"Әйелдер ипотекасы" қаншалықты тиімді?

Сарапшылар жаңа ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру керек деп есептейді.  

"Әйелдер ипотекасы"  қаншалықты тиімді?

Күні кеше ғана жаңа жылдан бастап елімізде әйелдерге жеңілдетілген шарттармен ипотека беріледі деген ақпарат тарады. Кейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл жаңалықты растаған болатын. Жобаға Азия даму банкі 100 млн доллар қаржы бөледі. Ал ипотекалық бағдарламаның негізгі операторы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болмақ. Бұл ретте inbusiness.kz тілшісі "әйелдер ипотекасына" қатысты сарапшылар пікірін білді.

"DAMU Capital Management" бас директоры Мұрат Қастаевтің пікірінше, гендерлік теңдік тұрғысынан бұл дұрыс бастама. Алайда ол бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру керектігін айтады.

"Бүгінде ипотеканың нақты пайыздық мөлшерлемесі бекітілген жоқ. Ұлттық экономика министрі тек 12%-ға дейін деп атап өтті. Мұндай жағдайда несиені жеңілдетілген деп атауға болмайды. Себебі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отырған ең жоғары пайыздық мөлшерлеме 8,5%-ды құрайды. Ал "7-20-25" бағдарламасы аясында тіпті 7%. Сондықтан әйелдер қауымына қазіргі қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларға жүгіну тиімдірек",-дейді сарапшы.

Жалпы ипотека қанша уақытқа берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ оның 60%-ы Нұр-сұлтан мен Алматыдан тыс ауылдарда тұратын қыз-келіншектерге арналғаны белгілі. Осы орайда Мұрат Қастаев ипотека шарттары табысы жоғары әйелдерге негізделгенін айтады.

"Екі мегаполисті есептемегенде елімізде жан басына орташа табыс 87 мың теңгені құрайды. Мұнайлы өлке Атырау мен Маңғыстау облыстарын алып тастағанда жан басына шаққандағы орташа табыс 75 мың теңге болады. Ал АДБ-нің берген жалпы қарызы 38 млрд теңге. Ипотека 4 мың адамға есептелген. Онда сәйкесінше берілетін орташа қарыз сомасы 9-10 млн теңгені құрайды. Айына 50 мың теңгеден төлеуге тура келгенде борышкер негізгі қарызды 13 жыл бойы қайтарады. Ал 11-12%-дық мөлшерлемемен қарыз сомасы үш есеге артады деген сөз. Қорыта айтқанда математикалық есепке сәйкес келмейді. Осылайша аталған ипотека жоғары табыс табатын әйел адамдарға арналғанын аңғаруға болады. Ал ауыл-аймақтарда табысы жоғары қыз-келіншектер аз. Сондықтан бұл бағдарлама 13-16% нарықтық мөлшерлемемен екінші деңгейлі банктерден ипотека алайын деп отырғандардың назарына ілігіп, коммерциялық банктердің тұтынушыларын азайтады",-дейді сарапшы.

Ал Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев 12%-бен ипотека алу тиімсіз деп есептейді. Сондықтан сарапшының пікірінше, әйелдерге жеке бағдарлама емес, қолданыстағы "7-20-25" сынды жобалардың біріне жеңілдетілген бөлім қосу керек еді.

"Ипотека бар болғаны 4-5 мың азаматшаны қамтымақ. Бұл өте аз. Әрі жеңілдетілген бағдарлама үшін 12% көлеміндегі нарықтық мөлшерлеме тым жоғары. Әсіресе, ауыл әйелдеріне оны төлеу оңай болмайды. "Әйелдер ипотекасының" жалғыз ыңғайлы тұсы 15%-дық алғашқы төлем. Сондықтан жеке бағдарлама жасамай, қолданыстағы ипотекалық бағдарламалардың біріне әйелдерге арналған жеңілдетілген шарттары бар тағы бір бөлім қоса салу керек еді",-дейді Арман Бейсембаев.

Сонымен қатар сарапшы әйелдерге ипотека беру қауіпті екенін айтады.

"Бізде гендерлік теңсіздік бар. Декреттік демалыс және өзге де жағдайлармен әйелдердің жалақысы да аз. Олар қалай болғанда да әлеуметтік тұрғыдан осал. Мәселен, ипотека алды делік. Егер баласы ауырып қалса жұмысқа бармай, жалақысынан қағылады. Кейін несиесін төлей алмайды. Ал ипотеканы 10 жылдан аса уақыт өтеу керек. Сондықтан бұл ипотекалардың банкке қайтарылмай қалу ықтималдығы жоғары",-дейді халықаралық брокерлік топ сарапшысы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу