпы тұрғын үй қоры дұрыс пайдаланылмай келе жатқанын мәлім етті. Нақтырақ айтқанда, Жаңатас, Саран секілді қалаларда үйлер қаңырап бос тұр. Көп адам жұмыс болмағандықтан, ірі қалаларға көшіп кеткен.

"Бұл мәселені шешу үшін құрылысты көбейтіп, ипотекалық несие беру, ынталандыру шараларын қарастырып жатырмыз. Оған қоса құрылыстағы жемқорлықты тыю керек. Өздеріңіз білетіндей, адамдардан үлескер ретінде ірі компаниялар ақша алып алғанымен, сапасыз үй салып, арты дауға ұласып жатады. Өкінішке қарай мұндай жағдайлар өте көп. Осы мәселелерді реттемей баспана мәселесін елде шешеміз деу – жай сөз", – деді ол.

Экономист Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға көтергендіктен, ипотекалық несие берген кезде екінгі деңгейлі банктер пайызды бұрынғыдан жоғары қосатынын атап өтті. Яғни базалық мөлшерлеменің көтерілуі Қазақстанда баспана алу мәселесін күрделендіре түседі.

"Аз қамтылған отбасыларды үймен қамту үшін макроэкономикалық үлкен саясатты ұстану керек. Біз экономиканы дамытып, бюджетке түсетін табысты көбейтуіміз керек. Ірі компанияларға салықты көбейту керек. Бюджетке салық көбірек түссе, ол қаражатқа мұқтаж адамдарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектердің баспана мәселесін сонда ғана шешеміз. Ал бүгінгі күні билік салықты көбейтпей, қайта азайтып отыр. Сондықтан біз әлеуметтік бағдарламаларды орындауға қаржымыз жетпей, Ұлттық қордың ақшасын жеп жатырмыз. Еуропаның өркениетті елдері байлардан 35-40 пайызға дейін салық алады. Ал біздегі байлар еден жуушылармен бірге 10 пайыз төлейді", – деп түйді Сапарбай Жобаев.

Аян Бекенұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу