Ипотека нарығы тұрғын үй нарығын теңселтіп тұр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13730

Аймақтарда шаршы метрлердің бағасы шарықтап кетті. 

Ипотека нарығы тұрғын үй нарығын теңселтіп тұр

Ұлттық банктің дерегінше, соңғы 9 айда екінші деңгейлі банктер Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына  - 172,1 млрд, алматылықтарға  –133,4 млрд және  шығысқазақстандықтарға – 31,4 млрд теңге ипотекалық қарыз берген.

Бұл – аты аталған қалалардағы азаматтар тұрғын үй нарығының көрігін қыздырды деген сөз.

Қызылордалықтар мен ақмолалықтар үй сатып алу көрсеткіші бойынша төртінші және бесінші орынды өзара бөліскен. Қызылорда қаласының тұрғындары банк берген 7,1 млрд, ал Ақмола облысының тұрғындары 12,6 млрд теңгені үй сатып алуға жұмсаған.

Қаржы реттеушісінің мәліметінше, жыл басынан бері жеке тұлғалардың ипотекалық несие рәсімдеу көрсеткіші 1,3 трлн теңгеден 1,7 трлн теңгеге артқан.

Халықтың ипотекаға жаппай бет бұруына түрлі мемлекеттік бағдарламалар ықпал еткен.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша 12 442 өтінім мақұлданып, 142,7 млрд теңге қарыз берілді. "Баспана Хит" бағдарламасы аясында 192 млрд теңге ипотекалық несие рәсімделді", – деген ақпарат таратты ұлттық банк.

Айта кетейік, "7-20-25" бағдарламасын тиімді пайдаланғандардың көшін Ақтөбе облысының тұрғындары бастап тұр. Олар аталмыш бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктерден 6,1 млрд теңге ипотекалық қарыз алған.

Ипотекалық несие қолжетімді болған сайын пәтер бағасы шарықтап бара жатқан көрінеді. Жылжымайтын мүлік агенттігі өкілдерінің айтуынша, өткен айда Петропавл, Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Тараз қалаларында тұрғын үй бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Қымбатшылық ең әуелі Тараз қаласын қысқан. Мұнда пәтер бағасы 3,3%-ға қымбаттап, бір шаршы метрдің бағасы 167,4 мың теңгеге жеткен.  Талдықорғанда 2,5% өсім тіркеліп, бір шаршы метр 198,3 мың теңгеден сатылған. Баға Петропавлда  –1,9%-ға, Өскеменде –1, 7%-ға, Шымкентте – 0,5%-ға өскен.

Мамандардың мәлімдеуінше, тұрғын үй бағасы ешқашан тұрақты болмайды. Ол сыртқы факторларға байланысты құбылып тұрады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу