Жаңа арзан баспана бағдарламасының шарттары жарияланды

27905

2%-дық арзан ипотека алу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыда 2 жыл тұру шарт.

Жаңа арзан баспана бағдарламасының шарттары жарияланды

Ел үкіметі сатып алу құқығынсыз жалға берілетін және арзан ипотекамен сатылатын тұрғын үйлерге қатысты қаулы жобасын әзірледі.

Онда көптеген жаңашылдықтар белгіленген.

Мәселен, биыл облыстардың әкімдері өңірдің емес, тікелей республикалық бюджеттің қаражатына жеке қолдан немесе құрылыс компанияларынан қаптатып тұрғын үйлер сатып ала бастамақ.

Өйткені бағдарлама жергілікті әкімдіктерге "аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалға беру үшін бастапқы және қайталама нарықтан ауданы 60 шаршы метр және одан асатын тұрғын үйлерді сатып алуға" рұқсат бергелі отыр. Бірақ астана жақтан аударылатын ақша әр пәтер үшін 8,4 миллион теңгемен шектеледі. Егер әкім одан қымбат үй сатып алса, айырмасын өз бетінше табуы қажет болады.

"2019 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы қайталама нарықтан баспананы сатып алуға рұқсат етіледі. Қайталама нарықтан тұрғын үйлерді облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сатып алуға жол берілмейді. Республикалық қаражаттан бір баспананы сатып алу құнының 8,4 млн теңгеден аспайтын көлемі өтеледі. Баспананың құны осы мөлшерден асса, шығыстар жергілікті бюджет есебінен өтеледі", – делінген құжатта.

Бірден айта кетелік, жалға берілетін баспананың "элита" немесе "бизнес" сыныбында болуына тыйым салынған. Тек ІІІ және IV сыныпты, яғни маркетологтар тілімен айтсақ, "комфорт" және "эконом" сыныбындағы үйлер болуы шарт. Ауқаттыларға арналған қымбат сыныптағы үйлерден айырмашылығы сол, бұларда қабырғаның еденнен төбеге дейінгі биіктігі 2,7 метрден аспайды, дәретхана мен жуынатын бөлме біріктіріледі және саны біреуден аспайды, әрбір кіреберісте мейлінше көп пәтер орналасып, құмырсқаның илеуіндей құжынап жатады.

Жергілікті атқарушы органдарға сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйді арнайы салғызуына, нарықтан сатып алуына, немесе қолданыстағы тұрғын үй қорын "сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" ретінде қайта құруына рұқсат етіледі.

Бір атап өтер жайт, пәтерлерінің шаршы метрі қымбат ірі қалалар қатарына биыл алғаш рет Шымкент пен Түркістан қалалары қосылуда.

"Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді салу немесе сатып алудың бағалық параметрлері таза әрленген 1 шаршы метрі үшін мынадай: Нұр-Сұлтан, Алматы және олардың қаламаңы аймақтарында, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларында – 180 мың теңгеге дейін; қалған өңірлерде – 140 мың теңгеге дейін", – делінген үкімет қаулысының жобасында.

Егер әкім ескілеу үйді жөндеп, әрлеп, жалға беруге шешсе, онда шығын бойынша шектеу бекітілген: "Реконструкциялау жергілікті бюджет қаражаты есебінен ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы негізінде жобалау-сметалық құжаттамамен айқындалған қаражат көлемінде жүзеге асырылады. Тұрғын үй реконструкцияланған жағдайда 1 шаршы метрдің құны бағдарлама шеңберінде жаңа тұрғын үй құрылысы құнының 60%-ынан аспауы тиіс" деп жазылған.

Жаңадан бой көтерген, қайталама нарықтан сатып алынған, сондай-ақ қолданыстағы үйлерді реконструкциялаудан пайда болған "сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер" кімдерге берілетіні де мәлім болды. Және бұлардың қатары өте кең.

Атап айтқанда, баспаналар "Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына, және соларға теңестірілген адамдарға", "1 және 2 топтағы мүгедектерге", "мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасыларға", "үкімет бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдарға", "жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге", "кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға", "оралмандарға", "экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдарға", "мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде өлген адамдардың отбасыларына", "толық емес отбасыларға" берілуге тиіс.

Бұған қоса, ол баспана қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес анықталған кезектілік тәртібімен көп балалы отбасыларға, оның ішінде "Алтын алқамен" марапатталған, немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға да ұсынылады.

Сонымен бірге, оның қызығын жұмыс жасайтын жастар да көре алады. Бұл ретте ондай жастарға кімдер кіретіні мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті орган, яғни ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітетін "жұмыс жасайтын жастарды (жас мамандарды) қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары" аясында анықталады екен.

Әрине, аз қамтылған отбасылар өмір бойы жалдау ақысын төлегісі келмесе, басқа баспананы өз меншігіне сатып алуына да болады. Осы орайда оларға ел тарихында бұрын-соңды болмаған өте арзан ипотека ұсынылмақ. Осы мақсатта "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" 3 жыл ішінде республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд қаражат бөлініп тұрады. Оны ТҚЖБ ары қарай әлгі санаттағы отбасылардың бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді сатып алуына кредит беру үшін 2 пайыздық ипотека ретінде үлестіруге тиіс.

"ТҚЖБ шотында бастапқы жарнасы бар болған жағдайда, ТҚЖБ 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын береді. Бағдарлама қатысушылары бола алатындар қатарына: көп балалы отбасылар; толық емес отбасылар; мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар жатады" – делінген үкімет қаулысы жобасында.

Бірақ осы санаттағылар арасынан келгендердің бәріне таратпайды, олар өте арзан ипотекамен баспана алуы үшін белгілі бір талаптарға жауап беруі міндет. Нақтырақ тоқталсақ, қатысудың негізгі талаптары мынадай: ең алдымен, үміткер Қазақстан азаматы немесе оралман мәртебесі бар болуы шарт. Әйтпесе, елімізде Ресейдің азаматтығын алғанымен, ары қарай Қазақстанда тұрып және жұмыс жасап жатқан адамдар әсіресе, солтүстік және орталық облыстарда көп екені жасырын емес.

Екіншіден, дәмелі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 төменгі айлық жалақы көрсеткішінен (42 500 теңгеден) аспайтын, соңғы 6 ай бойы төленген орташа айлық табысы болуға тиіс. Ондай табысы болмаса, тіпті арзан ипотеканың өзін өтей алмай, банктің проблемалы кредитіне айналдыруы ықтимал.

Үшіншіден, ол отбасы Нұр-Сұлтанда немесе Алматыда пәтер алғысы келсе, онда осы қалаларда соңғы 2 жылдан кем емес уақыт бойы тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелуде тұруы міндет.

Жалғызбасты аналар мен әкелер отбасылары үшін "некені бұзу күнінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі" талап етіледі.

Төртіншіден, отбасы төлем қабілеттілігін растауы керек.

Бұл ретте әкімдер кейбір азаматтарға тұрғын үйді сатып алған кезде бастапқы жарнасын жабуы үшін "тұрғын үй сертификаттарын" бере алады.

"Тұрғын үй сертификаттары міндетті түрде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және жергілікті полиция қызметі саласындағы қызметкерлер мен өңірге қажетті басқа да мамандарға берілуге тиіс", – деп жазылған "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын бекіту туралы" үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" үкімет қаулысының жобасында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу