Ипотекалық бағдарламаның қайсы тиімді?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13640

Тұрғын үй нарығы прогрестен, регрестен және стагнациядан өтті.  

Ипотекалық бағдарламаның қайсы тиімді?

Статистика комитетінің мәліметінше, биыл шілде айында ел аумағында 32 465 пәтер сатылған. Соңғы бес жылда мұндай көрсеткіш болмаған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, көрсеткіш 41%-ға, ал 2016 жылдың дәл осы уақытымен қатар қойсақ, 100%-ға жақсарған.

Мамандардың мәлімдеуінше, еліміздің тұрғын үй нарығы прогрестен, регрестен және стагнациядан өткен. Яғни дамыған, баяулаған және тоқыраған.

2014-2015 жылдары құрылыс қарқыны бәсеңдеді. Алаяқ компаниялар көбейді. Үлескерлер мәселесі ушықты. Ал 2016 жылы тұрғын үй нарығындағы жағдай дұрысталып, тамырына қан жүгірді. Себебі мемлекет құрылыс компаниялары мен мердігерлерді тезге салды.

"Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ төрағасының орынбасары Талғат Байдосовтың баяндауынша, қазір мемлекет тұрғын үй нарығының көрігін қыздыру және баспанаға қолжетімділікті арттыру үшін ел азаматтарына қолайлы жағдай жасады. Бұған қолданыстағы "7-20-25", "Баспана Хит", "Орда", "Бақытты отбасы" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары негіз болып отыр.

"2018 жылға дейін екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй сатып алуға  беретін несиесінің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болды. Ал пайыздық мөлшерлемесі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарапайым халыққа баспаналы болу мүмкіндігін сыйлады. Бұған қыркүйек айында банктердің құны 72,3 млрд теңгені құрайтын ипотеканы мақұлдағаны дәлел", – деді  Талғат Байдосов.

Оның сөзінше, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар экономиканың тұтас секторларына жан бітірді. Мысалы, Қазақстан бойынша  эконом санаттағы үйлерге сұраныс артты. Құрылыстың қарқын алуына байланысты құрылысшылар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Құрылыс саласында қызмет көрсететін компаниялардың тапсырысы көбейді. 

Бұл пікірмен Colliers International Kazakhstan компаниясының басқарушы серіктесі Баян Қуатова толық келіспейді.

"Мемлекет халықтың несие алуына ықпал етуге өзі кіріскен кезде тәуекел мен жауапкершілік бар екенін ұмытпауға тиіс. Себебі "қарыз күліп келіп, жылап қайтады". Шектен тыс несиелендіру ақшаның құнсыздануына әкеледі және халықтың шынайы табысын азайтады. Шынайы табысы азайған адамның несиеге алған ақшасының жүктемесі артады. Салдарынан ел азаматтарының төлем қабілеті әлсірейді", – дейді Баян Қуатова.

Пікір білдірушінің айтуынша, еліміздегі тұрғын үй бағасы инфляцияны басып озған.

"Сұраныс пайда бола салысымен бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің бағасы шарықтап кетті. Бір рет өскен бағаның түспейтіні белгілі. Адамдар бағасы арзан ғой деп, қайталама нарықтан үй алуға да оқталады. Бірақ  "7-20-25" бағдарламасы қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді қарастырмайды. Қайталама нарықтан үй алу үшін "Баспана Хит" бағдарламасына жүгінуге болады. Бірақ оның пайыздық мөлшерлемесі жоғары", – деді Баян Қуатова.

Айта кетейік, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" ипотеканы төмен пайыздық мөлшерлемемен ұсынады. Бірақ кемінде 3 жыл банктің есепшотында ақша жинауға міндеттейді. Алғыңыз келген үйдің 50%-ын жинаған жағдайда 5, 4, тіпті 3,5 %-бен қарыз береді. Алайда пайыздық мөлшерлеме банк берген 50%-ға ғана емес, салымшы жинаған қаржыға, яғни есепшоттағы 50%-ға қосылып, 100%-ға есептеледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу